Басты бетҚоғамОралда жүкті...

Оралда жүкті әйел отырған жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Апат 27 мамырда сағат 13.47 шамасында Шолохов пен Тюленин көшелерінің қиылысында болған. Соқтығысу салдарынан жедел жәрдем көлігі бір бүйіріне қарай аударылған.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Toyota Alphard жедел жәрдем көлігімен соқтығысты. Апаттың мән-жайы анықталады, — делінген хабарламада.

Көлік апаты
Фото: БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы өкілі де апатқа қатысты мән-жайды хабарлады.

Бәйтерек ауданы Дарьинская ауруханасының санитар көлігі жол апатына ұшырады. Онда жүкті әйел медбикемен бірге кардиология орталығына бара жатқан. Арнайы көлікте сирена қосылып тұрған. Бірақ жүргізушілердің бірі жедел жәрдем көлігіне жол бермей апат болды, — делінген денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жүкті әйел мен медбике кішігірім жарақат алғанын айтты. Науқас облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді. Тексеру кезінде оның және 35-36 апта болған шарананың зардап шекпегені анықталды.