Тауық жылы туған тұлғалар

Әбу Насыр әл-Фараби

Әбу Насыр әл-Фараби

Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) — қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, астролог, музыка теоретигі.

Ол әскербасының отбасында дүниеге келген. Отырар медресесінде, Шам, Самарқан, Бұқара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдат шаһарларында білім алған. Ол – түркі ойшылдарының ең атақтысы, әлемдегі екінші ұстаз атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Орта Азия, Парсы, Иран, Араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейген ол көптеген ғұламалармен, ойшыл ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасады. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл. Философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды.

Міржақып Дулатов

Міржақып Дулатов

1885 жылы ерекше тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатов өмір есігін ашты. Тауық жылының тарихы тағы бір айтулы тұлғамен толықты. «Қазақ» газеті жарық көре бастағаннан бастап оның бас редактор Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, сол кездері көпшілікке танымал болған «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламы, көксемсер сөзі, жалынды публицистикасынсыз елестету мүмкін емес. Ол еңбектерінде  Міржақып туралы: «Міржақып өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. «Қазақ» газеті  сондай сапада, сондай биіктіктен көрінуіне Міржақып Дулатұлы ықпал етті. Жалпы, Міржақып Дулатұлы – қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам», деген пікір айтыпты. Сөйтіп, әйел теңсіздігін жоқтаған, өз заманындағы озбырларды әшкерелеген Міржақып 1935 жылы Сосновск стансасындағы жазалау лагерінде ауыр науқастан көз жұмады.

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Әуезов

1897 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Шыңғыс болысында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал, 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік – Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты.

Жазушы жиырмасыншы жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар жазып, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бойы «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді.

«Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1-ші дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алса, 4 кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

Тауық жылы туған бұл тұлғалардың барлығы да тарих төрінен, халық жүрегінен жылы орын тапты. Тарих қайталанады дейді. Сондықтан, келіп жеткен жаңа Тауық жылы, қазаққа тағы бір қайсар тұлғаны сыйлайды деген сенім бар.

ДереккөзАтырау