Диана бұрынырақта жолдасының қызметіне байланысты отбасымен Омбыда тұрған. Алайда ол жақтағы жақсы өмірге қарамастан тарихи Отанына оралу туралы көп ойлапты. Балаларына туған даласының дәстүрін көрсетуге деген ықыласы да арта түскен.
Көп ұзамай жолдасының тұрақты жұмысына, кең пәтерге және үйренген ортаға қарамастан Диана туған жеріне оралу жайлы шешім қабылдайды.
Ерлі-зайыпты Қазақстанға көшіп келген соң бәрін басынан бастайды. Нұр-Сұлтандағы тұрғын үй бағасы ресейлік нарықтан үш есе қымбат екен. Ал Омбыдағы үлкен, үш бөлмелі пәтердің қаражаты 25 шаршы метрлік жалғыз бөлмеге әзер жетеді.
Кез келген ана сияқты Диана үшін балаларының білімі мен дамуы басты мәселенің бірі болған. Сондықтан ол қыздарына ойыншық таңдағанда қызық болуын ғана емес, білім-танымды арттыруына да мән беріпті.
Бірде интернет арқылы өзі қалаған ойыншықты іздеп отырып, Қытайда жасалған түрлі-түсті картон үйді байқап қалады. Ойыншықтың концепті мен идеясы бірден қызықтырып, тапсырыс береді.
Кейінірек Диананың жақындары мен таныстары да мұндай дүниеге қызыға бастады. Осыдан соң Диана қазақстандық нарық үшін бірегей өнім, яғни балаларға арналған үйшіктер жасау туралы идеяға тоқтайды. Оны әзірлеу кезінде тұтынушы ретінде өзіне ұнамаған нұсқаулықтың болмауы, жеткізіп берудің ұзаққа созылып кетуі секілді жайттарды ескереді.
Үйде бала тәрбиесімен отырған қарапайым анамын. Сол себепті ең әуелі балаларға пайдамды тигізгім келді. Бизнесті бастаған соң бір айдан кейін өзім жасаған ойыншық-үйлердің менің балаларыма ғана емес, басқа да отбасы бүлдіршіндеріне ұнағанын байқадым. Бұл мені қатты қуантты, — дейді ол
Филологиялық біліміне сүйене отырып Диана өз өнімі арқылы балаға негізгі, бірақ маңызды білімді беруді мақсат етеді. Ұзақ уақыт бойы идеяны ойластырып, сан ғана емес, әліппені де бірден үш тілде үйретуді жөн көреді.
Ал өнімнің өзіне BopeHouse атауын таңдап алады. Екі тілді атау бүкіл бренд тұжырымдамасын бейнелейді: латын қарпінде жазылған қазақша bope және ағылшынша house сөздері жаңа жобаның заманауи сипатын танытады әрі айрықша көзқарасты қалыптастырады дейді Диана.
Bopehouse ойыншығы — балаларға арналған картоннан жасалған үйшік. Ол ойын арқылы балаларды әріптер мен сандарды үш тілде үйренуге дағдылайды. Автордың айтуынша, үйшікте 3 қасиет біріктірілген: баланың жеке кеңістігі болады, бала үйшікті бояй алады және дамиды.
Кәсіпкердің Қазақстанның 8 қаласында серiктестері бар. Ойыншық 3-7 жас аралығындағы балаларға арналған. Бірақ ересектер де балалармен үйшікті бояу процесіне қатыса алады. Ойыншық экологиялық таза материал — гофр картонынан жасалған. Бұл материал таза және қайта өңдеуге жарамды.
BopeHouse туралы ойлаған кезде бастапқы капиталды қайдан алуға болатынын әлі білмеген де едім. Алайда бірнеше нұсқаны іздеп отырып, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған көптеген мүмкіндік бар екенін көріп, таңғалдым. Көп ойланбастан, жобаның бүкіл тұжырымдамасын жинақтап, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы көмегімен кәсібімді бастадым. «Даму» қорынан 6% жеңілдікпен несие алдым. Осы іске құйылған 2 миллионнан аса қаражат өзін ақтап отыр. Болашақта, әрине, тоқтап қалмайтыным анық. Мысалы, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы өндірісті кеңейте түсуді жоспарлап отырмын. Бүкіл қоғамға көмегім мен пайдамды тигізгім келеді. Қазақстанның ойыншық жасауға үлкен әлеуеті бар, әсіресе, шағын бизнеске мемлекет тарапынан қаржылық қолдау бар кезде бұл зор мүмкіндік, — дейді Диана.
Кәсіпкер боялатын үйлердің қазақстандық нарыққа бейімделуіне баса назар аударған. Жергілікті мәдениет пен менталитеттің ерекшелігі ескерілген.
Болашақта үйдің әдеттегі моделін ғана емес, киіз үй түріндегісін де жасау идеясы бар. Түркі халықтары арасында киіз үй кеңінен пайдаланылады. Оның үстіне Қазақстан көрші елдермен үнемі тығыз байланыста. Диана Амангелдинова үйдің базалық моделінің әмбебаптығын ескеріп, бұдан әрі халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап жүр.