Мешін жылындағы жеті оқиға

Үкіметтегі ауыс-түйіс

Үкімет басшысының ауысуы билік тармағындағы шоқтығы биік оқиға болғаны сөзсіз. Әсіресе, ҚР Премьер-Министрі қызметін атқарып келген Кәрім Мәсімовті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне төрағалыққа тағайындауы қазақстандықтар үшін тосын жаңалық болған еді. Ал Үкімет тізгінін Бақытжан Сағынтаев қолға алды. Ол жаңа тағайындауға дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болған. Кезінде Ұлттық экономика министрлігін басқарып, «Нұр Отан» партиясына жетекшілік еткен. Павлодар облысын да басқарған. Сағынтаевтың бірінші орынбасарлығына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған Асқар Мамин мен Қорғаныс министрі болған Иманғали Тасмағамбетов келді. Айта кетерлігі, биыл жаңадан үш министрлік құрылып, алғашқы басшылары тағайындалды.

Атап айтқанда, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің тізгінін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Бейбіт Атамқұлов қолға алды. Ал дін істері және азаматтық қоғам министрі болып Нұрлан Ермекбаев тағайындалды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне басшы болып Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы болған Дәурен Абаев келді. Мұнан бөлек, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта құрылып, төраға қызметіне Қайрат Қожамжаров келсе, Әділет министр болып Марат Бекетаев, Ұлттық экономика министрі болып Қуандық Бишімбаев тағайындалды.

Парламенттегі сайлау

Осы жылдың наурыз айында Қазақстан халқы ҚР Парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында өз таңдауларын жасады. Нәтижесінде, қорытынды мәлімет бойынша елімізде дауыс беру құқығына ие 9 миллион 810 мың 852 адамның 7 миллион 566 мың 150-і сайлауға қатысып өз дауысын берді. Осыған сәйкес, «Нұр Отан» партиясы 6 миллион 183 мың 757 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 82,20 пайызына ие болды. Қазақстан коммунистік халық партиясы 537 мың 123 дауысын немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7,14 пайызын жинады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы 540 мың 406 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7,18 пайызын, «Бірлік» саяси партиясы 21 мың 484 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 0,29 пайызын алды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 88 мың 813 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 1,18 пайызын және «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 151 мың 285 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 2,01 пайызын алды. Нәтижесінде 7 пайыздық межені еңсерген «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстанның коммунистік партиясы жаңа Мәжілісті жасақтады.

Жер реформасы

Ағымдағы жылы қоғамдық резонанс тудырған басты оқиғалардың бірі Жерді шетелдіктерге жалға беруге қатысты мәселе болғаны сөзсіз. Дәл осы мәселеге байланысты еліміздің бірқатар өңірінде заңсыз шерулер өтіп, содан кейін Президенттің тапсырмасымен арнайы Жер комиссиясы да құрылған болатын. Ол 4 ай жұмыс істеп, біраз іс тындырды. Елбасына арнайы ұсыныстарын да берді. Нәтижесінде Мемлекет басшысы Жер кодексіне түзетулер енгізуге 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторийды ұзарту туралы Жарлыққа қол қойды. Айтпақшы, Жер кодексіне қоғамдық дау-дамай тудырған өзгертулерді әзірлеген Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Ерболат Досаев өз еркімен отставкаға кеткен болатын.

Ақтөбе мен Алматыдағы теракті

Тарих қойнауына сырғып бара жатқан Мешін жылындағы ең қайғылы оқиғалар Ақтөбе мен Алматыдағы террорлық актілер еді. 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбеде бір топ қылмыскер «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкеніне, сонымен бірге Қазақстан ұлттық гвардиясының №6655 әскери бөліміне қарулы шабуыл жасап, бірнеше адам қаза тапқан еді. Осыдан кейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласында болған террористік актілерге байланысты жасаған мәлімдемесінде лаңкестер заңның ең қатаң талаптарымен жазаға тартылатынын қадап айтты.

«Мен қайтыс болғандардың отбасыларына, туыс-туғандарына шын жүрегіммен көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметкерлер отан алдындағы антына адал болып, ел қауіпсіздігі жолында өшпес ерлік көрсетті. Олардың ерліктері мемлекет тарапынан лайықты бағаланатын болады. Оның үстіне 4 азамат қайтыс болды, бәрі Ақтөбенің тұрғындары. Сондықтан, мен ертеңгі бейсенбі, 9 маусым күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Қаза болғандардың артында отбасы, бала-шағалары қалды. Менің тапсырмам бойынша, оларға барлық қажетті көмектер жасалуда», — деді Елбасы.

