Бүгін Алматының барлық аумағында бір уақытта әнұран қосылады

Бұл туралы қаланың әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әнұран саябақтарда, сауда және ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық кеңістіктерде 4 маусым күні сағат 13.00-де қосылады. Мегаполис тұрғындары мен қонақтарын осы акцияға қосылып, Әнұран шырқалған кезде барлық тәртіп ережелерін сақтай отырып, бірге орындауға шақырамыз, — делінген хабарламада.

Қала тұрғындары Әнұран саябақтар мен скверлер, жаяу жүргіншілер көшелері, метро станциялары мен вагондар аумағында, СОСО, “Медеу” биік таулы кешені мен “Шымбұлақ” курорты, сондай-ақ “Көк Төбе” саябағында тыңдай алады.

Бүгін, 4 маусым, Қазақстанда мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді.

Қазақстанның қазіргі Әнұраны авторларының(сөзін жазған) қатарында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев бар. Менің Қазақстаным әні 1956 жылы жазылған. Негізгі авторлары: әні — Шәмші Қалдаяқов, сөзі — Жұмекен Нәжімеденов. 2006 жылы 6 қаңтарда Назарбаевтың кезекті инаугурациясы кезінде бұл ән сөздері өзгертілген күйде (Назарбаевтың авторлығымен) Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны ретінде алғаш рет шырқалды. 1992-2006 жыл аралығында елде басқа Әнұран болған.