Басты бетҚоғамБауыржан Байбектің...

Бауыржан Байбектің заңгері сот жауапкерлерге жұмсақтық танытқанын айтты

Жанболат Мамай мен Инга Иманбай сот процесі барысында өздерін дөрекі ұстап, судьяның сөзін бөліп, шу шығарды, негізінен талап арыз мәніне қатыссыз сөйледі, соттардың әділетсіздігі мен тәуелділігі туралы айтып кетті. Лайықсыз және жол беруге болмайтын мінез-құлықтарына қарамастан, сот жауапкерлерге төзімділікпен қарап, жұмсақтық танытты. Сотқа құрметсіздік танытқаны үшін судьяның Жанболат Мамайды жауапкершілікке тартуға, ал жауапкерлердің заңгерлеріне қатысты жеке ұйғарым шығаруға барлық негіздемесі бар еді деп ойлаймын, — деді Айжан Ташимова.

Бұған қоса Жанболат Мамайдың қорғану құқығын бұзды-мыс деген айыптауына қатысты пікір білдірді.

Қорғану құқығының бұзылуы туралы әңгімелер – өзінің сотта жеңіліс тапқанын ақтау бағытындағы кезекті талпыныстан басқа түк те емес. Атап айтқанда, соттың бірнеше рет еске салуына қарамастан біздің талап-арызымызға қарсылық 10 күн кешіктіріліп, алдын-ала сот отырысы қарсаңындағы жұмыс күні аяқталуға 1 сағат қалғанда ғана енгізілді. Құжаттардың екінші пакеті сотты және даудың тарабы ретінде мені ескертпестен, сот талқылауын қарау басталуға 10 минут қалғанда енгізілді. Жауапкерлердің тапсырысы бойынша маман Р.Қарымсақова дайындаған қорытындыда 10 маусым көрсетіліп тұр, яғни ол процеске дейін 4 күн бұрын дайын болған екен, — деді ол.

Сондай-ақ заңгердің айтуынша, Жанболат Мамай мен оның командасы берілген уақытта дәлелдемелерді дайындаумен емес, Бауыржан Байбек пен басқа да тұлғаларға қатысты көптеген жалған видеолар шығарумен айналысқан.