Саяси сатира құбылыстарды әзіл аралас мысқыл, ирония, гипербола, аллегория, пародия сияқты түрлі тәсіл қолдану арқылы елдегі өзекті оқиғалар, саясаткерлер, олардың іс-әрекеттері жайлы ойды жеткізуге, қандай да бір көзқарасты білдіруге немесе айыптауға көмектеседі.

Бұл құралды әзіл-ысқақшылар, саясаттанушылар, журналистер, белгілі тұлғалар қолданады. Және оны қабылдай алмайтын билік өкілдері де бар. Мәселен, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп журналистердің мысқылына ашумен жауап берсе, Ирактың экс-лидері Саддам Хусейн президент кезінде Long Live Saddam сатира шоуының авторын және тағы басқа бірнеше сатирикті өлтіруге бұйрық берген.

Алайда мұндай қауіп әзіл арқылы ащы сын жеткізіп отырған адамдарды тоқтатқан емес.

АҚШ

АҚШ саясат туралы емін-еркін әзілдейді. 67 жылдан бері ел телевизиясында кешкі әзіл-ысқақ форматындағы ток-шоулар сәтті көрсетіліп келеді. Медиада саяси тақырыптар жиі қозғалады. Ал Президент Дональд Трамптың билікке келуі мұндай бағдарламалардың маңызын арттырды. Себебі оның журналистермен жиі ұрсысуы, эмоцияға берілуі мемлекет басшысы туралы әзілге толы репортаж, карикатура, мем жасауға итермелейді.

1975 жылы NBC арнасынан экранға жол тартқан Saturday Night Live шоуы бүгінге дейін кеңінен танымал. Ойын-сауық бағдарламасы сюжетіне қоғамдағы саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғалар негіз болады. Онда белгілі актерлер мен сатириктер саясаткерлердің образын сомдайды. Мәселен, Дональд Трампты актер Алек Болдуин, ал президенттің баспасөз хатшысы Спайсерді Мелисса Маккарти ойнаған-ды. Бүгінде шоуды 10,6 миллион адам тамашалайды екен.

сатира, Трамп
Дональд Трамп рөліндегі актер Алек Болдуин және баспасөз хатшысы Спайсер образында Мелисса Маккарти. Фото: Nytimes.com

Комик Стивен Кольбердің шоуы АҚШ-та рейтінгі жоғары бағдарламаның бірі саналады. Сатирик онда өткір әзілдерімен президентті, басқа саясаткерлерді сынап, оларға үндеу жолдайды. Кольбердің бұл шоуы интернетте миллиондаған қаралым жинайды. Тіпті кейбір АҚШ азаматы дәл осы бағдарламадан елдегі кейінгі жаңалықтарды біліп отырады екен.

The Daily Show-дың бұрынғы жүргізушісі Джон Стюарттың да АҚШ қоғамына ықпалы зор. Сатирик саясат туралы әзілдеп қана қоймай, 2019 жылы маусымда АҚШ соты комитетінің палатасына қатысып, заң шығарушыларға 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі террор актіні жоюшыларға өтемақы төлемдерін ұзартудың маңызын түсіндіруге тырысты. Нәтижесінде оның ойы ескеріліп, заң мақұлданған болатын.

2015 жылдан бастап The Daily Show-ды Тревор Ноа жүргізеді. Ол тізгінді қолына алған уақытта АҚШ-та президент сайлауы өтіп жатқан. Содан бері Тревор Ноа шоуының бас кейіпкері — Дональд Трамп.

сатира, Трамп
Фото: Аnnenbergcenter.org

The Daily show сценарисі Кэт Рэдидің айтуынша, адамдарға өмірдегі саяси оқиғаларды қабылдау, оны саралау қиын. Сондықтан оларға жаңалықтарды әзілмен жеткізетін бағдарламалар керек. Шоу арқасында адамдар қиын кезеңді жеңіл өткізеді.

Ресей

Newsweek-тің мәліметінше, ресейліктер ел басшыларының кей іс-әрекетін ашық түрде келемеждеп, көзқарасын айтып отырады екен. Алайда билікке Владимир Путин келгелі саяси сатира цензураға ұшыраған.

Мәселен, 2000 жылдың қаңтарында НТВ арнасының «Куклы» шоуының бір бағдарламасын жаңа президент Владимир Путинге арнайды. НТВ арнасының мәліметінше, бұған Путин ашуланып, «Куклы» бағдарламасын жабуды талап еткен. Бірақ арна басшылығы бас тартады. Бірнеше айдың ішінде арна мемлекет бақылауына алынып, Путин туралы әзілдер жоғалып тынады.

Дегенмен интернеттің қарқынды дамуы Ресейге саяси сатираның қайта оралуына себепші болады. 2010 жылы Twitter әлеуметтік желісінде @KermlinRussia микроблогы ашылады. Бұл аккаунт Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведевтің @KremlinRussia деп аталатын ресми микроблогына пародия ретінде құрылған. Арнаның бір миллионнан астам оқырманы бар.

