Басты бетҚоғамМихаил Гусман:...

Михаил Гусман: Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған әңгімеден үлкен әсер алдым

Қазақстан президентімен сұхбаттасу бақыты бұйырды. Бұл өткен жылы болған еді. Бірақ, пандемияның өршіп тұруына байланысты сұхбат онлайн режимде өтті. Біз ZOOM арқылы әңгімелестік. Сұхбат Жеңістің 75 жылдығы мерекесін атап өту қарсаңында өрбіді. Әңгіме барысында ерекше әсерге бөлендім. Өйткені, сұхбат өте қызықты ғана болып қоймай, меніңше, сенім аясында өрбігендей. Қазақстан президенті майдангер болған, соғыстың қиын-қыстау жолынан өткен, ұрыс даласында жараланып, жауынгерлік наградалар алған әкесін еске алды. Тоқаевтар отбасының тарихы өте күрделі, өте қиын эпизодтарға толы. Себебі отбасында қайғылы сәттер де болған. Тіпті мұның атасымен, әкесінің тағдырымен байланысты екендігін айтудың өзі ауыр. Оның әкесі тамаша адам, майдангер ғана емес, сонымен бірге көрнекті қаламгер болған. Оны қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы деп те айтады. Ол бірнеше кітап жазған. Менің таразылауымша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үшін әкесі — мықтылықтың, мақсатқа ұмтылудың, қайсарлықтың үлгісі. Түсінуімше, Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл өмір бойы одан үлгі алуға тырысып келеді, — деді Михаил Гусман.

Сонымен бірге ол швейцариялық саясаттану ғылымының докторы Дэниел Уорнердің «Қасым-Жомарт Тоқаев сырын жеңіл-желпі аша салатын адам емес» деген пікіріне қатысты ойын білдірді.

Адамдарға шамадан тыс көңіл-күйді білдірмеу, адамдарға қандай жағдай болса да тым ашыла бермеу — бұл жақсы дипломат үшін кәсіби сапа десек те болады. Мұны кәсіби ерекшелік, тіпті дипломатқа қойылатын талап дер едім. Екінші қырынан қарағанда ол әзілге бейім адам (…), — деді Михаил Гусман.

Еске салайық, 2020 жылдың мамырында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТАСС агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусманға эксклюзив сұхбат берген еді.