Сағаты жоқ үйде тұратын балалар мектепке сериал уақытымен баратын…

2013 жылы инспектор қызметіне алғаш тағайындалғанымда мынадай ерекше оқиғаға куә болдым. Анасы жоқ оқушы екі бала бар еді. Олардың алдындағы бауыры кәмелетке толып кеткен, сотталып, түрмеге түсіпті. Жаңағы балалар маскүнем әкесімен тұрады. Үлкендерден күтім жоқ. Сондықтан мектепке өздері барады.

Қыс, дала суық. Үй қаланың шетінде, саяжайда. Бұлардың тіпті сағаты жоқ болатын. Сол себепті екі бала күнде таңертең оянып, теледидарды қосады екен. Себебі бағдарламада сериал бар. Сол басталғанда екеуі жаяулап сабаққа кетеді. Уақытты осылай біліп жүріпті.

Екеуі де бастауыш класта оқиды. Бір күні мектептен соларды іздеп хабарласты. Сабаққа келмегеніне бірнеше күн болған. Содан жаңағы үйге бардық. Әкесі есікті құлыптап алған. Балалар бізді естісе де, үндемейді. Мұндай кезде кез келген бала ата-анасын жамандыққа қимайды, есікті ашпайды. Кішкентай терезеден қарасақ, әкесі ұйықтап жатыр, ал балалар суық үйде бүрісіп, тоңып отыр. Сол терезеден балаларды шығарып алдық. Артынан балаларды бейімдеу орталығына жібердік те, ересек адамға ем тағайындадық. Бірақ әкесі балаларының жоқтығын пайдаланып, ішуін тоқтатпады.

Біраз уақыт өткен соң осы отбасының үлкен ұлы бостандыққа шықты. Екі інісін әкесінің қолхатымен орталықтан бір аптаға сұрап алды. Бірақ қатаң бақылауда болған еді. Сол аптаның ішінде үлкен ағасының да ішімдікке салынғанын, мына екі балаға мүлдем қарамайтынын байқадық. Соңында әкесін ата-ана құқығынан айырдық. Ал ағасы қайта түрмеге түсті. Інілері балалар үйіне ауысты. Осының бәрі бір жылда болды. Екеуіне әлі де барып тұрамын. Қазір ержетіп қалды ғой. Әкесі де, ағасы да хабарласпайды екен, іздемепті. Бәрі көз алдымда болған соң сол екі баланың жағдайын сұраймын, олар үшін алаңдаймын. Әкесін де, өздерін де аяйсың. Бірақ өз баласына қолайсыз орта жасағаны үшін қатаң жазаға баруға тура келеді.

Кейде балалар оп-оңай жетім болып қалады

Қаламызда «Аяла» балаларды бейімдеу орталығы бар. Ата-анасы маскүнем, жүргіш я мүлдем балаға қарамайтын отбасының баласы есепке алынады. Үш ай бақылауда болады. Осы уақытта ата-анаға ескерту жасалады, жұмыс ұсынылады, ем тағайындалады, психологпен сөйлесуге мүмкіндік беріледі. Мұндай профилактикадан нәтиже шықпаса, бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін айыппұл саламыз. Бұдан да еш нәтиже болмаса, ересектер ата-ана құқығынан айырылады. Бірақ соның өзінде алты айда қалыпқа келіп, дұрысталып жатса, баланы қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Бұл комиссия қорытындысының негізінде жасалады. Мұндай шешім тек біздің құзырымызда емес. Білім бөлімі де, сот та араласады. Әке-шеше дұрысталмаса, бала оп-оңай балалар үйіне өтеді.

Тәжірибемде тіпті үш жасар баласы мен құндақтағы нәрестесіне қарамай кеткен ата-ана болды. Ол екі баланы кейін басқа отбасы асырап алды. Әлі күнге дейін алаңдап, жағдайын сұрап тұрамыз.

Баласына қоқан-лоқы көрсететін, зорлау әрекеттеріне барған отбасының бүлдіршіндері тасада қалмайды. Мұндай жағдайда дереу шара қолданып, бала қауіпсіз ортаға көшіріледі. Зорлық көргені расталса, жәбірлеушіні уақытша ұстау изоляциясына жабады. Ал бала анасымен немесе өзге сенімді отбасы мүшесімен қалады. Әлі ештеңе дәлелденбеген болса, баланы уақытша бейімдеу орталығына жеткіземіз. Бірақ мұнда ол ата-анасымен, жақындарымен кездесіп тұрады.

