Жиза — орысша «жизнь», яғни «өмір» деген сөздің қысқарған түрі. Жастар оны өмірде кездесетін қандай да бір ситуацияны бастан өткергенде немесе сондай оқиға туралы оқығанда қолданады.
Изи — ағылшынша «easy» деген сөзді оқылуы бойынша қолдану, аудармасы «оңай» дегенді білдіреді. Мысалы: «Емтихан изи болды», «Үй жұмысы ма? Изи ғой».
Краш ағылшынның сrush деген сөзінен шыққан, бірақ әу бастағы «бүліну, ұсақтау» деген аударманы білдірмейді. Краш — біреуді сыртынан ұнату, жауапсыз жақсы көру. Жастар көбіне актерларды, әнші-бишілерді «менің крашым Пәленше» деп айтып жатады.
ЛП — орысша «лучшая подруга» дегеннің қысқарған нұсқасы. МЧ — қыздың кездесіп жүрген жігіті (молодой человек), ЛЧ — сүйікті адам (любимый человек). Қазір мессенджерлерде жиі сөйлесетін болғандықтан, ұзақ жазуға ерініп, сөзді қысқартып жазу сән. Ол сөздер келе-келе ауызекі тілге өтіп кетеді.
Хейт — біреуді ашықтан-ашық ұнатпау, оның қаншалық жаман, нашар екенін ауызша немесе жазбаша хабарлау. Hate деген сөзден шыққан, аудармасы — өшпенділік. Әдетте, танымал артистердің фанаттары және хейтерлері болады. Мысалы, Димаш Құдайбергеннің фанаты dears, Ninеty One тобыныкі eagles болса, оларды және олардың шығармашылығын ұнатпайтындар хейтерлер болады.
Гоу — ағылшынның «go» деген сөзі, «кеттік» деген мағынада қолданылады. Бұл сленгіні қолданатындар «гоу» дегеннің өзін ұзақ көріп, оны «го» деп жазады. Біреуді бір жаққа шақырғанда немесе қандайда бір ұсыныс жасағанда қолданады. Мысалы: «Кешке Айдостың үйіне жиналамыз. Го?» — «Го». «Қыз-жігіт боп жүрейік. Го?» — «Го».
Сорян — «sorry» сөзінің қысқартылған нұсқасы. Кешірім сұрағанда, онда да кешірім сұрау сипатын жұмсарту үшін қолданады.
Ауф — кайф, керемет. Бұл сөз таңданғанда, сүйсінгенде, көңіл қалғанда, мұңайғанда айтылады. Қай эмоция екенін білу үшін интонацияға мән берсе болғаны.
Рили ағылшынның really деген сөзінен шыққан. «Шынымен, расында» деген сөздердің орнына қолданылады. Оған қоса, таңғалғанда да осы сөз сұрақ ретінде қойылады: «Жазда лагерьге бармайтын болдым, ауф. — Рили?»
Олд — ағылшынның old (кәрі) деген сөзінен шыққан. Бірақ ол орыс және қазақ тілдерінде сын есімнен зат есімге ауысып кеткен. Олды деп өзінен сәл үлкен адамды да айта береді, бұл сөзді жеңіл қабылдау керек. 18-дегі досыңыз 19-дағы сізді «олд» десе, ашуланып жүрмеңіз, оны да олд, яғни кәрі санайтын 17 жастағы танысы бары анық. Әлеуметтік желіде ностальгия беретін заттар фотосы және фильм, мульфильм үзінділеріне «Олды тут?» деген тақырып қойып жатады.
Инсайд — ағылшынның inside (ішкі) деген сөзінен шыққан. Бұл — қандайда бір ұйым қызметкерінен келген, тек осы ұйым ішінде ғана қолдануға болатын ақпарат.