Дәулетіме көз тиіп кетер деп қорыққан жұлдыздардың дені ресми, салық төленген табыстарының өзін жасырып қалуды жөн көріп, өздерін бұл рейтингке мүлде қоспауды өтінген екен.
Танымал тұлғалардан мемлекет қазынасына түскен салық мөлшерін саралағандар, биылғы жыл Геннадий Головкин үшін табысты болды дейді. Боксшы үш кездесуін де сәтті аяқтап, 8 миллион доллар қанжығалаған. Екінші орында Данияр Елеусінов. Риода жеңіске жеткен спортшыға үкімет 250 мың доллар, ал Астана әкімшілігі 3 бөлмелі пәтер мен автокөлік кілтін сыйлаған. Үшінші орында ресми табысы 7 миллион теңгеге бағаланған рэпер Бахтияр Мамедов тұр. Көпшілікке Jah Khalib есімімен белгілі музыкант биылғы жылы 150-ге жуық концерт беріп, ресейлік iTunes-те ең жиі сатып алынған күйтабақтар қатарынан көрінген.
Сондай-ақ дәулеттілер тізімінде 24 миллион 300 мың теңге табыс көрген әнші Қайрат Нұртас, 550 миллион теңге қанжығалаған режиссер Ақан Сатаев пен шоумен Нұрлан Қоянбаев, әнші Айқын мен продюсер Баян Есентаевалар да бар.
Ал Форбстың америкалық нұсқасы ең табысты жұлдыздар үштігіне 4,6 миллиард доллар еншілеген режиссер Джордж Лукасты, 3,7 миллиард доллар тапқан режиссер Стивен Спилбергті және 2,8 миллиард доллар қанжығалаған тележүргізуші Опра Уинфриді қосқан екен.