— Ардақ, бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз? Қазіргі қызметіңізге сол арманның қандай да бір әсері болды ма?
— Сол кездегі барлық бала сияқты мен де бұл сұраққа «дәрігер боламын», «мұғалім боламын» деп жауап беретінмін. Бірақ ылғи үлкен мегаполистегі жарық, әдемі кеңседе жұмыс істейтінімді елестетіп, әлемді шарлайтынымды көз алдыма келтіретінмін. Бала кезімде ертегілер пластинкасы мен ойнатқыш болатын. Соның бірінде Қызыл телпек «Африкадағы өзеннің ені — мынадай! Африкадағы таулар — мынадай!» деп әндететін. Бұл өлең жолдары есімде ерекше қалыпты. Бәлкім, дәл осы ән халықаралық компанияда жұмыс істеп, саяхаттап, әлемді шарлауыма әсер еткен болар.
— Мансап жолыңыз қалай басталды? «Шеврон» компаниясына қалай келдіңіз?
— Болгарияда халықаралық бизнес менеджментін оқыдым, АҚШ-та қаржы бойынша білім алдым. Университетте оқып жүргенімде «Теңізшевройл» ЖШС қаржы бөлімінде тағылымдамадан өттім (ТШО — бірлескен кәсіпорын, акциялардың 50%-і «Шевронға» тиесілі). 1999 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін бос жұмыс орнына орналасуға өтініш бердім. Мені тауарлы-материалдық қор бойынша есепші қызметіне қабылдады. ТШО-да 7 жыл қызмет еткеннен кейін «Шевронға» қазынашылық және негізгі құралдар департаментінің талдаушысы болып кірдім. Осылайша 2006 жылдан бері мені әрқашан беделі мен жоғары іскерлік этикасымен қызықтыратын «Шеврон» корпорациясында дамып келемін.

— «Шевронға» жұмысқа қабылданар кездегі сұхбаттасу сәті есіңізде ме? Қалай болғанын айтыңызшы? Сол кезде осы компанияда 15 жыл қызмет ететініңізді елестете алдыңыз ба?
— Ол кезде мен ТШО-дан Анголадағы (Африкадағы мұнай өндірісі бойынша Нигериядан кейінгі екінші ел) қысқа мерзімді тапсырыста болдым. Іссапарым аяқталуға жақын еді. Анголадағы бір жылдық жұмысымнан кейін мансабымды «Шевронда» құрғым келетініне сенімді болдым. Тәжірибемнен айтайын, егер сізде нақты мақсат болса, оған жету үшін барлық күш-жігеріңізді бағыттайсыз, содан кейін барлығы өз ретімен орындалады. Осылайша, аусымымның аяқталуына шамамен 3 апта қалғанда, «Шеврон» компаниясының Алматыдағы кеңсесінде дәл менің квалификациям бойынша бос жұмыс орны ашылды. Өтініш бердім, телефон арқылы сұхбат алды. ТШО-ға жұмысқа қабылданатын кезде математика, логика және ағылшын тілі бойынша тестілеудің бірнеше іріктеу кезеңдерінен өтсем, «Шевронда» сұхбатым өте тез аяқталды. Бұған Анголада қызметте жүргенім, корпорацияның мені жақсы білетіні әсер етті. Ауысым аяқталған кезде маған қазынашылық және негізгі құралдар департаментінің талдаушысы қызметіне өткенім туралы хабар келді. Осында 15 жыл жұмыс істеймін деп ойладым ба? Иә, әрине, өйткені қызметіме адалмын және «Шевронның» құндылықтары менікімен сәйкес келеді. 15 жыл бойы негізгі құралдарды талдаушы, «талдау, есеп беру және жоспарлау» тобында аға талдаушы болып жұмыс істедім, содан кейін жоспарлау бөліміне ауыстым. Кейін Лондондағы жобаға тағайындалдым, ол жақтан жақында оралдым. Маған компанияның құндылықтары қатты ұнайды, сол себепті Лондонда ма, Анголада ма, Қазақстанда ма — қай жерде жұмыс істесең де, ұжым мәдениеті өзгермейді.
