Кәсіпкердің айтуынша, бір ғана Алматыда ресми тіркелген 153 кілем жуатын орталық бар. Бірақ бұл іспен ақша табатындар одан көп, жалпы саны 200-ге дейін барады екен. Олардың қатарында үйде отырып қызмет ұсынатындар да бар.

Шынар Бектұрсынова клиенттердің бәрімен өзі сөйлеседі. Кілемнің шаршы метріне байланысты ақысын да келіседі. Қазір маусым басталғандықтан бір шаршы метрге 600 теңге төлеп, кілем жудыртуға болады. Компания ыңғайлы уақытта үйге келіп, кір кліемді алып кетеді. Клиент өзі де апара алады. Қызмет үшін арнайы қағаз толтырылып, уақыты, бағасы бекітіледі.

Kilem time
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әуелі арнайы аппаратпен кілемнің шаңы қағылады. Шынар Бектұрсынова кілемді қаққанға дейін және кейін оны таразыға өлшеп, салмағы азайғанын көріп жүрмін дейді: орташа көлемдегі кілемнен 1-2 келі шаң шығады екен.

Кілемде осынша шаң жиналуы мүмкін екенін біраз адам білмейді. Тіпті шаңсорғыштың өзі кілемдегі шаңды толық алмайды, — дейді кәсіпкер.

Шаңы қағылған соң кілемнің дақтары зерттеледі. Әлдене төгілген, жұққан болса, сол жер бірінші тазаланады. Себебі мұндай дақтар су тигенде жайылуы немесе мүлдем көрінбеуі мүмкін. Одан соң кілем арнайы құрылғымен, щеткамен толық жуылады. Кілемнің материалына қарай арнайы шампунь таңдалады. Осыдан кейін кілем кір жуғыш машинаға ұқсас аппаратта сығылады. Соңында арнайы камераға ілініп, 8-10 сағат ыстық ауада кебеді.

Жуылған, таза кілем ең соңында финиш үстеліне жайылып, таралады. Сол кезде қызметкерлер кілемді мұқият қарап, тексереді. Арнайы парфюм сеуіп, орап, пакетпен қаптайды. Дайын кілем үй иесіне жеткізіледі. Қызмет ақысы сол кезде төленеді.

Кілемді сығатын аппарат
Кілемді сығатын аппарат. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шынар небәрі 2 ай уақыт өтсе де, жұмыс көп, табыс бар екенін айтты. Қаладағы өмір, уақыттың тапшылығы осындай қызметтерге жүгінуге себеп болады. Тіпті жеке үйде тұратын адамдар да кілемін арнайы ұйымға хабарласып, жуғызады екен. Бірақ мұндай қызметтің барын білмейтін адам да жетеді.

Сондықтан маркетинг жағына ерекше көңіл бөлеміз. Жолдасым кәсіби видеограф болғандықтан бүкіл процесті түсіріп, әлеуметтік желіде көрсетеміз. Блогерлермен жұмыс істедік. Кілемді жуатын, оны жеткізетін жігіттердің арнайы логотиппен футболкасы бар. Кілемді таситын көлікте де арнайы жазу бар. Осының бәрі компания атауы жаттала беру үшін жасалды. Кілемді жуып, үйіңізге апарғанда компаниямыздың аты, байланыс нөмірі жазылған магнит береміз. Ол магнит тоңазытқыштың есігіне ілінеді. Адамдар бір жылда кілемді бірнеше рет жудырмаған соң ұйымның атын да ұмытып қалады. Келесі жылы клиент бізге қайта хабарласуы үшін осындай қадамдарды ойластырдық, — дейді Шынар.

Шынар бұрын өзі де кілемін арнайы ұйымдарға жудырған. Мұндай қызмет ұсынатындардың жіберетін қатесін сонда байқапты.

Өз кәсібімде сол жағын ескеріп жүрмін. Сонымен қатар сапа мен жуып беру уақытына ерекше көңіл бөліп жатырмын. Мысалы, кілемді клиенттен бүгін алып кетсек, ертеңіне кешке апарып бере аламыз. Себебі адамдардың көзін ашқым келеді. Кілемді бұрынғыдай кір сабынмен жуып, оны суын сорғалатып далада немесе ағашқа іліп қойып, кептіретін ұйым емеспіз. Бізде кілемді жуатын, сығатын, кептіріп беретін арнайы құрылғылар бар. Оның бәрі кілем үшін, оның бұзылмауы үшін жасалған. Автожууда кілем жуған тиімсіз әрі ол қауіпті, — дейді кәсіпкер.

Кілемді кептіретін камера
Кілемді кептіретін камера. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шынардың айтуынша, автожууда кілемді көлікке арналған аппаратпен, сұйықпен жуады. Оның бәрі кілемнің материалын, жұмсақтығын құртып жібереді. Кептіргенде де оны далаға, жолдың бойына жайып қояды. Одан кілем шаңданады, кірленеді.

Жарнаманы да адамның жасына қарай әртүрлі жасауға тура келеді. 30-40 жасқа дейінгілер үшін әлеуметтік желідегі жарнама жетіп жатыр. Ал одан үлкендерге арнап үйдің сыртына, есік алдына қағаз жарнама ілеміз. Көбіне үлкендерде күмән болады. «Кілемімді алып, жоқ болып кетпей ме?» деп қорқады, — дейді ол.

Кілемді кептіретін камера
Кілемді кептіретін камера. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сонымен қатар Kilem time үйдегі жұмсақ жиһазды да тазалаумен айналысады. Клиенттің үйіне барып, бірер сағатта жуып береді. Болашақта перделер мен көрпе-жамылғыларды да жуатын үлкен орталыққа айналғалы тұр.

Қазірдің өзінде халық перде мен төсекті жуып беретін адам іздейді. Сұраныс бар, демек мұны да қолға алуымыз керек. Үлкен перделерді, көрпелерді жууға үйдегі қарапайым кір жуғыш машинаның күші жете бермейді. Тіпті қазір пердені іліп беретін ұйымдар да бар, — дейді Шынар Бектұрсынова.

Жас кәсіпкер алғашында арнайы жалға алатын орынды ұзақ іздегенін айтады. Кілем жуатын болғандықтан ол жер қалалық суға, канализацияға, жарыққа, жылуға қосылуы керек. Көлемі 100 шаршы метрден асқаны да дұрыс.

Арнайы орын табу – істің басы. Одан соң сол орынға мини бассейн және кілемді кептіретін камера салдық. Мұндай камераға ауа кірмейді және шықпайды. Қазақстанда құрылғыларды, арнайы үлкен аппаратты құрастыратын адам бар. Былайша айтқанда отандық өнімді өзі жасап, сатады. Бизнеске алғашында шамамен 7-8 миллион құйдық,  — дейді бизнесмен.

Шынар мен жолдасы кілем жуатын орын іздегенде, ішін жөндегенде әлеуметтік желі арқылы компанияны таныстыра беріпті. Арнайы логотипін де дайындап қойған. Сол кезде адамдардан кілем жуып беретін ұйымдарға сенетін-сенбейтінін де сұрастырған. Сәуірде кілем жуып, клиенттерге қызмет көрсетуді бастады.

Бұрын белгілі оператор компанияда жұмыс істедім. Аналитика, сату жағынан қабілетім болды. Жолдасым болса видеограф. Бір күні «Екеуіміздің осы қабілетімізді біріктіріп, неге өзіміздің іске бағытамасқа?» деген ой келді. Бір ағам адамдардың кілемін жуып, кәсіп жүргізіп отыр. Соған қарап, талдау жасап, осы саланы зерттеп барып кірістік, — дейді Шынар.

Kilem time
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір Kilem time компаниясында Шынар мен жолдасынан бөлек төрт адам жұмыс істейді. Екеуі кілемді жуса, біреуі тасып, енді біреуі көлікті жүргізіп, кілемді жеткізеді.

Әрдайым сенімді адамды табу оңайға соқпайды. Оның үстіне кілем жууға кез келген адам келісе бермейді. Дегенмен пәтер жалдап тұратын, несие төлейтін адамдарға мұндай жұмыс керек. Сонымен қатар студенттерді де шақыруға тырысамыз. Жалпы мұндай жұмыста адам жиі ауысып тұрады, — дейді кәсіпкер.

Шынар Бектұрсынова жастар көбіне «Бизнес бастау керек еді» дейді де, түбінде ештеңе істемейтінін айтады. Ал отбасын құрғанда адам алға қарай қадам жасай бастайды, тәуекелге барады. Шынар жолдасымен бірге бастаған іс берекелі болатынын да байқапты.

Отбасын жаңа құрған адамдарда нақты мақсат болады. Олар әрекетке бейім. Тура сол сияқты біз де жақсы жердегі жұмысымызды тастап, жеке ісімізді бастадық. Жолдасым шаршаса, ашуланса, мен оны тоқтата аламын. Мен қажып кетсем, ол маған қолдау көрсете алады. Отбасы болып ашқан кәсіп әлдеқайда тиімді екен, — дейді бизнесмен.

Шынар Бектұрсынова
Шынар Бектұрсынова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Теледидарда кілемнің кірін кетіретін химиялық заттарды жиі көрсетеді, сонымен сүртіп алуға болатынын айтады. Ал Шынардың сөзінше, мұндай тәсіл дұрыс емес.

Дақ кетіретін химиялық зат кілемде ұзағырақ тұрса, ол материалды күйдіреді. Сосын сап-сары дақтар қалады. Оның үстіне кілемді үй жағдайында бір ылғалдап қана тазалап алу оның кірін толық кетірмейді. Көйлегіңізге бірдеңе тамса, ылғал орамалмен сүртіп аласыз ғой. Ол кезде оның беті тазарады, ал дақ пен иісі қалады. Біздің де мақсат — кілемді түбіне дейін толық тазалау, исін кетіру. Жылына 3-4 рет жуу артық етпейді, — дейді Шынар Бектұрсынова.