«Қандай заманда, қай қоғамда болмасын, адам үшін ең қымбаты, басты байлығы — өмірі, бостандығы, денсаулығы. Осынау үш құндылықтың парқы мен нарқы айрықша сезілген заман — тоталитарлық дәуірлер. Әбілқайыр мен Абылай хандар тұсында әлі күшіне ене қоймаған отарлаушының кейбір жүгенсіздігі, әділетсіздігі, жымысқы саяси ойыны ауық-ауық наразылық туғызса, XIX-XX ғасырлар басында Исатай мен Махамбет, Амангелді мен Бекболат көтерілістері барысында локальді қуғын-сүргінге ұласты. Тоталитарлық билік оған жалпы мемлекеттік, тұтас аумақтық, баршаға бірдей қолдану сипатын берді.
XVIII-XX ғасырлар шегінде табиғи, айыруға жатпайтын құқықтар тапталғандықтан, болашағынан, өмірі мен бостандығынан айрылуға шақ қалған қазақ халқы жер бетінен жойылып кетпеу үшін ұлт-азаттық қозғалысын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Ендеше, Қазақстан тарихының академиялық нұсқасын жаңаша жазуға кіріскен отандық тарих ғылымының басты міндеті – жаңалық ашуға, ақиқатты айтуға жеткізетін методологиялық ұстанымын айқындап алу.
Қазақ топырағындағы ұлт-азаттық қозғалыстың және қуғын-сүргіннің мәнін, кезеңдерін, жағымды-жағымсыз ерекшеліктерін, әлемдік үдеріспен ықпалдастығын, тұлғалық, өркениеттік, құрлықтық, өңірлік қырларын, басқа да толып жатқан құрамдас бөліктерін тарих зерттеуіне, философиясына, методологиясына айналдырмай, еуропацентристік, материалистік, мифтік көзқарастардан айрылу жоқ.
Отарлық кеңестік дәуірдегі тарихшылар Бекмахановтан кейін ұлт-азаттық қозғалысына бара бермеді. Революцияны, социализмді мақтаудан жарыс, айтыс басталды. Түйіп келгенде, социалистік жүйені, коммунистік партия мен идеологияны, кеңестік атаулыны жер-көкке сыйғызбай мақтау, ақпаратқа, шетелге шығуға, тағы басқаларға қисынсыз тыйым салу ұлттық сананы бұғаулау, тоталитаризмнің қылмысын, оның ішінде саяси қуғын-сүргінді жасыру қажеттілігінен туындады.
Қазақстандағы қуғын-сүргіннің бірінші кезеңі, меніңше, 1917-1928 жылдар. Бұл – үлкен террорға, үлкен қасіретке, үлкен апатқа апарған дайындық кезеңі.
1918 жылдың тамызында Қошке Кемеңгеров деген үлкен ойшыл азаматтың жездесі, прогрессив көңіл-күйдегі Отыншы Әлжановты большевиктер өлтіріп кетеді. Соған Қошкенің мынадай жазғаны бар: «Жаңа гүлденіп келе жатқан Алаштың көшбасшы азаматтарға өте мұқтар уақытында қанішер, жендет большевиктердің қолынан мезгілсіз қаза таптың. Ертеден ел қамын ойлап, Алаш тілегін қолыңа шырақ қылып ұстап едің, сол шырақтан өміріңнің ақтық сағатына шейін айрылмадың». Бұл Отыншы Әлжановқа ғана айтылған сөз емес. Мұны біз бүкіл қазақ зиялысына бағыталған қуғын-сүргіннің бірінші қадамы ретінде қабылдасақ болар.
Екінші кезең – 1929-53 жылдар. Қуғын-сүргіннің ең шарықтау шыңы. Бұл кездегі үлкен апат, яғни 30-жылдардың басындағы ашаршылық қазақтың жартысын алып кетті. Мақаш Тәтімовтоың есебі бойынша, ашаршылықтан қазақтың 50%-і қырылса, қазір бұл тақырыппен дүниені шулатып жүрген украиндардың 16%-і өліпті. Украиндар «он алтымыздан айрылдық» дейді, ал біз елу пайызымыздан айрылып отырып, үйдің ішінде күмпілдейміз. Мұны әлемге жаю керек.
Үшінші кезең – 1951-1991 жылдар. Бұл уақытта қуғын-сүргіннің қатігездігі төмендеді, бірақ тоқтаған жоқ. Соңғы құрбандарымыз – Қайраттар, Ләззаттар.
Бізде қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың 1993 жылғы Заңы бар. Ол отыз жылдың ішінде өз ресурсын тауысты деп айтуға болады. Былтыр осы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев толық ақтау деген мәселені көтерді. Бұл жолғы қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың ерекшелігі – осы толық ақтауды жүзеге асыруға ұмтылатыны. Бізде ақталмай қалған 10-20 мың емес, жүздеген мың адам тұр.
Маған осы бір шаруа баяу жүріп жатқандай көрінеді. Салыстырып көрейікші, 1988 жыл мен 1990 жылдың аралығында КСРО кезінде бір ғана Қазақстанда 19 мың адам ақталды. Ал мына бір жыл бойы әлі бір адам ақталған жоқ. Мұның себебі неде? Басты себеп, меніңше, саяси жаңа құжат-шешім қабылданбай тұр. Ол шешім 1993 жылғы Заңды өзінің міндетін атқарды деп танып, жаңа заң қабылдаумен жүзеге асуы керек.