— «Шевронда» жұмыс істеуіңізге не шабыт береді?
— Мақсатымыз — қызметкерлерін, серіктестіктерін және өнімділігін мақтан тұтатын, барлығына қолжетімді, заманауи энергияны дамытатын жаһандық энергетикалық компания болу. Компанияның барлық құндылығы туралы «Шеврон» Жолы корпоративтік құжатында жазылған. Жетекшілерден бастап әрбір қызметкер сол құжатқа сүйеніп, компанияның алға қойған мақсаты мен миссияларын ұстанады және оларға сенеді. Мұндай рух күш-жігер, құлшыныс береді және мүмкіндіктер ашады. Осы компанияның мүшесі болу — үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік.
— Әдетте жұмыс күні қалай өтеді? Сіз қандай қызметтерді атқарасыз?
— Қазір стратегиялық жоспарлау бөлімінде жұмыс істеймін. Бұл қызметте жылдам шешім қабылдау, икемділік және креативтілік өте маңызды. Әдетте, жұмыс күнінің басында күннің, аптаның жоспары мен тапсырмаларын жазып, жүріп жатқан жұмыстың жай-күйін тексеріп, сол міндеттерді жүзеге асырумен тікелей айналысамын. Кейде тек шығармашылық жұмыс істейтін күндерім болады — ол кезде ақпарат жинап, презентациялар жасаймын.
— Ардақ, жобаларыңыз туралы толығырақ бөліссеңіз. Қайсысы есіңізде?
— Есімде қалған бірегейі ретінде Анголада «Шеврон» компаниясының жобаларының бірінде жұмыс істеген жылымды айтар едім. Онда ұлттандыру бағдарламасы болды, менің міндетім — болашақта өз бетінше жұмыс істеуге қажет дағдылары бар жергілікті қызметкерді дайындау. Бұл қызық және ұмытылмас кезең болды. Әріптестерімізбен өте жылы достық қарым-қатынас орнаттық. Осы күнге дейін анголалық достармен хабар алмасып, жағдайы қалай екенін біліп тұрамыз. Тағы бір қызық, бірақ бізге оңай болмаған жоба — үш құрлықта өткен Лондондағы екі жылдық тапсырмам. Өзім Лондонда едім, жоба Күрдістанда жүзеге асты, ал команда АҚШ-та болды. Бұл командаға жоба енді бекітіліп, зауыттың құрылысы басталған кезде қосылдым. Жобаны бір фазадан екінші кезеңге ауыстыру әдетте қосымша есеп беруді қажет етеді. Сондықтан жоба командасы үшін стратегиялық жоспарлау мен бюджет процесінің өзі күрделі және түсініксіз болды, содан кейін қосымша есептер пайда болды. Бірақ «Көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, бірлескен күш-жігердің арқасында барлық процесті сәтті іске асырдық. Тәжірибемді, дағдыларымды бөлістім. Әріптестерімнің айтуынша, бұрын түсініксіз болған процесс жүйеге түсті. Осындай командаларға көмектесе алатыныма, ұсыныстарыммен жобаның сәтті жүзеге асуына үлес қоса алатыныма, жұмыс процестерін құра алатыныма қуаныштымын. Мұндай жобалармен мен де дамып, өсемін. Бұл жоба маған жұмыс қатынастарын құруға, әртүрлі бөлім мен түрлі елдерден әріптестермен қарым-қатынасты және ынтымақтастықты нығайтуға, жергілікті тұрғындармен, басқа елдерден келген адамдармен танысуға, жаңа мәдениетке енуге, қызық жерлерге баруға, жаңа білім алуға мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибе алмасу процеске қатысқан әрбір қызметкердің жұмысын жақсартуға көмектеседі деп санаймын. Жалпы алғанда, шетелде тұрып, жұмыс істеу маған шетелдіктерді жақсы түсінуге, сенімділікті арттыруға, өз елімдегі қызметтерді бағалауға және кейбір қызмет көрсетушілердің жылдамдығын салыстыруға мүмкіндік берді.
