«Лука» — жас итальян режиссеры, «Оскар» сыйлығы номинанты Энрико Касаросаның алғашқы лентасы. Бұған дейін Касароса «Жоғары» және «Коконың құпиясы» мультфильмдерін кадрға бөлу суретшісі болған. «Лука» есімі әлемге әйгілі композитор Эннио Морриконеға арналған.
Сюжетте Италияның Ривьерада жағалауында кездескен екі дос Лука мен Альбертоның қызық күндері баяндалады. Бәрі жақсы-ақ, бірақ шын мәнінде олардың ешкімге айтпаған құпиясы бар. Олар — уақытын көңілді өткізіп жүрген теңіз тіршілік иелері.
Фильм кастингіне Нұр-Сұлтаннан 32 актер, соның ішінде «А.И академиясы» шығармашылық студиясынан 20 бала қатысты. Академияның үш оқушысы кастингіден өтіп, фильмнің басты кейіпкерлерін дыбыстады: Бағжан Нартайұлы (Лука), Мұхаммедәли Заманбеков (Альберто) және Динар Қалдыбай (Джулия). Дубляжға алғаш рет блогер Арай Әлімхан қатысты.
Лука өте ұялшақ әрі ақылды. Оның көп нәрсені танып-білуге деген құштарлығы қатты ұнады, — дейді Бағжан Нартайұлы.
Динар Қалдыбай Джулияны дыбыстаған кездегі қызық сәтін айтып берді.
Джулия паста жеп отырып сөйлейтін кезі бар. Сол сәтті дәл келтіру үшін ұртыма екі печенье салып берді. Бірақ печеньелер үлкен болғандықтан аузым толып, сөйлей алмай кеттім. Сосын оларды ақырын тістеп, кішірейттім де паста жеп отырған Джулияны дыбыстадым. Джулиямен ұқсастығымыз өте көп. Ол пысық, мен де пысықпын. Ол қара, мен де. Өзгелердің көңіл-күйін көтеріп жүреді, мен де сондаймын, — дейді Динар Қалдыбай.
Мультфильмнің дубляж режиссеры Назерке Леспекқызы фильмді дыбыстауға жаңа актерлар іздегенін айтады.
Бұл мультфильмді дыбыстауға барынша жаңа дауыс іздедім. Өйткені бұрыннан таныс дауыстан гөрі дубляж актерларын жан-жақтан іздесек фильм қызығырақ болады. Басқа адамдар да бағын сынап көруі керек деп ойлаймын, — дейді ол.
Бала шаршай бастағанда оны ойын бөлмесіне жібереді. Қасына Назерке Леспекқызы немесе дыбыс режиссеры барып, көңілін аулапты. Олар ойыннан кейін баланың миы тынығып, энергиясы толып келетінін айтады. Сосын қайтадан дубляжды жалғастырады.
Луканың ролін сомдап жатқанда эмоциясы бар сәт болды. Сол кезді Бағжан көзіне жас алып тұрып ойнады. Риза болдым. Динардың актерлық шеберлігі керемет. Фильмдерді, мультфильмдерді қазақша көруді өзімізден бастайық, — дейді Назерке Леспекқызы.
Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жатық түрде аударылды. Кейіпкерлер сөзі, әзілінде жергілікті мәдениет ерекшелігі ескерілді. Мысалы, «Отпен ойнап жүрміз», «Аузыңа май, астыңа тай» және тағы басқа қазақша фразеологизмдер қолданылды. Ал көріністің бірінде қазнетте кеңінен таралған «Жұмабектің бажасы» тіркесі қолданылған. Фильмнің дубляж режиссеры Назерке Леспекқызының айтуынша осындай ұсақ-түйектер арқылы фильм балаларға ғана емес ересек адамдарға да түсінікті әрі қызық болады.
Қазақстан кинотеатрларында фильм 17 маусымда қазақ және орыс тілдерінде шыға бастады. Ал кейін «Луканы» IVI онлайн-кинотеатрында қазақ тілінде көруге болады.
10 жыл бұрын маусым айында ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне дубляждалған Disney студиясының анимациялық фильмі алғаш рет қазақстандық кинопрокатқа шықты. Олар «Көліктер 2», «Өзіңнен баста» мульфильмдері еді. 2011 жылдан бері Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures және тағы басқа жетекші әлемдік киностудиялардың қазақ тіліне дубляждалған 36 фильмі Қазақстан кинотеатрларында көрсетілді.
Pixar студиясының жаңа біртума мультфильмі «Лука» – қоржындағы 37-ші фильм. Отбасымен бірге көруге арналған Голливуд киностудиялары фильмдерін қазақ тіліне дубляждау — «Болашақ» корпоратив қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасы. Жобаға 10 жыл бойы қазақстандық бизнес қолдау көрсетіп келеді.
«Луканың» трейлері: