Басты бетҚоғамБатысқазақстандық қос...

Батысқазақстандық қос түлек грант беру конкурсына тікелей қатысады

Биылғы шара санитария-эпидемиология жағдайына байланысты 3 форматта ұйымдастырылды. Біріншісі — 9, 11 сыныптарға мектептерде салтанатты жиын өңірлік бас санитар дәрігердің келісімімен мектеп аумағында ашық алаңда санитария нормаларын сақтай отырып өтті. Екіншісі — сыныпта сынып сағаты түрінде және үшіншісі — онлайн сынып сағаты түрінде өткізілді.

Сонымен бірге педагогикалық этика және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектеп әкімшілігіне және педагогтерге сыйлықтың кез келген түрін алуға қатаң тыйым салынған. Мектеп бітіру кештерін ойын-сауық орталықтарында өткізуге, мерекелік дастархан жасауға рұқсат етілмейді.

Мектеп түлектерінің қорытынды аттестаттауы 28 мамырда басталады. Биыл «Алтын белгіге» үміткерлердің жазбаша жұмыстарын білім басқармаларының жанынан құрылған комиссия тексермек. Тексеріс нәтижелері білім беру ұйымдарына жіберіліп, мектеп директорларының бұйрығымен төсбелгі иегерлерінің тізімі 12 маусымға дейін бекітіледі. Мектеп бітірушілерге аттестат табыстау рәсімі 14 маусымда «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбында өтеді.

Өңір бойынша 2020-2021 оқу жылын 111 мыңға жуық оқушы аяқтап жатыр, олардың ішінде 5 916-сы 11 сынып түлектері, 8 690–ы 9 сынып оқушылары. «Алтын белгіге»  430 оқушы, «Үздік аттестатқа» 185 оқушы үміткер.

Айта кетейік, Оралдағы дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп интернатының екі түлегі Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 140 балдық көрсеткішпен сертификат иеленбек.

Былтыр ҰБТ тапсырудағы басты жаңалық – SAT, ACT, IB халықаралық стандартталған тесттерінің балын Ұлттық бірыңғай тестілеу балына ауыстыру шкаласы енгізілген еді. Егер түлек SAT reasoning және SAT subject сертификаттарын ҰБТ тапсыру пунктінде тапсырған болса, сол сертификаттары ҰБТ балы ретінде көрсетіледі. Түлектер ҰБТ-дан босатылып, грант беру конкурсына қатыса алады.

№11 мектептің түлектері Гүлшат Бекқалиева мен Әйгерім Қонар халықаралық стандартталған тест тапсырып, ең жоғары ұпай жинаған. 650 балдан жоғары жинаған түлектерге ҰБТ-ның ең жоғары 140 балы берілді. Енді бұл сертификатпен олар грант беру конкурсына қатыса алады.