Айта кетерлігі, содырлардың барлығы да ұсталып, жауапқа тартылды. Ал 18 шілдеде Руслан Күлекбаев Алмалы ауданы ІІБ ғимаратына шабуыл жасады және қаланың бірнеше жерінде полиция қызметкерлерімен атысты. Соның салдарынан 8 полиция қызметкері мен 2 бейбіт тұрғын мерт болды. 2 қараша күні сот қанды қырғын жасаған Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кестіі. Дегенмен біздің елде өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, Күлекбаев өз жазасын түрмеде күтетін болады. Оның сыбайластары да ұзар мерзімге сотталды.

Кейкі батырдың бас сүйегінің елге жеткізілуі

93 жыл бойы Санкт-Петербор қаласындағы Кунсткамерада сақталып келген Кейкі батырдың бас сүйегінің елге жеткізілуі халқымыз үшін маңызды оқиғалардың біріне айналғаны анық. Батырымыздың бас сүйегін елге қайтару үшін ресейлік тараппен келіссөздер ұзақ уақыттан жүргізіліп келгені белгілі. Келіссөздер нәтижесін беріп, 12 тамызда Қазақстан өтініші бойынша РФ Премьер-министрі Дмитрий Медведев Кейкі батырдың бас сүйегін Астанаға қайтарып беру жағын қарастыруға уәде берген болатын.

«Бізде бір мәселе бар. Менің сізден сұрар өтінішім: сол кезеңде ұлт азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі болған Кейкі батырдың РҒА Ұлы Петр атындағы антропология және этнография мұражайындағы бас сүйегі туралы мәселенің анық-қанығын біліп беруге тапсырма берсеңіз. Оның сүйегін Қазақстан топырағында жерлеу үшін қайтарып беру мәселесінің шешімін табу мүмкіндігін қарастырсақ», — деген еді сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстары Мажарстанда жүргізілді. Бас сүйек батырдың туған жері Қостанай облысы Амангелді ауданының Тасты ауылында арнайы салынған мазарға жерленетін болады.

Жазғы Рио Олимпиадасы мен Паралимпиадасындағы жеңіс

Қазақстандық жүзуші Дмитрий Баландин Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында 200 метрлік брасс сайысында Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Бұл Қазақстанның жүзу спорты тарихындағы алғашқы алтын медаль, нағыз сенсация десек те болады. Осы Риода жүзуден тағы бір алтын алдық. Оны ел қоржынына Рио-де-Жанейродағы Паралимпиада ойындарында 50 жастағы Зүлфия Ғабидуллина салды. Ол 100 метр қашықтыққа еркін жүзуде жаңа әлем рекордын орнатып, жеңімпаз атанған болатын.

Жалпы, Рио-де-Жанейродағы 31-ші жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 22-ші орынға тұрақтады. Қазақстан спортшылары 17 медаль ұтып алды. Оның ішінде Ниджат Рагимов (ауыр атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу), Данияр Елеусінов (бокс) алтын медаль алды. Елдос Сметов (дзюдо), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), боксшылар Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Гузель Манюрова (әйелдер күресі) күміс медальмен қанжығаларын майлады. Қола медаль Отгонцэцэг Галбадрах (дзюдо), ауыр атлеттер Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, палуандар Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, боксшылар Иван Дычко, Дарига Шакимоваларға бұйырды.

Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ағымдағы жылы еліміздің барлық өңірлерінде жыл басынан бері өткізілген мыңдаған шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған болатын. Тәуелсіздік мерекесін тойлаудың шырқау шегі 16 желтоқсан күні елордамыз Астанада ұйымдастырылды. Дәл осы күні Қазақстан Президенті «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументін ашты.

«Биікке ұмсынған бұл ауқымды ескерткіш еліміздің ширек ғасырдағы бұрын-соңды болмаған шарықтау кезеңін және әлемнің ең озық отыз елінің қатарына қосылуға ұмтылысын айшықтайды. Оның 25 қыры Тәуелсіз Қазақстанның заманауи тарихының әрбір жылының символдық бейнесі», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал одан бір күн бұрын Елбасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты. Назарбаев қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, жаңа елорда Астананың құрылуын басты табыстарымыздың бірі ретінде атап өтті. Экономикалық жетістіктер арқасында халықтың әл-ауқатының нақты өсімін қамтамасыз ете алғанымызды айтты. Еліміздің халықаралық аренадағы табыстарына, соның ішінде еуразиялық экономикалық интеграция саласындағы бастамаларына, жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылығымызға, бітімгершілік мақсат жолына жұмсаған күш-жігерімізге ерекше назар аударды. Айта кетерлігі, ҚР Парламенті Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясын қабылдады. Ол біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңісімізді айшықтаған маңызды саяси-құқықтық құжатқа айналды. Мұнан бөлек, еліміздің дамуы мен қалыптасуына зор еңбек сіңірген мыңдаған қазақстандық мемлекеттік наградармен және «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерейтойлық медальмен марапатталды.

ДереккөзҚазАқпарат