Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Киіктер саны кейінгі рет 2019 жылы тіркелген. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты есеп жүргізілген жоқ. Жаңа деректер есепті қалпына келтіру нәтижесінде алынды. Қазақстанда киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді 3 популяциясы мекендейді. Бұл жануарлардың Дүниежүзілік популяциясының (Saiga tatarica tatarica) 90%-тен астамы біздің елімізге тиесілі, — делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, өткен жылдарда киіктер санының азаюына байланысты Үкімет олардың популяциясының жойылып кетуіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдады.
Киіктердің сақталуы олардың санының ХХ ғасырдың 90 жылдарының соңында 1 миллионнан 2003 жылы 21 мың басқа дейін азаюы салдарынан проблемаға айналған. Бұл жануарлар санының азаюына түрлі аурулар мен браконьерлік негізгі себеп болды. Осыған орай 2005 жылы тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлері мен киіктерді сақтау жөніндегі алғашқы бағдарлама қабылданды. Төлдеу, қыстау және көші-қон кезеңінде киіктер шоғырланатын негізгі жерлерде оларды қорғаудың тиімділігін арттыру үшін «Ырғыз-Торғай» (Ақтөбе облысы) және «Алтын дала» (Қостанай облысы) мемлекеттік табиғи резерваттары құрылды, — делінген хабарламада.
Киіктерді заңсыз аулағаны үшін жауапкершілік шараларын күшейту мақсатында 2012 жылы Үкімет қаулысымен киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын Қазақстанның бүкіл аумағында 2020 жылға дейін пайдалануға тыйым салынды. Бұл мерзім кейінірек 2023 жылға дейін ұзартылды.
2019 жылы браконьерлік үшін 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейінгі қатал жазаларды көздейтін заңнаманы қатаңдату бойынша шаралар қабылданды.