Екі жыл бұрын жолдасым тастап кеткеннен кейін, Қарағайлы ықшам ауданына көшіп келдім. Бұған дейін отбасымызбен Қаскелең жақта тұрдық. Кенже балама аяғым ауыр кезде Алма-Арасанда жұмыс істеп жүрген едім. Сол себепті жақын маң деп, осы ауданнан пәтер жалдадық. Қазіргі уақытта балаларға қарап отырғандықтан, мен үйден шыға алмаймын. Үлкен қызым ғана жұмыс істейді. Оның үстіне тұрақты жұмысы жоқ. Үй жинап ақша табатын. 2001 жылғы қызым Толқын сабақтан қолы босаса, Сымбатқа көмектеседі. Қазір үлкенім осы аудандағы бір отбасының екі баласын бағады. Иелерінде жұмыс болмаса, Сымбатта жұмыс та, табыс та жоқ. Үлкен қызым жеті балалы үйді жалғыз өзі асырап отыр. Бар жүкті бір өзіне арқалап жүру оңай емес. Жұмыстан қатты шаршайды, кейде ауырып қалады. Сол кезде бала-шағамызбен қоса жанымыз шырқырап ауырады.
Мемлекеттен берілетін жәрдемақы көлемі — 13 526 теңге. Пәтер жалдап тұрамыз. Оның құны — 25 мың теңге. Су, жарық ақысы бөлек төленеді. Үй ішіндегі заттардың барлығы үй иелерінікі. Бір жыл бұрын басқа үйде тұрдық. Ол үй суық болатын. Ал мына үйді жақында иелеріміз сатылымға қойды. Кейде алушылар келіп үйді көріп кетеді. Біз «үй сатылмаса екен» деп тілеп, іштей қимаймыз. Келгенімізде бұл үй қора кейіпінде болатын. Балаларымызбен бірге жүріп, тазалап кіріп алдық. Үйдің іші жарқырап тұрмаса да, мектептің жақын маңда орналасқандығы қуантады. Себебі төрт балам – оқушы.
Соңғы тоқсанда балаларым сабақтан көп қалды. Үйді пешпен жылытамыз. Оған отын қажет. Үйдің суықтығынан балаларым бірінен кейін бірі ауырып, мектепке бара алмады. Жедел жәрдем шақырған кезіміз де болды.
9 жастағы үшінші қызым Жұлдыз биылдан бастап қатты ауырып, денелеріне бөртпелер шығып кетті. Дәрігерлер «псориаз» деген диагноз қойды. Өз-өзіне қарап шошынған қызымның дерті өрши берді. Оны емдейтін ақшам жоқ. Бар қаражатымды дәріге, емге жұмсап отырдым. Сөйтсем, менің әлеуметтік тұрмыс жағдайыма байланысты тегін ем алуға болады екен. Дәрігерлер біліп тұрса да, мені ақылы бөлімге жіберген. Мұны кейіннен білдім. Бірақ ол уақытқа дейін талай ақшамды Жұлдыздың еміне жұмсаған едім. Бұл бүкіл бала шағамның ризығы болатын.
Туысқандарыммен араласып тұрамын. Үйде 6 ағайынды едік. Әкем мен ағам қайтыс болды. Анам қазір мүгедек. Олардың бізге көмектесетіндей өздерінің де жағдайлары жоқ. Жолдасым Семей жақта. Басқа отбасын құрып алған. Әке-шешесі де бар. Бірақ ешқайсы хабарласпайды, байланысты түбегейлі үзген. Қаскелең сотына жүгінген едім. Олар алиментті төлету үшін құжаттар жинау керектігін айтып, олардың тізімін берді. Тізімде жолдасымның тұрғылықты мекен-жайы керек екендігі жазылған. Оған хабарласқанымда телефонды өзі емес, әйелі алды. «Жеті баланы бірдей ешкім тап деген жоқ, жайыңмен жүр», — деп дүрсе қоя берді. Одан кейін хабарласпадым.
Қателеспесем, осыдан бір жыл бұрын 8 наурыз мейрамы қарсаңында 31-арна келіп түсіріп, эфирден берді. Оны көрген студенттер келіп, азық-түлік, киім-кешектер берді. Ұлболсын деген келіншек тәтесімен келіп, жәрдем көрсетті. Олардан өзге ешкім хабарласпады…
Үйдің үлкен қызы Сымбат Сәрсенбаеваның тапқан табысы пәтерақыға жұмсалады, қалғанына азық-түлік алынады. Көп балалы отбасына көмек берем деушілерге:
Керек көмек: Псориаз диагнозы қойылған Жұлдыздың еміне қаржылай көмек, құжаттарды жөндеу, азық-түлік, киім-кешек қажет.
Мекен-жайы: Қарағайлы ықшам ауданы, Розыбакиев көшесі, №2 үй
Ұялы байланыс: 8702-137-67-34 — Шынар Сәрсембаева