саяси сатира
Парақшаның скрині

@KermlinRussia аккаунты @KremlinRussia парақшасының дизайнын көшіріп, хабарламаларды президенттің атынан жазады. Блог саяси сатира жанрында жүргізіліп, кейінгі жаңалықтарды бөлісіп отырады.

@KremlinRussia: Отрешить Лужкова Юрия Михайловича от должности мэра Москвы в связи с утратой доверия Президента Российской Федерации.

@KermlinRussia: Это был неправильный мэр и он делал какой-то неправильный мёд.

Бірақ @KermlinRussia авторлары саясаткерлердің мысқыл мен әзілді түсінбейтінін айтады. Ал Ресей сатиригі Виктор Шендеровичтің пікірінше, қазіргі кезде Ресейде саяси сатира әлсіз. Оған себеп — салт-дәстүр мен қорқыныш. 

Қазақстанда қалай?

Қазақстанда саясаткерлерді ашық сынайтын, оларға үндеу жасайтын ТВ-бағдарламалар болмағанымен, әлеуметтік желілерде түрлі паблик бұл тақырыпты қозғайды.

Жақында осындай парақшалардың бірі Qaznews24-тің авторы үстінен іс қозғалған болатын. 15 мамырда Алматы полициясы Instagram-да сатира жанрында материал жариялайтын Qaznews24 паблигының жетекшісі Темірлан Еңсебектің пәтеріне келіп, тінту жүргізіп, кеңсе техникасын алып кетті. Автордың өзін бірнеше сағат тергеп, босатқан. Қазіргі кезде «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

сатира
Парақша скрині

Qaznews24 парақшасында әлеуметтік желіде, қоғамда көп пікірталас тудырған даулы оқиғалар жарияланып отырған. Мәселен, осыған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құдай дәрежесін беріп, мұны Конституцияда бекітуді ұсынды» деп жазылса, тағы бірінде ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарының жылына бір реттен артық шетелге шығуына, шетелде түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялауына тыйым салатын заң жобасын жасап жатыр деген сатиралық «жаңалық» болған. Дегенмен парақша профилінде бұл жаңалықтардың шындыққа жанаспайтынын ескертіліп жазылған.

Қазіргі парақшадағы барлық пост өшірілді.

Кей бұқаралық ақпарат құралы Темірлан Еңсекбековке тағылып жатқан айыппен келіспейді. Factcheck сайты сатираның қылмыс емес екенін айтып, ішкі істер министрлігіне ашық үндеу жариялады. Мұны бірнеше бұқаралық ақпарат құралдары, журналистер қолдады.

Сатира – қылмыс емес. Бүкіл әлемде сатира мен сын, оның ішінде мемлекеттің лауазымды тұлғаларына қатысты айтылса қалыпты нәрсе ретінде қабылданады және керісінше, қоғам дамығанының, пікір еркіндігі құқығы сақталғанының белгісі. Халқымыздың ұлттық өнері – айтыс та сатира мен сыннан тұрады, пікір еркіндігі – ұлттық дәстүр мен мақтанышымыз. Сөз бостандығын қамтамасыз ету – Қазақстан өз мойнына алған халықаралық міндеттердің бірі, — деп жазылған үндеуде.

Тағы бір саяси сатира парақшасы — Lé Shapalaque Comics. Авторы — карикатурист Мурат Дильманов. Ол суреттер арқылы Қазақстанда болып жатқан маңызды оқиғаларды бейнелейді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Lé Shapalaque Comics (@shapalaque)

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Lé Shapalaque Comics (@shapalaque)

Суретші-карикатурист Ғалым Смағұлұлы да жеке парақшасында өз жұмыстарын бөліседі. Оның карикатурасының көбі саяси оқиғаларға негізделген. Мәселен, парақор басшы, сөз бостандығы, пандемия және тағы басқа мәселелерді суреттелген.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Ғалым Смағұлұлы Boranbayev (@galymkarikatura)

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Ғалым Смағұлұлы Boranbayev (@galymkarikatura)

Журналист Жұлдыз Әбділдә «Еркін сөз» хабарына берген сұхбатында бұрын астары бар саяси анекдоттың көп болғанын айтады. Алайда цензура салдарынан оның көбі халық арасында жаппай таралмай қалған.

Айтыскерлер, жайдарманшылар да астарлап айтып жатады. Дегенмен оның көбі қиылып, телевизиядан көрсетілмейді. Бірақ әлеуметтік желіде көптеген автор пайда болып, өз жұмыстарын көрсетіп жатыр. Сахнада жүрген сатириктер осы авторлармен жұмыс істегені абзал , — дейді журналист.