Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы басталды

Аталған есептер осыған дейін мәжіліс пен сенаттың жалпы отырыстарында талқыланған болатын. 2020 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы жаһандық дағдарысқа байланысты іскерлік белсенділіктің айтарлықтай төмендеуі жағдайында жүзеге асырылды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жалпы ішкі өнім нақты 2,6% төмендеді. Бұл негізінен карантиндік шаралардың енгізілуінен қызметтер көрсетудің 5,4% төмендеуіне байланысты болды. Дегенмен экономиканың нақты секторы 2% өскенін көрсетті.

Бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шығыстар болды. Бұл — әлеуметтік төлемдерді индекстеу, шағын және орта бизнес субъектілеріне салық ауыртпалығын төмендету, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнес жол картасы», «Еңбек» және басқа да бағдарламалар.

Бюджет түсімдері 100,3% орындалып, 12 триллион 49 миллиард теңгеге жетті. Шығыстар 98,3% игерілді және 14 триллион 234 миллиард теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 триллион теңгеге ұлғайып, 6,6 триллион теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 47%-і.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысы онлайн-форматта көрсетіліп жатыр.

ДереккөзHolanews.kz