Қазір «Алантай» ойыншықтар дүкені ойыншықтың төрт түрін сатып жүр. Олар: ұлдарға арналған көлік, ұлдарға арналған құрал-жабдық, қыздарға арналған «Анасының көмекшісі» жинағы және Busy роботтары. Бұл ойыншықтар 1 жастан асқан балаларға ұсынылады. Әйтсе де жасқа қатысты нақты шектеу жоқ, себебі 6 айлық баласына да сатып алатын тұтынушылар бар екен.

Ойыншықтар қарағайдан жасалады. Материалды арнайы ағаш өңдеу цехінен аламыз. Ағаштан жасалған ойыншықты бала аузына салса да, тістесе де зияны жоқ. Таза ағаш иісі де адам денсаулығына пайдалы. Осы арықтшылықтары үшін ағашты таңдадық, — дейді Маржан Қасымжанова.

Ағаштан ойыншық жасау идеясы Маржанның жолдасы Сәкен Жұмабайдыкі. Екеуі үйленбей тұрып-ақ, Сәкен ойыншық сызбаларын сызып, Маржанмен ақылдасып жүреді екен. Әр ойыншықты өзі қолдан жасайды. Үйінің бір бұрышын шеберхана етіп алған. Ойыншықтардың үшкір, бұрыш жерлері жоқ, беті тегіс, ұстағанға ыңғайлы. Дизайнын өздері ойлап табады. Дайын тауарды Instagram желісі арқылы онлайн сатады.

Фотоны Маржан Қасымжанова ұсынды

Бұл ойыншықтар автоматты емес. Мысалы, көліктер өздігінен жүріп, дыбыс шығармайды. Бала оны жүргізу үшін қозғалтып, сөйлетеді. Маржан осының арқасында бала дыбыс ажыратуды, әр нәрсеге лайық дауыс шығаруды үйренетінін айтады.

Бір ойыншықтың 10-15 данасын жасап қоямыз. Тағы тапсырыс болса, кез келген тауардың көшірмесін жасап береміз. Бағасы — 1 500-3 500 теңге арасында. Тұтынушылар ағаштан жасалған зат неге арзан деп сұрайды. Ағаш таза болғандықтан әрі ойыншық қолдан жасалатындықтан кейде ақысы өзін ақтамай жатады. Дегенмен біздің басты мақсатымыз — адамдардың отандық өнімге қол жеткізе алуы, — дейді «Алантай» дүкені иесі.

Фотоны Маржан Қасымжанова ұсынды

Ерлі-зайыпты 2019 жылы ұл сүйіпті. Есімін Алан деп қойыпты. Сәбиді «Алантай» деп еркелетеді екен. Сондықтан Сәкен мен Маржан барлық баланы еркелетеміз деп дүкеннің атауын да солай қоюға шешім қабылдайды.

«Алантай» ойыншықтар дүкені иелері енді әр жасқа арналған ойыншық жасауды қолға алмақшы. Әліпби үйрететін танымдық ойын ойыншықтарын жасауды жоспарлап отыр.