Белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайға қатысты сот отырысында сөз алған Айжан Тәшенова сотқа беруші Бауыржан Байбектің заңды өкілі ретінде екі айдан бері ерлі-зайыптыдан нақты дәлел ала алмағанын мәлімдеді. Олар ұсынған 2 мың беттік жауап тек әлеуметтік желідегі жазбалардан, БАҚ бетіндегі мақалалардан және анонимді телеграм-каналдар мен YouTube-каналдарға сілтемелерден тұрады және ресми құжаттармен расталмаған.
Заңгердің пікірінше, ерлі-зайыптыларда нақты дәлел болмағандықтан сотқа пайдасыз қағаздар алып келіп, процесті созбалаңға салуда.
«Ал Бауыржан Байбек заңды құқығын пайдаланып, сотқа Мамай мен Иманбайдың айтқанын жоққа шығаратын әкімдіктің 20 қаулысын, ресми құжаттар ұсынды», — деді А.Тәшенова.
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сотқа шағым түсірген уақыттан, яғни 30 сәуірден бері Жанболат Мамай тағы 13 видео әзірлеп жариялаған.