Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, дүниежүзіндегі пандемия барлық саланың дамуына әсер етпей қоймады. Әсіресе, білім саласы үшін күрделі жыл болды. Алайда министр педагогтар мен ата-аналардың арқасында оқу жылы сәтті аяқталды деп есептейді.

Барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы бітті. Десек те пандемия салдарын түзеу үшін және білім саласын арттыру үшін 19 маусымға дейін жазғы мектептерді ұйымдастырдық, — дейді министр.

Бүгінде педагог мәртебесі қандай дәрежеде?

Елімізде 20 мың білім беру ұйымы, 6 миллионнан астам оқушы және 540 мыңнан астам педагог бар. Бұл — халық санының үштен бір бөлігі. Білім және ғылым министрінің айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заң шеңбері аясында мұғалімдердің жалақысы артты. Аталған көрсеткіш 2025 жылға қарай тағы да екі есе көбейеді. Бұл мақсатты орындауға бюджеттен 5 триллион 300 миллиард теңге бөлінді. Алдағы үш жылда тағы қосымша шамамен 2 триллион қаражат бөлу жоспарда бар. Тәлімгерлікпен, ұйымдастырумен айналысып жүрген оқытушыларға қосымша 17 мың үстемақы, магистратураны бітірген мұғалімдерге ай сайын 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде қаражат беріледі.

Мұның барлығы — мемлекеттегі білім және ғылым саласын арттыру, педагог мәртебесін көтеру мақсатында істелініп жатқан жұмыс, — дейді министр.

Сонымен бірге министр педагог құқығына да баса назар аударылып жатқанын айтады. Оның айтуынша, қазір мұғалімдерде бұрынғыдай қағазбастылық мәселесі жоқ. Ұстаздар тек электрон журнал мен сабақ жоспарын ғана толтырады.

Мұғалімдер өз жұмысына қатысы жоқ іспен айналыспайды. Әр аймақта педагог этикасын қадағалайтын кеңесі құрылды, — дейді ол.

Болашақ педагогтарға қандай талап қойылады?

Сонымен бірге болашақ педагогтарға да талап күшейтілді. Енді педагогика саласын таңдайтын мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден кемінде 75 балл жинауы қажет. Есесіне оқуға түссе, басқа мамандық студенттеріне қарағанда екі есе шәкіртақы алады.

Педагог мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақасы екі есе өсті. Біз педагогика мамандығына мектептің ең үздік түлектері оқуға түскенін қалаймыз. Бұрын педагогика мамандығын таңдаушылардың ҰБТ-дағы орташа баллы 60 болса, қазір ол көрсеткіш 90-ға жетті. Дәл осы мамандықты таңдаған «алтын белгі» иегерлерінің де саны екі есе артты. Бұл сандар енгізілген жаңа реформаның арқасында тек мықтылар педагог болуға ұмтылып жатқанын білдіреді, — дейді Асхат Аймағамбетов.

2021 жылдан бастап педагогика мамандығын бітірген түлектер өз мамандығы бойынша жұмысқа қабылданбас бұрын міндетті түрде сертификаттаудан өтетін болады.

Арнайы сертификаттаудан өтіп, өз біліктілігін дәлелдеген соң ғана жұмысқа орналасады. Кейін өз білімін тәжірибеде көрсететін болады. Жалпы мұның бәрі елдегі мұғалімдердің мәртебесі, білім саласы үшін жасалынып жатқан іс-шара. Дегенмен педагог мәртебесі бір жұмыс немесе бір заңмен шешілетін дүние емес. Ол — ауқымды жұмыс. Сол себепті алда әлі талай жұмыс атқарылуы қажет, — дейді Асхат Аймағамбетов.