— Жұмыста қандай қағидаларды ұстанасыз?
— Басты ұстанымым — қызметті адал атқару және бірге жұмыс істейтін адамдарға сену. Осы тұста біздің компанияның басты құндылықтарын атап өткім келеді. Олар — сенім, адалдық, сыйластық, мақсатқа ұмтылу, өзгелерге құрмет көрсету және командада жұмыс істей білу. Кез келген жұмысты тату атқару керек деп ойлаймын, түрлі пікірді ескеріп, адамдар бір-бірінен үйренуі қажет деп санаймын.
— Сізге командада жұмыс істеу ыңғайлы ма, әлде жеке ме?
— Қандай жағдайда да икемді бола білу керек деп санаймын, сондықтан маған ұжымда да, жеке де жұмыс істеу ыңғайлы. Мысалы, кейінгі 6 жылда негізінен жоба бойынша командамен жұмыс істеймін. Кейде жеке көзқарасты қажет ететін тапсырмалар болады. Тағы бір айта кететін жайт, біз жеке жұмыс істеген кезде де басқа қызметкерлердің пікірін тыңдау үшін және жұмысты түзету мақсатында әрқашан бір-бірімізбен ақылдасып отырамыз.

— Мансап пен жеке өмірді қалай теңестіресіз?
— Егер адам кез келген істің, шегін, шекарасын білсе, мансап пен жеке өмір арасында да тепе-теңдікті сақтай алады. Құндылықтар адам жасына байланысты, өмірдің түрлі кезеңіне қарай, түрлі фактордың әсер етуіне орай өзгеріп отырады. Сол себепті бұл — біздің икемді, ширақ болуымызды талап ететін ішкі тепе-теңдігіміз. Шынымды айтсам, кейде жұмыс мені көбірек мазалап кетуі мүмкін, бірақ бұл жеке өміріме кедергі келтірмейді. Әрине, кеңседегі және үйдегі өмірдің шекарасын сақтауға тырысамын — үйдегі жұмысты кеңсе есегінің сыртында қалдырсам, жұмысты да үйге арқалап келмеймін. Айтпақшы, бұл мәселеде ішкі корпоративтік мәдениет маңызды роль атқарады. Қызметкерлері демалыс күндері және жұмыс күні аяқталғаннан кейін де жұмыс істейтін компаниялар бар, өйткені кейбір жоба ұзаққа созылады. Мұндай формат та «өмір сүруге» құқылы. Бірақ өзім құндылығы, жұмысқа көзқарасы менікімен сәйкес келетін, яғни жұмыс пен жеке өмір арасында тепе-теңдік болатын компанияны таңдадым.
— «Шеврон» компаниясы қызметкерлерінің дамуына қалай көмектеседі?
— Біздің компания бұған үлкен көңіл бөледі, өйткені қызметкерлердің дамуы — компанияның өсуіне әсер ететін өте маңызды фактор. Әр қызметкердің өзінің жеке даму жоспары бар, оның шеңберінде менеджермен бірге қажет тренингтер мен біліктілікті арттыру курстарын таңдайды. Сонымен қатар бізде компанияның әр қызметкері үшін қолжетімді онлайн-тренингтер өте көп. Егер кез келген бағытта білімді жетілдіру немесе жетілдіру қажеттілігі туындаса, менеджмент міндетті түрде мүмкіндік береді, ең бастысы — ол негізгі жұмысқа кедергі келтірмейді. Сонымен қатар бізде әр қызметкер міндетті түрде оқудан өтуі керек тренингтер бар. Мысалы, этика, мәдениет және тағы басқалары.
— Жас мамандарға компания таңдау кезінде қандай кеңес берер едіңіз?
— Жақсы зерттеулер жүргізіп, компания туралы мүмкіндігінше көбірек білу қажет. Мұндай білім сізге тек пайдасын тигізеді. Егер компанияның құндылықтары сіздікімен сәйкес келсе, онда олар сізге шабыт беріп, ынталандырады, жұмысқа құдды мерекеге баратындай қуанышпен жетесіз!