Құрметті конференцияға қатысушылар!
Біз бүгін маңызды жиында бас қосып отырмыз. Бұл конференцияның Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің зор символдық мәні бар деп ойлаймын.
Себебі бүгін тамыры терең тарихымызға – ұлтымыз бен мемлекеттігіміз пайда болған кезеңге тағы бір мәрте көз жібереміз.
2015 жылы Елбасының тапсырмасымен елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бұл идеологиялық астары терең, мемлекеттік деңгейдегі шара болды.
1465 жыл – сөзсіз, бәріміз үшін қастерлі дата. Десек те, этногенез процесі мен мемлекеттің қалыптасуы – бір күннің, тіпті бір ғасырдың да шаруасы емес екенін жақсы білеміз.
Керей мен Жәнібек хандар бастаған қазақ халқының Жетісуға қоныс аударуы оның қалыптасу кезеңінен өтіп, ұлтқа айналғанын айшықтайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл процесс Ұлық Ұлыстың дәуірлеп тұрған уақытынан басталды.
Мұны фольклорымыздан да көреміз. Жыр-дастандарымыздың қаһармандары – Едіге, Әз-Жәнібек, Майқы би, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер.
Ең ескі күйдің бірі «Ақсақ құлан» да Жошы ханның өліміне байланысты шыққаны баршамызға белгілі.
Сондықтан Ұлық Ұлыс – біздің мемлекеттілік дәстүріміздің алтын бесігі деп толық сеніммен айта аламыз.
Осы айнымас ақиқаттың негізінде 2019-2020 жылдары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын мерекелеуге арналды. Біз бүкіл әлемге Алтын Орданың мұрагері екенімізді танытып, төл тарихымызға қатысты әділдікті орнатуға жол аштық.
Алайда, осы тұста мемлекет басшысының «Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деген маңызды ұстанымын естен шығармаған жөн.
Өз ұлылығыңа мастану, тарихты мифпен араластыру, өткенімізді әсіре мақтанға айналдыру – өрге бастамайды. Керісінше, біз тарихты конъюнктурадан тыс зерттеп, ақтаңдақтар ақиқатын ашып, шешуші оқиғалар желісін мұқият қайта қалпына келтіруге тиіспіз.
Президенттің тапсырмасына сәйкес жақында Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылатын Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт та негізінен осы мақсатты көздейді.
Институт атауының өзі айтып тұрғандай, біз Талас құрылтайынан бастап Кенесарының қазасына дейінгі тарихи дәуірді біртұтас кезең деп қабылдаймыз.
Қадірменді әріптестер!
Егер халықтың тұтас тарихын қалың кітапқа теңесек, соның ішінде өте маңызды тарауы болады. Ол тарау болмаса кітаптың мазмұны жоғалуы мүмкін.
Ұлық Ұлыс – төл тарихымыздың осындай маңызды тарауы. Далалық Римге айналған Ұлы империя, әртүрлі тілде сөйлеп, әрқилы дін ұстанатын көптеген халықты бір шаңырақ астына біріктіріп, озық мәдениетті дүниеге әкелді.
Оның дәуірлеген тұсында қазақ халқының этногенездік портреті қалыптасты.
Алтын Орда уақытынан бері келе жатқан символдарды қазір де күн сайын көреміз. Ұлттық валютамыз – теңгенің атауы сол кезеңге тиесілі.
Мемлекет басшысы резиденциясы Батудан Абылай ханға дейінгі Алтын Орда мен Қазақ хандығы әміршілерінің ордасы сияқты аталады.
Парасат пен төзімділікке құрылып, ханафи мазхабына негізделген дәстүрлі дініміз Берке мен Өзбек хандардан мұраға қалған.
Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы – Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы.
Мысалы Сарайшық қаласы Жошы ұлысының, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болды. Қазіргі Қызылорда облысы аумағында Жанкент, Жент, Барчкент, Түркістан өңірінде Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ сияқты қалалар болған.
Мұндай қалалар еліміздің солтүстігінен де табылуда. Бұған дәлел – жақында ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл-оба» қорымынан шыққан құнды жәдігерлер.
Осылайша біз бабаларымыздың шетсіз-шексіз аймақты мекен еткен көшпелілер емес, керісінше, өз уақытындағы көшпелі өмір мен отырықшы тұрмыс салтының озық тұстарын үйлестіріп, империялық деңгейде үстемдік құрған халық болғанын байқаймыз.
