Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова айтты.
Қазірдің өзінде 486 квотаның 385-і бөлінді. Денсаулық сақтау басқармасының жанынан қосымша репродуктивтік технологияларды жүргізу үшін бедеулікке шалдыққан әйелдерді іріктеу және медициналық ұйымдарға жіберу бойынша жұмыс тобы құрылды, — деді Әлия Рүстемова.
Оның сөзінше, квота алған әйел экстракорпораль ұрықтандыру жасату үшін медицина ұйымын өзі таңдайды. Қазақстан бойынша мұндай 27 ұйым бар, оның төртеуі Нұр-Сұлтанда.
Экстракорпораль ұрықтандыру квотасын қалай алуға болады?
Экстракорпораль ұрықтандыру квотасын алу үшін әйелдің жасы 18-42 аралығында болуы керек. Ол үшін бедеулікті анықтау қажет (егер бір жыл ішінде табиғи жолмен жүкті бола алмаса).
Әлия Рүстемованың айтуынша, әйел соматикалық (физикалық) жағынан сау болуы керек.
Бізге ми ісігі бар науқастар да хабарласады. Оларды қабылдамаймыз. Қант диабеті, өкпе аурулары сияқты ауыр аурулар бар, процедуралар жағдайды нашарлатса, әйел бұл жүктілікті көтере алмайды. Ең алдымен әйелдіің денсаулығы туралы мәселе туындайды, — деді ол.
Оның сөзінше, бұған дейін бөлінген 76 квота аясында экстракорпораль ұрықтандыру бағдарламалары 30% тиімді екенін көрсеткен.
Қазір бөлінген 385 квотаның 34%-і тиімді, — деді Әлия Рүстемова
Экстракорпораль ұрықтандыруға квота алу үшін әйел тіркелген жері бойынша емханасына баруы керек. Учаскелік дәрігер оны гинекологқа жібереді. Содан кейін №2 көпбейінді аурухананың жанындағы отбасын жоспарлау орталығына жүгінуі қажет. Ол жерде репродуктологтар мен басқа да мамандар бақылайды, тексереді және қажет болған жағдайда ем жүргізеді. Пациентті экстракорпораль ұрықтандыруға жіберу бойынша шешімді комиссия қабылдайды.
Экстракорпораль ұрықтандыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген тізбесіне кіреді. Алайда оған гормондарды, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды зерттеу, генетикалық талдау, магниттік-резонанстық томография және өзге де қымбат тұратын зерттеулер кірмейді.