«Менің бар білерім, әлі күнге дейін от жағушыны таба алмауда. Іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүруде», — деді әкім Сержан Аймақов журналистерге берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минут шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Үйдің құлауына 4-ші подъездің жертөлесінде орналасқан қазандықтың жарылуы себеп болған.
Қираған үйдің үйінділерінен 9 адамның мәйіті табылды. Олардың 3-уі ер адам, 3-уі әйел адам, тағы үшеуі балалар. Құлаған үй 1987 жылы салынған. Апат болған подъезде 10 пәтер болған. Әкімдіктің мәліметтері бойынша, үйде 118 адам тұрып жатқан. Құлаған подъезде 25 тұрғын, қонақтарды қоса алғанда шамамен 30 адам болған.
Шахандықтар орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан жылу мәселесін өздері шешкен. Билік өкілдерінің мәліметтерінше, жаңа қазандық салу жоспары 2013 жылға қойылған. Жоба-сметалық құжаттар дайындалғанымен қаржы мәселесі қолбайлау болып келген.