Осы тұрғыдан қарағанда, біздің көршілес Ресеймен екіжақты байланысымыздың тарихы кеңестік оқулықтарда жазылған кезеңнен гөрі тым терең екенін айтқым келеді. Ол, кемінде, XIII ғасырда Жошы Ұлысы атты империялық мемлекеттің аясында басталған.
Десек те, Алтын Орда – өткен тарихымыз ғана емес. Ол, ең алдымен, бүгініміз бен болашағымыз.
Бүгінгі ортақ мақсат-мұратымыз бен қоғам болып бет алған бағдарымыз Алтын Орда кезінен бергі ғасырлық дәстүрлерден бастау алады.
Бірінші– орталықтан басқарылатын мемлекет.
Ұлық Ұлыстың тарихи тәжірибесі осыны көрсеткендей, табиғаты қатал, аумағы үлкен Еуразия құрлығының кеңістігінде мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет қана өсіп-өркендейді.
Осы маңызды шарт Жошы Ұлысының «Алтын ғасырын» туғызды.
Екінші – меритократия.
Алтын Орда мемлекеті мен қоғамының маңызды ерекшелігінің бірі – адамдарды элита қатарына жеке қасиетіне қарап қосты.
Қарым-қабілетінің арқасында қарапайым жігіттен әуелі батыр, одан соң би, кейіннен Алтын Орданың беклербегіне айналған Едігенің ғұмыры осыған анық дәлел.
Бүгінде мемлекетіміз меритократияның басты қағидасын жүзеге асырып жатыр. Онсыз қоғамның жаңғыруы мен дамуы мүмкін емес.
Үшінші – тиімділік.
Алтын Ордада мемлекеттік басқару мен логистиканың тиімді жүйесі құрылғаны тарихтан белгілі. Соның бірі – жәмшік қызметі. Ол кейіннен бірнеше ғасыр бойы Ресейде кеңінен қолданылды.
Сондай-ақ «даруға» деп аталатын азаматтық әкімшіліктің жүйелі жұмысы да осыған мысал бола алады.
Төртінші – ғылым-білім ғұрпы.
Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған уақытында Алтын Ордаға көптеген елден ғалымдар ағылып келіп жатқаны көпшілікке аян.
Сонымен бірге қаншама медреселер салынып, ол жерде тек діни ілім емес, математика, медицина және басқа да ғылымдар үйретілген.
Бесінші – диалог мәдениеті.
Еуразия кіндігінде орын тепкен алып империя – Алтын Орданың құрамында о бастан-ақ тілі, діни сенімі мен салт-дәстүрі әртүрлі халықтар өмір сүрді.
Олардың екі ғасыр бойы бір мемлекетте бірге тіршілік етуі диалог мәдениетінің, рухани байлықтың және өзгеге деген құрметтің көркем үлгісіне ұласты.
Этносаралық қатынастарды реттеу, біртұтас азаматтық ұлт құру ісінің қазақстандық моделінен Алтын Ордалық қағидатты көруге болады. Мұнда бірлік – біркелкілік дегенді білдірмейді.
Алтыншы – халықаралық медиация мәдениеті.
Алтын Орда Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір іспетті болды. Ұлы Жібек жолының солтүстік бағытында орналасқан империя өркениеттер арасындағы жан-жақты диалогты – материалдық құндылықтармен қатар, идеялар мен инновациялардың алмасуын қамтамасыз етті.
Тарихқа көз салсақ, Алтын Орданың саясатынан Елбасының БҰҰ ұйымы Бас ассамблеясының мінберінен таныстырған «Үлкен Еуразия» жобасының үлгісін көре аламыз.
Жетінші – адами құндылық.
Мемлекеттік басқарудың орталықтандырылғанына қарамастан, Алтын Орда ешқашан классикалық түрдегі «шығыс деспотиясы» болған емес.
Қоғамның өзегін билікке деген қорқыныш емес, халқымыз имандылық деп айтатын рухани түпнегіз құрады.
Қазір де қоғамымыздың табан тірер тұғыры, ынтымақтастықтың негізі – «әлеуметтік рейтинг» емес, имандылық пен мәңгілік рухани құндылықтар.
Ұлық Ұлыс феноменін жете түсінбейінше, біз бүгінімізді толыққанды пайымдай алмаймыз.
Бұл істе, құрметті әріптестер, сіздердің алатын орындарыңыз ерекше.
Алтын Орда тарихын кең көлемде әрі кешенді түрде зерттеу Қазақстандағы гуманитарлық ойдың өркендеуіне тың серпін береді деп сенемін.
Конференция жұмысы жемісті әрі нәтижелі болсын!
Баршаңызға табыс тілеймін!
Рахмет!