Шаш қандай функция атқарады?
Бұрын өмір сүрген адамдарда қалың шаш, денені жапқан түк тіршілік үшін өте қажет болды. Бірақ эволюция дамуы барысында киім деген түсінік пайда болды, мата тоқу игерілді, кейін адам баспана салып, жылуды пайдалануды үйренді. Сәйкесінше теріні жапқан түк өміріміздегі маңызын жоя бастады.
Трихолог маманның айтуынша, физиология тұрғысынан шаш қорғаныш қызметін атқарады. Ыстықта күн өтуден, суықта бастың тоңып қалмауына көмектеседі. Сонымен қатар шаш адамға көрік береді.
Трихология шаш туралы қандай ақпарат біле алады?
Шаш адамның денсаулығы қандай екенін білдіреді деген ақпарат жиі айтылады. Мұның қаншалық рас екенін трихолог Нұргүл Бекбауовадан сұрап көрдік.
Дәрігердің сөзінше, шашты зерттеу үшін трихоскопия анализі жасалады. Трихоскоп аппаратына басты түсіргенде, оның қалың я жұқа, талшықтарының көп немесе аз екені, өсіп жатқан немесе түскен шашты көруге болады. Осыған қарап дәрігер шаштың типін анықтап, диагноз қоя алады.
Трихоскопиямен тек шаштың жағдайын білуге болады. Адамның ағзасында не болып жатқаны, денсаулық жағдайы бір шашқа қарап анықталмайды. Ағзадағы микроэлементтерді анықтайтын анализдер қан тапсыру арқылы жүзеге асады, — дейді трихолог.
Шаштың генетикадағы орны қандай?
Фильмдерде ДНҚ-ны анықтау үшін адамның шашын пайдаланатынын көріп жүрміз. Эндокринолог, генетик Шолпан Есламғалиеваның айтуынша, шаш шынымен де генетикада ақпарат беретін элемент болып саналады. ДНҚ үшін шаштың кемінде 5 талын түбінен жұлып алу жеткілікті.
Яғни анализ үшін қиып алынған шаш жарамайды. Түбінен жұлу керек, себебі ДНҚ шаштың түбінде, өзегінде болады. Ал шаштың өзінде (діңінде) митохондриаль ДНҚ ғана кездеседі. Оның функциясы өзгеше.
Шаштың ДНҚ-сы арқылы адамдардың туыс не туыс емес екенін біле аламыз. Бірақ дәл қазір ДНҚ-ны анықтау үшін шашқа анализ жасау травмалық тәсіл болып саналады. Себебі ол үшін шашты жұлу керек, — дейді дәрігер.
Шашқа қарап адам денсаулығы туралы білу мүмкін бе?
Шаштың құрылымы адамның генімен байланысты. Доминант және рецессив гендер шаштың түріне жауап береді. Шаштың қалың я жұқа, тік немесе бұйра болуы адамның тегінен. Сонымен қатар эпигенетика деген түсінік бар. Шашымыз түсіп, жұқарып қалса, бұл тамақтану және өмір сүру салтымызға байланысты болады.
Адамның қандай тамақ жегеніне, денесін шынықтыруына, уақытылы ұйықтауына, суды нормамен ішуіне және тағы басқа әрекеттеріне байланысты шаш та өзгереді. Демек шаштағы өзгерістерге қарап адам денсаулығын шамалауға болады. Эпигенетиканы адам өзі реттей алады. Шашының құрылымын өзгертуге әсер еткен әрекеттерден, тамақтардан арылып, салауатты өмір салтын ұстанса, шаш та қайта бұрынғы қалпына келуі әбден мүмкін, — дейді Шолпан Есламғалиева.
Адамның шашы, тырнағы, терісі дәрігерге көп ақпарат бере алады екен. Пациенттің шашы сирек, көп түсетін, сынғыш болса, ағзаға микроэлементтер жетіспейді деген сөз және гормонал ерекшеліктерді түзету керек. Ол үшін бірінші анализ жасау қажет. Сосын әркімге индивидуал ем шаралары қарастырылады.
Кейде бірден шаш маманына емес, дәрігерге жүгінген жөн. Себебі проблема тек шашқа қатысты емес, жалпы денсаулыққа, зат алмасуға байланысты болады. Мұндайда емді ағзаның өзінде жүргізу керек. Сонда шаштың да жағдайы жақсарады. Тікелей шашқа жасалатын күтім, массаж, процедуралар тек уақытша көмектеседі. Сондықтан мұндайда эндокринологқа барыңыз деп айтар едім. Эндокринолог трихологпен бірлесе отырып, ем ұсынады әрі зат алмасуды қалпына келтіруге көмектеседі, — дейді маман.