Басты бетҚоғамМемлекет бюджетін...

Мемлекет бюджетін игере алмаған министрліктер мен өңірлер белгілі болды

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер, Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері төлем құжаттарын ұзақ келісу, конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ келісу, есепті айда қаражаттың шығындалуына қажеттіліктің болмауы, — деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,2%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,8% атқарылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейінде атқарылу көрсеткіші жоғары.

Ерұлан Жамаубаев сонымен бірге бюджет қаржысын игермеген қалалар мен облыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,8 триллион теңгені құрады. Оның ішінде 34 миллиард теңге атқарылмаған. Биыл өңірлерге 1,9 триллион теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 646 миллиард теңге бөлінген. Оның 97,5%-ы игерілген.

16 миллиард теңге атқарылмаған, оның ішінде 2 миллиард теңге – үнемделіп, 14 миллиард теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеген қаржы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында және Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында қалыптасты, — деді ол.