12 маусымда Сайрам-Өгем шатқалынан тағы бір мәйіт табылды. Өгем өзенінің көпірінің сол жағынан Азартеке жотасына дейінгі бағыттарда іздестіру кезінде Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Түркістан облысындағы Мақпалсайдан мәйітті тапты, — деді Уәли.
Оның айтуынша, шатқал теңіз деңгейінен мың метр биіктікте орналасқан.
Еске салайық, Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 112 пультіне 25 мамырда сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер “Сары-Айғыр” шатқалына жаяу бет алған болатын. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.
28 мамырда Қазавиақұтқару тікұшағымен әуеден барлау барысында жоғалған жеті жігіттің үшеуі табылды. Ал 29 мамырда Өгем өзенінен және сол маңға жақын жерден екі жігіттің денесі табылды.