Рашид Аюпов Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды

Рашид Аюпов Түркістан облысы әкімінің орынбасары болды. Ол бұл қызметке өңір әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен, Президент әкімшілігінің келісімімен тағайындалды.

Рашид Аюпов 1981 жылы Кентауда туған. Білімі жоғары. Шымкент университеті, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университеті мен Академиялық инновациялық университетін бітірген. Информатика бакалавры, мемлекеттік басқару бакалавры, заңгер. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ұлыбританияда Патшайым Марияның Лондон университетін (Queen Mary University of London) аяқтаған, мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолын 2000 жылы Кентаудағы «Дәулет» өндірістік кооперативінің инженер-операторы ретінде бастаған.

2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қазіргі Түркістан облысы бойынша Ақпарат және сынақ орталығының операторы, жетекші сарапшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпарат және сынақ орталығы директорының орынбасары және директоры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының көмекшісі болып қызмет атқарған.

2009-2015 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының премьер-министрі кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадр жұмысы бөлімінің сектор меңгерушісі, қаржы шаруашылығы және кадр жұмысы бөлімінің бас консультанты, Қазақстан Республикасы премьер-министрі кеңсесі басшылығы хатшылығының бас консультанты лауазымдарында еңбек еткен.

2015-2018 жылдары аралығында Шымкент әкімінің аппарат басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметіндегі «Нұр Отан» партиясының өкілі, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Ақпараттық технологиялар орталығының директоры, Шымкент әкімінің кеңесшісі лауазымдарын атқарған.

2018 жылдың қыркүйек айынан SHYMKENT әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы басқарма төрағасы болып қызмет атқарған.

2019 жылдың шілде айынан бері Түркістан әкімі қызметін атқарып келген.