Тарихқа көз жүгіртсек, пластикті алғаш рет 1855 жылы ағылшын металлургі Александр Паркс жасаған. Ал 1862 жылы бұл материал Лондонда өткен үлкен халықаралық көрмеде жалпы халыққа ұсынылыпты.

Пластик неден жасалады?

Пластик (пластмасса) табиғи газ, көмір және мұнайды полимерлеу, яғни қосу арқылы жасалады. Сонымен қатар оның құрамында қышқылдар, сілтілер, жанғыш заттар және бояғыш кездеседі. Сондықтан пластик ұзақ сақталады, сипатын өзгертпейді, жүздеген жылсыз шірімейді. Әрине, пакет жыртылады, пластмасса сынады, пластиктен жасалған жиһаз бен өзге де бұйымдар мүжіледі. Бірақ негізгі зат құрылымын жоғалтпайды.

Пластик неге зиян?

1. Тым көп

Pew Research зерттеу орталығының мәліметінше, 1950 жылдан бері дүниежүзінде 6,3 миллиард тоннадан астам пластик қалдық пайда болған. Және оның 10%-і ғана қайта өңделген, бар болғаны 11%-ін арнайы әдіспен өртелген. Яғни бүкіл әлемдегі пластмасса қоқыстың 80%-і қоқыс полигондарында жатыр немесе топыраққа көмілді.

2. Ұзақ ыдырайды

Органикалық қалдықтар (көкөніс, ет, мүжілген сүйек, тағы басқа) бактерияға қорек ретінде қызмет етсе, синтетикалық заттар не механикалық, не химиялық жолмен ғана ыдырайды. Яғни пластикті тек сындыру, жандыру немесе булау арқылы ғана ыдырата аламыз деген сөз. Мысалы, құрғақ бірреттік майлық пен қағаз тез шіріп кетеді. Ал пластмасса қоқыс полигонында немесе теңізде жүздеген жыл бойы жата береді. Себебі ол табиғи түрде өте баяу ыдырайды.

Пластмассалар өте бай молекулалардан тұрады, байланысы күшті. Сондықтан оларды тірі организмдер сіңіре алмайды.

Айтпақшы, қазір ғалымдар пластмассаны ыдыратуға қауқары жететін ферменті бар, сәйкесінше бұл заттың қоршаған ортадағы мөлшерін азайта алатын микроорганизмдер штамын жасап шығаруға талпынып жатыр.

Пластик қанша жылда ыдырайды?

Пластмассадан жасалған бұйымдардың ыдырауы орташа уақыты 400-ден 700 жылға дейін созылады. Онда да түрлі технологиялар қолдану керек. Біз күнделікті қолданатын полиэтилен пакеттердің шіру процесі 100-200 жылды алады. Берік болғанымен пластиктің осындай зияны бар.

3. Қоршаған ортаны ластайды

Пластик ауа, су, топырақты былғап қоймай, тірі организмге де зиянын тигізеді. Біріншіден, пластмассадан оны жасаған кезде қолданылған улы заттар бөлінеді. Ол ауа, топырақ, су арқылы адам мен жануардың денсаулығына, өсімдікке әсер етеді. Екіншіден, пластик үйіліп, көп орын алады да, экожүйені бұзады. Әсіресе өзен-көл мен теңізді толтырып тастауы мүмкін. Үшіншіден, пластикті өндіру ісі де пайдалы емес. Себебі оны жасағанда улы әрі қауіпті заттар қолданылады.

Пластмасса құрамындағы ең зиян зат ретінде бисфенол А тіркелген. Бұл зат тамаққа оңай сіңіп, оны тез бұза алады. Сонымен қатар бисфенол А әйелдердің жыныс гормоны эстрогенге ұқсас. Яғни гормонал ісіктің пайда болуына және зат алмасудың бұзылуына әсер ете алады. Бұл зиян зат пластиктің 3 және 7-түрінде кездеседі.

Пластиктің қандай түрлері бар?

Пластмассадан жасалған бұйымдарда үшбұрыш белгісі бар. Оның ішіне 1-ден 7-ге дейінгі сан жазылады. Бұл пластиктің қай топқа жататынын, түрін білдіреді.

пластик таңбасы
Инфографика: Cleanbin.ru

Қазір “экологиялық” деп аталатын пластиктер бар. Оның белгісінде ешқандай сан болмайды, үшбұрыш бос тұрады. Зияны салыстырмалы түрде аз, 1-2 жылда шіріп кетеді. Бірақ толық экологиялық зат болып есептелмейді.

Пластиктен қандай бұйым жасауға болады?

Қолданылған пластмассаны майдалап немесе бастапқы қалпын жасанды түрде бұзып, одан жиһаз, тұрмысқа қажет басқа да заттар, әшекей бұйымдар жасауға болады.

Сонымен қатар дәл сол күйінде тазалап, қайта қолдануға болады.

Мысалы, қазақстандық Rocket plastic ұйымы кәдімгі пластик бөтелкелерден жиһаз жасап, оны сатып жүр. Ал “Жасыл жүрек” ұйымының өкілдері полиэтилен пакетті бір-біріне нығыздап, жапсырып, әшекей жасаумен айналысады.

Пластикті қайда өткізуге болады?

Алматы мен Нұр-Сұлтанда пластикті қайта өңдеуге қабылдайтын ұйымдар жетеді. Олардың мекенжайын көбіне әлеуметтік желіден немесе MyTazalyk қолданбасынан таба аласыз.

Пластикті жинайтын, қайта өңдейтін қазақстандық компаниялар:

  • Kazakhstan Waste Recycling (KWR)
  • Rocket plastic
  • Plastnet
  • Ecoworld.kz
  • Ecosen
  • Zeta.kz
  • Lemonadoff.kz
  • Ecodom.kz және тағы басқа.

Тұрмыста пластикті немен алмастыра аламыз?

  1. Бірреттік полиэтилен пакет орнына мата сөмкені (шопер) қолдануға болады.
  2. Пластик контейнер орнына шыны ыдысты пайдаланған дұрыс. Контейнердің қақпағы бамбуктан жасалса, тіпті жақсы. Шыны ыдыс тамақты пластик сияқты бұзбайды.
  3. Бірреттік стақан мен бөтелке орнына термостақан немесе болат саптыаяқ қолданған пайдалы.
  4. Сусын ішкенде пластик түтікше орнына оның болаттан, шыныдан немесе бамбуктан жасалған түрін пайдалануға болады.
  5. Бір рет салып, демдеуге болатын шайдың да сырты пластик аралас материалдан жасалады. Сондықтан оны көп демдеуге жарайтын үлкен шәмбімен алмастырған абзал.
  6. Дүкеннен кез келген затты сатып алғанда сырты пластик емес, қағаздан жасалғанын таңдауға болады. Салыстырмалы түрде қағаз әлдеқайда тез шіриді.