Осы істің басында жүрген азаматтар, яғни нақты шешім қабылдауға өкілеттігі барлар Қазақстанда қуғын-сүргін тарихнамасы, тәжірибесі өте бай екенін ескере бермейді. 1992 жылы Парламентте Манаш Қозыбаев бастаған комиссия ғажап құжат дайындады. Сол бойынша 90-жылдардың басында Желтоқсан көтерілісіне байланысты Президенттің тамаша указы шықты. Яғни біздің қоғам сондай үлкен шешімді дайындауға, оны билікке ұсынуға даяр.
Сол тарихнама, сол тәжірибеге сүйеніп, қазірдің өзінде қуғын-сүргін қасіреті, зардабы, қылмысы, бастаулары, сипаты, ерекшеліктері жайлы жаңа, байтақ пайым-тұжырым, қорытынды даярлауға мүмкіншілік бар.
Үшінші ұсынысым. Бізде «бәрін жаңадан, басынан бастаймын, бұл жолы осы тамтығын қалдырмай істеп тастаймын» деген бір ұғым бар сияқты. Болмайды. Бұған тындырылған істің қорытындысын біз жоққа шығара алмаймыз.
Төртінші ұсынысым. Қуғын-сүргінге байланысты құжат-шешім, барлық шаруаны шетел емес, өзіміз атқаруымыз керек. Және атқара аламыз. Қазір «Америкада да, Еуропада да отырдым» деп мақтанатындар бар. Ал біздегі қуғын-сүргін құжаттарының кем дегенде 90%-і өзімізде жатыр. Және бізден артық бұл проблеманы білетін маман жоқ. Уиткрофф деген Австралиядан келген азаматтармен де, Камеронмен де сөйлестім. Олар біздің білгеннің оннан бірін де білмейді. Уиткрофф картасын көрсетеді: басты мақсаты көп адам өлген өңірлерді қараға, одан аздау болса, сарыға, одан да аз болса, жасылға бояп қою екен. Қазақ қырылып қалды, осындай сұмдық апатқа ұшырады деген сөз жоқ.
Олар біз сияқты, Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев секілді ақтарып, жер-жебіріне жеткізіп жұмыс істеп жатқан жоқ, солай істеуге мүмкіншілігі де жоқ, қазақ тілін де білмейді. Ал қырғынға ұшыраған қазақ қой. Міне, жақында ғана Тараз өңірі ашаршылықтан қырылған халық туралы естелік жинағының екінші томын шығарды. Ғажап құжаттар. Ал олар оның бір әрпін оқи алмайды.
Сол себепті осы қуғын-сүргінге, ашаршылыққа қатысты «шетелге барып қатырамын, шетелден сұмдықтарды тауып алып келемін» деген сөз – біріншіден, мәселені білмейтін, екіншіден, Үкіметтің, мемлекеттің есебінен саяхат құрғысы келетін адамның есебі. Өз ресурстарымызбен, мамандарымызбен, деректерімізбен бұл мәселені әлемдік деңгейде шеше аламыз, күн тәртібіне қоя аламыз.
Бесінші ұсынысым. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды мына топтарға байланысты жүргізіп, жалғастыру керек:
- Кәмпескеге ұшырағандар. Мыңға жуық адам кәмпескеге ұшырады, олардың бар кінәсі бай, малды болғаны. Мылтық ұстаған жоқ, үкіметке қарсы шығып, біреуді қырып-жойған жоқ. Осыны біле тұра, неге ақтай салмаймыз? «Кәмпескеге ұшырағандар ақталады» деген бір жол жеткілікті.
- Халық көтерілісіне қатысқаны үшін жазаланғандар. Бұларды да сөзбұйдаға салмай, ақтап жіберуге болады. Өйткені шаңырағыңды ойрандап жатса, бұлар қолына қару алмағанда, не алуы керек еді?
- Жазықсыз жапа шеккен дін иелері. Молда болғаны үшін, сәлде таққаны үшін оны қудалады.
- Ата-анасы халық жауы атанғанп, үйінен айрылып, АЛЖИР-ге қуылғандар. Ол жақта (АЛЖИР – ред.) жүргенде туған балалар бар. Оларды білемін. Зар еңірейді. «Кінәм не еді? Мені неге ақтамайды, жапа шегуші деп неге танымайды?» дейді.
Осы төрт қауымды ақтау — біздің борышымыз. Созатын шаруа емес. Қатары сиреп бара жатыр, таусылды деуге болады. Жапа шеккендермен сөйлесемін. Сондай айтатындары – «Ең болмаса, бізді дұрыс больница-поликлиникаға тіркеп қойса, дәрі-дәрмегімізге көмектессе». Дұрыс сөз ғой енді.
Келесі ұсынысым. Қазақстан қуғын-сүргін ошағы болғандықтан, Қуғын-сүргін ғылыми зерттеу институтын ашу керек. Ол Қарағандыда болу керек. Өйткені Қарағанды – КарЛАГ-тың отаны. Орталық Қазақстан ашаршылықтан ең ауыр жапа шеккен өңір. Және мұнда қуғын-сүргінмен, ашаршылықпен айналысқан тамаша ғалымдар мектебі тұр. Университет тұр. Ұйымды Алматыдан, астанадан демей, Қарағандыда ашу керек және ол тез арада жұмысын бастау керек.
Осындай шаруаларды атқарсақ, менің ойымша, біз тарих ғылымында методологиялық бетбұрыс жасаймыз. Методология өзгермей, ғылымымыз өзгермейді. Методологияны өзгертсек, ұлттық мемлекеттік мүддеге жегілсе, ғылымымыз да, тарихи санамыз да, әділеттілігіміз де орнына келуге жағдай туады деп есептеймін».