Алматының Әуезов аудандық №2 сотында Бауыржан Байбектің талап-арызы бойынша белсенді Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбайға қатысты азаматтық істің соталды дайындығы өтіп жатыр.
Жанболат Мамай мен Инга Иманбай биыл сәуір айында Бауыржан Байбекті айыптап, бірнеше видео таратқан болатын.
Отырыста сөз алған Байбектің заңгері Айжан Тәшенова Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың бітімге келу мүмкіндігі болғанын мәлімдеді.
«Біз өзіміздің дұрыс екенімізге сөзсіз сенімді болсақ та, медиациялық келісімге келуге, істі сотқа дейін жеткізбей шешуге дайын екенімізді жеткіздік. Жауап беруші тараптың мұндай мүмкіндігі болды. Алайда, олар бұл мүмкіндігін пайдаланудан бас тартты», — деді заңгер өз сөзінде.
Ол сондай-ақ, мәселені азаматтық сот арқылы қарастырудың себебі ретінде Байбектің мақсаты видеороликтерде айтылған деректердің жалған екенін көрсету және ар-намысын заң аясында қорғау болғанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін соталды дайындық отырысы екі рет өткен болатын. Алғашқы отырыста жауап беруші тарап іс құжаттарымен танысып және дәлел құжаттарын жинап үлгермегенін айтып, отырысты кейінге қалдырса, екінші процесте судья видеоматериалдарды психологиялық-филологиялық талдаудан өткізуге жіберді.