Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлады.
Бердібек Сапарбаев қаңтар-сәуір айларында Жамбыл облысының өнеркәсіп көрсеткіші 107,1%, ауыл шаруашылығы 103,2%, құрылыс 110,3% артып, өңірге құйылған инвестиция 75,2 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Сонымен бірге былтыр облыста 768 мың гектар жерге егін егілсе, биыл егістік алқап 46 мың гектарға ұлғайған.
Облыстағы эпидемиология жағдайы да сөз болды. Жалпы 2 580 төсек-орын әзірленген. Медициналық құрал-жабдықтармен қамту тиісті дәрежеде жүргізіліп, дәрілік заттардың жеткілікті қоры қалыптасқан. Жоспар бойынша 582 мың азаматқа вакцина салу керек болса, бүгінде 100 мың адамға екпе егілген.
Өңірде өзге ұлт өкілдері тығыз шоғырланған 25 елдімекеннің этнокартасы жасақталған. Мемлекет басшысына Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Былтыр тұрғын үй, жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңге болатын 392 жоба іске асырылған. Зардап шеккен нысандар мен тұрғын үйлер толығымен қалпына келтірілген.
Гвардейск ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, тиісті қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыттың сынамалық қосылуы маусым айына белгіленген.
Мемлекет басшысы облыстағы эпидемия ахуалын бақылауда ұстау, инвестиция тарту және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.