Бұл сауалдарға төтенше жағдай министрлігінің азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Сыздықов Бауыржан жауап берді. 

Жыл басынан бері 53 адам, оның ішінде 26 бала суға батып, қайтыс болған. Сонымен бірге 38 адам құтқарылған. Оның төртеуі — балалар. Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, адамдардың суға батуының мынадай бірнеше себебі бар:

  • Жабдықталмаған, тыйым салынған жерде шомылу — 25 жағдай;
  • Ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы — 18 жағдай;
  • Суға абайсызда құлау және өз күшін дұрыс бағаламау -16 жағдай;
  • Жеке құтқару құралдарынсыз балық аулау — 11 жағдай;
  • Құтқару кеудешелерінсіз жүзу;
  • мас күйінде суға түсу.

2021 жылдың 17-20 мамыр аралығы 12 адам, оның ішінде екі бала суға кеткен, — дейді төраға.

Қай жерде және қашан шомылуға болады?

Қазақстанда шомылу кезеңі 1 маусымда басталып, 1 қыркүйекте аяқталады. Елде шомылуға рұқсат етілген 469 орын бар. Оның 118-і коммуналдық, 275-і жеке жағажай. Коммуналдық орындарда тегін шомылуға болады.

ТЖМ министрлігі төрағасының айтуынша, шомылу үшін судың температурасы 18 градустан жоғары, ал қоршаған ортаның температурасы 30 градустан асуы қажет. Бұдан төмен градуста адам суға түссе, тамыры тартылады, бұлшықеті түйіледі, суға батып кетуі мүмкін.

Әлі шомылу кезеңі басталмады. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ауа температурасы жоғары екенін білеміз. Бірақ суға түсуден бас тартқан дұрыс, — дейді ол.

Қандай қауіпсіздік шаралары жүргізіледі?

Елде жалпы 50 мыңнан астам су айдыны бар. Сол су айдынның 125 бөлігінде Төтенше жағдай министрлігінің құтқару бөлімшелерінің 490-нан астам қызметкері жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге қосымша тағы 48 жылжымалы құтқару бекеттері қойылады. Бұдан басқа министрлік әкімдік және су маңындағы демалыс орындары иелері, 250 жасақ құтқарушыларымен бірлесіп 108 нысанды құтқару бекеті құрылатынын айтады. Ал судан зардап шеккен адамдарға алғашқы медицина көмегін беру үшін өңірлерде жалпы 97 медицина бекеті дайындалды.

Қаладағы балаларға арналған жағажайларда құтқарушылар жүзуге үйретеді. Сонымен бірге төтенше жағдай мен ішкі істер министрлігінің жалпы 8800 қызметкері суға түсуге тыйым салынған жерлерді аралап, рейд жұмысын жүргізеді, — дейді Бауыржан Сыздықов.

Суға түспес бұрын қандай ережені білген дұрыс?

Бауыржан Сыздықов шомылу маусымы басталғанда мынадай қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес берді:

  • «суға түсуге тыйым салынады» деп жазылған орындарда суға шомылмау;
  • жүзу шекарасын белгілейтін қалқы белгілерден өтіп жүзбеу;
  • судағы кеме, қайық және басқа да құралдарға жақындамау;
  • мас күйде шомылмау;
  • тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға түспеу;
  • жүзуге арналмаған заттармен жүзбеу;
  • қайық, катер, жағажай, бекеттерден және сондай мақсатқа бейімделмеген орындардан суға секірмеу;
  • су айдынындағы қауіпсіздік белгілерін өз бетінше алып тастауға, бүлдіруге немесе орнатуға болмайды.
  • жағада немесе шешіну орындарында адамдарға зиян келтіретін заттар мен қоқыстарды қалдырмау;
  • Балаларға ересектерсіз суға түспеу керек.