Бауыржан Байбектің айтуынша депутаттар қызметінің рейтингін қалыптастыру ережесін әзірлеу аясында халықаралық тәжірибе мен депутаттарды бағалаудың қолданыстағы тәжірибесін зерделеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Сарапшылар мен өңірлердегі партиялықтардың пікірлері, сондай-ақ республикалық партияішілік іріктеу – праймериздің табысты тәжірибелері ескеріліпті.
Осы бастама туралы кешелі бері бірқатар сарапшылар өздерінің ойларын айтып, оған оң баға беріп жатыр.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті саясаттану кафедрасының доценті Меруерт Төлебаева жүргізіліп жатқан реформалардың жергілікті жерлерде нәтижелі болуы көбіне мәслихат депутаттарының кәсіпқойлығы мен белсенділігіне байланысты екенін ескеріп, депутаттар рейтингін қалыптастыру жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару институттарын дамытудағы заңды құбылыс екенін атап өтті.
Ұсынылып отырған депутаттар қызметінің рейтингін қалыптастыру ел азаматтарының депутаттық өкілеттіктерін белсендірек әрі неғұрлым жоғары кәсіби деңгейде атқаруға, сондай-ақ Nur Otan партиясының Жарғысында, Доктринасында және Сайлауалды бағдарламасында айқындалған мақсаттар мен міндеттерді орындауға көмектесуге тиіс деп ойлаймын!, – деп ойын білдірді Меруерт Төлебаева.
Елге белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы депутаттыққа сайланғандар 4 жыл бойы емін-еркін отырады деген түсінік қоғамдық санада басымдығын айтып, асылында депутаттың артылған үлкен жауапкершілікке лайық екендігін қоғамның өзі анықтап отырғаны абзал екендігін алға тартты. Саясаттанушының сөзіне сенсек бұл елдегі демократияның дамуына қосылған қомақты үлес.
Осы ретте Нұр-Отан партиясы депутаттардың рейтингін енгізгені талайдан бері айтылып келе жатқан ойдың іс жүзінде көрініс тапқаны. Әрине, бұл қаншалықты әділ бағалау болатынын уақыт көрсете жатар. Бірақ рейтингтің ашық әрі тексеруге болатын нақты 15 критерийден тұратыны оның шынайылығын арттырары сөзсіз. Екіншіден, депутат тек партия басшылығы емес, елдің алдында жауап береді. Яғни бұрынғыдай қабылдауын иә жазған хатқа жауабын күтіп отырмай жаңа жүйе оның не істеп не тындырғанын тікелей бақылауға мүмкіндік береді. Үшіншіден және бастысы — халық қалаулысы аталады екен осы лауазым иелері сол халықтың алдында есеп береді деген сөз. Өз кезегінде заманауи осындай платформа депутаттық корпустың жауапкершілігі мен белсенділігін арттыруға серпін бермек, – дейді Расул Жұмалы.