Киік төлдейтін маусымда видео-фототүсірілімдерге тыйым салынуы мүмкін

Әлеуметтік желіде құралайдың суреттеріне байланысты талқы әлі қызып тұр. Өздеріңіз байқап жүргендей, біз жұмысымызда әрқашан «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын негізге аламыз. Біз үшін кері байланыс маңызды. Бастысы — халықтың азаматтық позициясы артып, болып жатқан жағдайларға бей-жай қарамайтыны қуантады. Мен де өз кезегімде Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті рұқсат берген фототүсірілімге қатысты тағы да пікір білдіргім келеді. Оспан Әлінің киікті қорғаймын деп құрбан болған Ерлан Нұрғалиевтің құралаймен түскен әйгілі фотосының авторы екенін білесіздер. Туынды киіктерді қорғаудың символына айналып кетті десе де болады. Ал соңғы түсірген суреттерінің мақсаты — сұлу табиғатымызды көрсетіп, насихаттау, адамдардың сұлу жануарға махаббатын ояту арқылы қорғауға атсалысуға итермелеу еді. Әйтпесе, жай ғана қызығушылық танытып, құралаймен суретке түсе беруге болмайтынын бәрі түсінуі керек, — деп жазды Самал Ибраева.

Ведомство өкілі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен төлдеу маусымында видео-фототүсірілімдерге мүлдем тыйым салатын арнайы құжат әзірлеуді талқылайтынын айтты.

Төлдеу уақытының маңыздылығын ескере отырып, мен салаға жаны ашитын, бейжай қарамайтын адам ретінде төлдеу маусымында видео-фототүсірілімдерге мүлдем тыйым салатын арнайы құжат әзірлеуге басшылыққа өтініш беруге шешім қабылдадым. Себебі, дәл қазіргі уақытта ондай нақты регламент жоқ екен. Бұл шараны Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен талқылаймыз, — деп жазды ол.

Еске салайық, актриса Альмира Тұрсын мен жаңа туған киіктің төлі, құралайдың қатысуымен болған фотограф Оспан Әлінің фотосессиясы қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының арасында үлкен пікірталас туғызды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраеваның «түсірілім Қызыл кітапқа енген жануардың қауіпсіздігін барынша сақтай отырып өтті» деген сөзіне қарамастан, Зоология саласындағы сарапшылар мұндай фотосессияларға жол берілмеуге тиіс деп санайды.

Бұған дейін киік санын арттыру және сақтау үшін министрлік ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа, Қазақстанның барлық аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2023 жылға дейін тыйым салды.

Сонымен бірге осы мақсатта Қылмыстық кодексте киіктерге браконьерлік жасағаны үшін, тіпті 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға және мүлкін тәркілеуге дейінгі жазалау шаралары қатаңдатылды.