Нұсқаулықтар мен ережелеге назар аудару
Саябақтағы әр аттракционның өзіне тән ережесі жанында жазылып тұрады. Мәселен, ол келушілердің бойына, жасына, салмағына қатысты шектеу болуы мүмкін. Ата-ана да, бала да сол жазбаға мән бергені жөн. Белгілі бір әткеншекке отыруға жасы немесе бойы жетпесе, одан бас тартқан дұрыс. Ең әуелі қауіпсіздікті ойлаңыз. Сонымен қатар, ересектерге де балалар әткеншегіне отыруға болмайды.
Шама-шарқына қарау
Кез келген аттракцион түріне отырмас бұрын адам өз шама-шарқын есептеп, объективті түрде бағалауы қажет. Денсаулығын, өзіне тән жеке қабілеттерін ескерген жөн. Мәселен, аяғы ауыр әйелдің немесе биіктен қорқатын яки қан қысымы жоғары адамның тәуекелге бармағаны жөн.
Тамақпен кіруге болмайды
Көп ата-ана баласының қарны ашып қалмас үшін үнемі тамақ алып беруге тырысады. Дегенмен әткеншекте отырған баланың қолында тамақ болмауы қажет. Біріншіден, бала шашалып қалуы мүмкін. Ал аттракцион құрылғысы қосылып тұрғанда оған дер кезінде көмек беріп үлгермей қаласыз. Одан бөлек бала қолындағы тәтті немесе сусын қатты жылдамдық кезінде басқа адамдарға төгілуі ықтимал.
Артық қимылдауға болмайды
Аттракционда отырған баланың көбі ата-анасына қол бұлғап, мәз-мейрам болып жатады. Бұл — дұрыс емес. Әткеншектегі балаға қол бұлғауға, орнынан тұруға, кабинка ішінен басын шығаруға, артық қимылдауға болмайды. Орнынан сәл жылжып немесе артық қимыл жасаса, қауіпсіздік белдігі шешіліп кетуі мүмкін. Ереже сақтамаған қонақ өзінің және жанында отырған басқалардың өміріне қауіп төндіреді. Қауіпсіздік белдігін аттракцион тоқтаған соң бақылаушының нұсқаулығымен ғана шешу керек.
Бақылаушылардан сұрау
Әлдебір жағдайға немесе оқиғаға тап болсаңыз, көмекті саябақта жұмыс істейтін бақылаушылардан сұраған жөн. Себебі олар барлық ережемен таныс. Сонымен бірге сізге қажет болуы мүмкін әжетхана, медицина орталығы, администратор орталығы, асхана сияқты орындардың қайда орналасқанын біледі.
Тағы да оқыңыз: Ата-ана үрмелі батутта қандай норма сақталғанын білуі тиіс?