Петропавлда тұрғын үй құрылысына ЖОО мен колледж студенттері тартылмақ

Бұл туралы Петропавл әкімі Болат Жұмабеков айтты.

Қала әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының орталығында 1 020 бос жұмыс орны бар. Соның басым бөлігі құрылыс саласына қатысты.

Петропавлда бюджеттік 25 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада тағы 8 үйді салуды бастаймыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, біз осы салаға жұмысшыларды тартып жатырмыз. Қазір жастарға жазғы демалыста жақсы табыс табуға мүмкіндік бар. Кезінде біздің көпшілігіміз студенттік, құрылыс отрядтарында және дала жасақтарында жұмыс істеп, тәжірибе жинап, ақша таптық. Енді жоғары оқу орнының және қала колледждерінің студенттерін, оның ішінде құрылыс мамандықтары бойынша оқитын студенттер отрядтарын құрылысқа жұмысқа шақырамын, — дейді қала әкімі.

Болат Жұмабеков құрылыс компанияларының өкілдерімен және қаланың құрылыс алаңдарына жұмысқа орналасуға ниет білдірген студенттермен кездесті.

Петропавлдың құрылыс ұйымдары маусым мен тамыз аралығында жұмысқа 100 адамды қабылдауға дайын. Жаңа нысандардың құрылысы басталысымен қажеттілік артады. Жұмыс істегісі келген жастар Петропавл әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөліміне 8-7152-46-59-56 нөмірі бойынша және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 8-7152-40-05-89 нөмірі бойынша хабарласа алады, — дейді Болат Жұмабеков.

Бұған дейін Петропавлда биыл 40-қа жуық көп қабатты үйдің салынып, пайдалануға берілетінін айтқан едік.