Басты бетЖаңалықтарМахамбет Досмұхамбетов...

Махамбет Досмұхамбетов балалар үйі тәрбиеленушілерінің тұсауын кесті

Өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мамандандырылған балалар үйі тәрбиеленушілерін 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтады. Сосын мұндағы екі баланың тұсауын кесіп, өмірде әрдайым жолдары ашық болуын тіледі.

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхаметов
Фото: Атырау облыстық коммуникациялар қызметі

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов балаларға әр күні мерекелік көңіл-күй сыйлауымыз керектігін атап өтті.

Көпшілігі туғанынан ана мейірімін көрмей өсіп келе жатқан бұл балалардың махаббат пен қамқорлыққа өте зәру екенін білеміз. Сондықтан да бүлдіршіндеріміз көп ұзамай жақсы отбасыдан жайлы орын тауып, туған елдің лайықты азаматтары болып өссін. Бүгін ғана емес, балаларымызға әр күні мерекелік көңіл-күй сыйлап, жағдай жасауымыз керек,-деп тілегін білдірді ол.

Одан кейін аймақ басшысы бүлдіршіндер өз өнерін ортаға салған «Біз өмірдің гүліміз» атты концерттік іс-шараның бірнеше нөмірін тамашалады.

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхаметов
Фото: Атырау облыстық коммуникациялар қызметі

Әлеуметтік мекеменің басшысы Раиса Баймұханованың сөзінше, қазіргі кезде мұнда түрлі ауруға шалдыққан, 4 жасқа дейінгі 23 бүлдіршін тәрбие алуда. Балалар орталық нерв жүйесінің зақымдануы, сөйлеу тілі дамуының тежелуі және ДЦП ауруларымен ауырады. Ал әлеуметтік мекеменің 50 қызметкері сәбилерді сапалы және уақытылы күтім-бағыммен қамтамасыз етіп отыр.

Бұл мереке ұрпақтың жан-жақты дамуына жауап беретін қызметкерлер үшін де өте маңызды. Бақытты және Тәуелсіз еліміздің мақтанышына айнала алатын ұрпақ тәрбиелеу сынды зор жауапкершілікті жете сезінетіндеріңізге сенемін. Осы бағыттағы ерен еңбектеріңіз үшін әрқайсыңызға арнайы алғысымды білдермін,-деп аймақ басшысы әлеуметтік мекеменің қызметкерлеріне де ризашылығын білдірді.

Балалар мерекесіне орай тәрбиеленуші бүлдіршіндерге облыс әкімі атынан сыйлықтар берілді. Соңғы жылы мамандандырылған балалар үйінің бір тәрбиеленушісін отбасы асырап алса, алтауы өздерінің туған үйлеріне оралған, бір бала отбасылық үлгідегі «Шаңырак» балалар ауылына ауыстырылыпты.