Басты бетҚоғамШу ауданында...

Шу ауданында полицейді пышақтап кеткен адам ұсталды

Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов хабарлады.

8 маусымында түнгі сағат 22.50 шамасында Шу аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторының ұялы телефонына Шу қаласының 37 жастағы тұрғыны хабарласып, өзінің азаматтық некедегі күйеуі отбасылық жанжал шығарып жатқандығы туралы айтқан.

Шақырту бойынша келген учаскелік полиция инспекторына 27 жастағы жанжал шығарушы азамат бірнеше рет пышақ жарақатын келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі уақытта оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Дерек бойынша «Сирена-1», «Тосқауыл» жоспарлары жарияланып, іздестіру жұмыстарына Полиция департаменті және Шу, Қордай, Мойынқұм, Рысқұлов аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы жұмылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ізін суытпай Шу ауданының Алға ауылынан ұсталды. Оның жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Ер адам Шу аудандық уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, – деді полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов Facebook-парақшасында.

Қылмыстық кодекстің 380-1-бабы, 1-бөлігі «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.