Басты бетЖаңалықтарЕлорда бюджетіне...

Елорда бюджетіне триллион теңге түсті

Өтіп бара жатқан жыл Астана үшін аса табысты болды. Елорда тұрғындарының саны 1 миллионға жетті. Алғаш рет қала қазынасына 1 триллион теңге түсті. Бұл мәліметтер елорда әкімі Әсет Исекешевтің құтықтауында айтылған. Әкімнің құттықтауы astana.gov.kz сайтында жария етілді.

Сондай-ақ онда ел бюджетінің 18 пайызын құрап отырған Астана республикадағы донорлық аймаққа айналғаны айтылған. Осы жылы 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артық болып отыр.

«Еліміз тағы бір жылды еңсеріп, күнтізбеде Жаңа жылдың беті айқара ашылды. Тарих қойнауына аттанғалы тұрған жыл еліміз үшін жемісті болды. Біз Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық белесін зор табыспен қарсы алдық. Елбасының салиқалы саясатының арқасында ширек ғасырда бүкіл әлем Қазақстанды өзгелермен терезесі тең, қуатты әрі мерейлі мемлекет ретінде таныды. Біз келер жылы да осы қарқынды еселейтін ауқымды жұмыстар жүргізетін боламыз. Елбасының бекіткен бағдары — айқын, мұрат-мақсаты — биік»,-делінген шаһар басшысының құттықтауында.

ДереккөзҚазАқпарат