Қауіпсіздік саласында тек полицей емес, психолог та болуға тура келеді. Баланың психикасын, мінез-құлқын тануға, онымен тіл табысуға тырысамыз. Болашақ ана ретінде маған мамандығымның осы тұсы пайдалы. Ересектерді полицейлер тергесе, кәмелетке толмаған баламен психолог арқылы сөйлесеміз, неге бұзықтық жасағанын сұраймыз. Қазір отбасыда жанжал көп болады. Соның кесірінен балалар қараусыз, қиын жағдайда қалады. Біздің жұмысымыз — осындай сәтте балаға көмектесу ғана емес, мұндай жағдайдың алдын-алу, болдырмау.

Ботакөз Жалекешова
Ботакөз Жалекешова. Фото жеке архивінен

Балалар ұрлыққа білместіктен, бір нәрсеге қызығып барады

Қазір кәмелетке толмаған балалар ұрлық көп жасайды. Телефон ұрлау бірінші орында. Смартфон бәрінің қолында бар, соған балалар да қызығады. Ұл-қызына смартфон алып бере алмайтын отбасылар бар ғой. Кей ата-ана баласына телефон алып берсе, кластастары оны көреді, «Менде де болса екен» дейді. Сондай ойдың жетегінде жүріп ұрлыққа барады. Тіпті ұрламаса да, досынан гаджетін сұрап алып кетеді. «Ойнай тұрайын, сосын беремін» деуі мүмкін. Кейде балада жаман ой болмайды. Бірақ сырт көзге, мүлкінен айрылған баланың ата-анасына ұрлық жасалғандай болып тұрады. Сосын олар арыз жазады, мектепке бізді шақырады.

Бала көбіне қылмысқа қызығушылықтан, білместіктен барады. Ата-анасының назарын аударғысы келсе, үйінен қашуы мүмкін. Себебі толық отбасылардың баласы уақыты тығыз ата-анасын көп көрмегеннен олардың назарына іліккісі келіп, үйінен кетеді. Ата-анасынан мейірім көрмеген соң «Олар мені жақсы көрмейді» деп ойлауы мүмкін. Содан көшеде жүреді, ойын-cауық орталығына барады. Пандемияға байланысты қазір көбіне жоғалған баланы саябақтан табамыз.

Ата-ана 102-ге хабарласып, баласының жоғалғанын айтқанда бірден білім беру мекемесіне тартамыз. Осы ретте баланы табуға мектебі көп көмектеседі. Себебі мұғалімдер баланың психикасын біледі, достары біраз ақпарат айта алады. Ол болмаса, туыстарына хабарласамыз. Өз үйінен қашып, жақындарын іздеп, туыстарын паналауы әбден мүмкін. Бала табылған соң онымен психолог әңгімелеседі.

Сонымен қатар сырттан қалаға оқуға келген балалар да электрон бұйымдарды ұрлайды. Ақшадан қиналғанда оңай жолмен олжалы боламын деп от басады. «Смартфон ұрлап, бірден сатып жіберемін, ақша табамын, ал мені байқамай қалады» деп үміттенеді.

Жаз келгелі велосипед ұрлығы жиілеп жатыр. Бұл жерде велосипед иесінің де кінәсі бар. Кез келген жерге тастап, қойып, ұмытып кетеді. Баланың аты бала емес пе? Велосипедке қызығып, иесі болмаған соң өзім тауып алдым деп ойлайды, ересектерге де солай айтады.

Мен жұмыс істеген жылдары кәмелетке толмағандардың арасында адам өлтірген оқиға болмады. Адам өлімі өте ауыр қылмысқа жатады.

Түрлі адам, түрлі бала бар. Кей оқушы қаңғыбастыққа бейім. Қайта-қайта тауып, үйіне апарсаң да, қашып кетеді. Кей отбасы өз баласы болмаған соң асырап алады ғой. Сол баламен тіл табыса алмай, қиындықтарға ұшырайды. Ондай отбасыда мейірім көрмеген бала тағы қашады.

Бірақ баланың жоғалуын тек негативпен қабылдамау керек. Кейде бала ойнап жүріп, қасындағыларға еріп, қызығына кіріп, үйден көз жазып қалады. Тұрғылықты жерінен алыстап кеткен соң үйіне қайта алмай қалуы мүмкін. Ал полиция «Бала жоғалды» деп бүкіл облысқа дабыл қағамыз.

Қылмысқа бірнеше рет барған бала арнайы орталыққа жіберіледі

Бұзықтықты көп жасайтын балаларды Семейдегі балаларды тәрбиелейтін арнайы орталыққа жібереміз. Онда бір жыл тұрады, оқиды, психологпен сөйлеседі. Себебі кез келген адам қылмысқа жайдан-жай бармайды. Психологтар баланың ұрлық жасауына не себеп болғанын анықтауға тырысып, болашақ қылмыскерге айналып кетпеуіне көмектеседі. Сосын бала оралып, бұрынғы өміріне оралады.

Жыл ішінде үш рет қылмыс жасаса, әкімдік жанындағы комиссияға саламыз. Ескерту де жасалады. Енді қылмыс жасаса, тәртіптік жазаға тартылатынын айтамыз. Қылмыстық кодекстің 127-бабы бойынша бала тәртіптік жазаға тартылады. Ол бойынша ата-ана балаға қарамағаны үшін 7 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Бұдан кейін баланың тәртібі оңалмаса, Семейге жібереміз. Ол жақтан балалар әдетте тәртібі дұрысталып келеді. Менің тәжірибемде балаларды арнайы тәрбиелейтін орталыққа жеті бала жіберілді. Оның бәрі оң нәтиже көрсетті, қайта қылмыс жасаған жоқ. 18 жасқа дейін балаға бұдан артық жаза қолданылмайды. Олар ата-анасының қарауында болғандықтан ескерту, айыппұл салу және арнайы орталыққа жіберіп қана тәртібіне араласа аламыз.

Ботакөз Жалекешова
Ботакөз Жалекешова. Фото жеке архивінен

Қауіпсіз ортада өскен бала болашақта бейбіт өмірдің жанашыры болады

Бұрынырақта әр аумақта, мектепте инспектор болмайтын. Қазір полиция инспекторы бар. Соған қарап, осы күні баланың құқығы салыстырмалы түрде жақсырақ қорғалатынын байқаймын. Бұл жерде полицияның ғана емес, бала құқығымен айналысатын ұйымдардың, психологтар мен мектеп мұғалімдерінің де үлесі бар. Осы бастан баланы қауіпті жағдайлардан қорғап, біліміне көңіл бөліп өсірсек, кейін ол әр адамның қауіпсіздігіне жанашыр азамат болып өседі деп ойлаймын.

Біздің салада мынау ер адам, анау қыз бала деп бөлмейді. Жұмыстың қиындығын да, қызығын да тең көреміз. Тәжірибемде әділетсіздік болмапты. Тіпті әріптесіміздің баласы бірдеңеге ұшыраса, ескерту жасалады, шара қолданылады. Жедел шара қолдану қажет болғанда, төтенше жағдайда қосымша жасақты, әріптестерімізді көмекке шақырамыз. Біздің жұмысымызда ең маңыздысы — баланың құқығы, оның қауіпсіз ортада өсуі.

Жұмыс 20.00-ге дейін жалғасады. Кей күндері 23.00-ден кейін көшеде жүрген оқушыларды бақылау үшін рейдке шығамыз. Мұндайда бала бізді көрсе, қаша бастайды.

Бір рет түнгі рейдте қызық болды. Түнде жүрген екі бала полицейден, яғни бізден қашамыз деп, өзіміздің көлікке жапа тармағай мініп алды. «Апай, бізді үйге апарып тастаңызшы» дейді. Үйге жеткізіп салғанымызбен, бәрібір ата-анасына ескерту жасалды, түнде жүргені жазылды. Түнде осылай екі рет ұсталса, оқушының ата-анасы 30 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді.

Кез келген жұмыстың қиын тұсы болады ғой. Полиция өзім қалап келген қызмет болғандықтан оның қиындығын айтып отыру да ыңғайсыз. Таңнан кешке дейін жүрсек те, баланың құқығын қорғап жатқанымыз қуантады. Керісінше осы іске уақытымды жұмсауға қиналмаймын.