«АҚШ-та алатын тауарың да «Made in China»

Бірнеше жыл бұрын Work and Travel-мен АҚШ-қа барған едім. Қандай зат алсақ та, «Қытайда жасалған» деп тұратын. Сол кезде «Қытай бізге жақын ғой. Неге қытай тілін үйренбеске? Неге сол жақпен сауда жасамасқа?» деп ойладым. АҚШ-тан келген соң Қытайға оқуға түспек болып, бақ сынадым. Білім алғымыз келді әрі сауда жағын да зерттейік дедік. Қытайға жалғыз кетпедім, сыңарым Інжу де барды. Бірақ ол басқа қалада болды.

Гуанжоу қаласында халықаралық үлкен көрме болатынын естіген соң, бірден қатысуды ұйғардық. Қытайдағы негізгі тауар шетелге осы Гуанжоудан барады. Мүмкіндік болса, тауар да алып кетерміз дедік. Көрмеде жүріп, Қытайдың тауарын өзге елге қалай жіберуге болатынын, бағасы қалай өзгеретінін сұрастырдық.

Қазақстанға алдырып, сатқан ең бірінші тауарымыз — футболка. Туған жерім Алакөлде жазда кәсіппен айналысатынбыз. Соған орай Қытайдан футболка алдырып, оған Алакөл туралы сөздерді жазып, сатпақ едік. Киімді Қазақстанға арнайы тауар жеткізетін қызметке арқылы алдырдық. Тауарды шекарадан өзіміз алып өтпеппіз.

Осы тұста бізге біраз адам көмектесті. Қытайдағы компаниялар, сол жақтағы қазақтар кез келген сұрағымызға жауап берді. «Тауарды қайдан алуға болады, қалай таңдаймыз, матасы қандай? Сосын оны елге қалай жібереміз? Таңбасын не істейміз?» деген сияқты сауалдарға бас қатырғанда нұсқап жіберген адамдар болды.

«Пандемия саудаға кедергі болған жоқ»

Пандемия басталғанда осы кәсібімізді дамытқымыз, көбірек тәжірибе жинағымыз келді. Сондықтан карантин уақытында да тауарды онлайн тапсырыс беріп, алдырып отырдық. Себебі біз қашықтан сол жақта оқып жатқан едік. Таныстарымыздың арқасында пандемия кезінде де саудамен айналысуға еш кедергі болмады. Бір кемшілігі, затты біраз күтіп қалатынбыз.

Негізі шетелден тауар алдыру аса қиын дүние дей алмаймын. Сыңарыммен жүріп біраз нәрсені көріп, сұрастырған соң бізге де қиын болмады. Оның үстіне бұрыннан Қытайдан, Түркиядан және тағы басқа елдерден тауар алып, оны сататын адамдар қазір арнайы курс ашып, үйретіп жатыр. Тәжірибесін жасырмай бөлісетіндер жетеді.

Кез келген кәсіптің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Оның үстіне шетелден тауар алып, оны сату мүлдем бөлек. Сырттай қараған адамға саудамен айналысатын адам ақшаны күректеп табатындай көрінуі мүмкін. Оның ар жағында қанша еңбек жатқаны біліне бермейді.

Қандай да бір істі, кәсіпті бастағанда адамға оның білімі көмектеседі. Сол салада хабары бар адам әрі қарай алып кетеді. Әрине, тәжірибенің беретіні көп. Дегенмен алғашында жоспар артық болмайды. Тауарға тапсырыс беруден бастап, маркетинг, сату жағын ойластырып қойған жөн.

Адамдар саудаға түрлі жолмен келеді. Бізде Қытайға барып, бәрін өз көзімізбен көруге мүмкіндік болды. Жан-жақтан сұрастырып, қандай тауар сататынымызды ойластырып барып әрекет еттік. Қате көп болды. Бизнесте құлау, қайта тұру — қалыпты жағдай. Мұндай біздің де басымыздан өтті. Ең бастысы, мұның бәрі — жақсы тәжірибе.

Іңкәр Абылқасым сыңары Інжумен
Іңкәр Абылқасым сыңары Інжумен. Фото жеке архивінен

«Тауар алған сайын «Біз дұрыс істедік пе?» деп ойланатынбыз»

Тауарға тапсырыс берген сайын «Дұрыс істедік пе? Ақшаны бос құртпадық па? Бәрі ойдағыдай келе ме?» деп мың ойланып, тіпті кейде өкініп алатынбыз. Себебі қате жіберген сәттер, ауыр істі мойнымызға алған кездер болды. Мысалы, футболкаға «Алакөл» деп жазу үшін оны басатын машинаны өзіміз алдық. Сосын оны қолданып, бүкіл футболкаға жазу жазып шығу керек. Осылай жұмысты көбейтіп алған уақыт болды.

Қытайдан футболкамен бірге ойыншықтар да алдық. Осының бәрі үшін салық төледік. Бірақ қанша екені есімде жоқ. Ең бастысы – ойға алған істі жүзеге асыру.

  • Шетелден тауар алғанда сол жақтан көмектесетін бір адам керек. Ол тауарды алып, салып, жеткізумен айналысады. Сәйкесінше ақысын алады. Бір елді жақсы біліп жатсаңыз, адам жалдаудың да қажеті жоқ. Себебі сіз сол елдің саудасынан хабардарсыз.
  • Тауарды ұшақпен де, арнайы автобуспен де жеткізуге болады. Екеуінде уақыт жағынан айырмашылық бар. Мысалы, үлкен жүк көліктер екі апта мен бірнеше ай уақыт ішінде жеткізсе, ұшақ тауарды 5-6 күнде алып келеді. Бірақ жылдам жететін тауардың келісі есептеліп, бағасы да қымбатырақ түседі.
  • Қытайдан тауарды біздегіден арзан бағаға алдыруға болады. Қымбат болса, ешкім ол жақтан зат алдырып, саудамен айналыспас еді. Халықтың шетелден тауар алдыруға қаражаты жетіп тұрғандықтан осындай тенденция болып жатыр. Әрине, жолға, жеткізуге кететін шығынын ұмытпау керек. Дегенмен тауарға кеткен қаржы ақталады.
  • Басында біз аз тауар алыппыз. Көбірек тапсырыс берген дұрыс екен. Бірнеше түрін немесе бір заттың санын көбейтіп алған жөн.
  • Мұндай саудамен жалғыз айналысуды кеңес етпес едім. Сыңарыммен, сіңліммен бірігіп жүзеге асырғандықтан жалғыз адамға ауыр болады деп есептеймін. Бірнеше адам болса, бүкіл істі бөлісіп істейді. Біреуінің міндеті тауарды есептеу, екіншісі сату жағын ойластырады. Осылай кәсібіңіз жеңілірек әрі біртіндеп дами түседі.

«Тауарды шетелден алуды қойшы, сатуды айтсаңшы?!»

Шетелден алған тауарды өзімізде сату маған аса таңсық емес еді. Маркетинг жағынан көп ізденетінмін, түрлі курсқа барып, үйренгенім де болды. Сонымен қатар ата-анамыз да кішкентай күнімізден бірнәрсені сатуға бейімдеді. Олар да кәсіптен құр алақан емес еді.

Біз тауарды онлайн саттық. Instagram-нан парақша ашып, тауарды сонда жарнамаладық. Қытайдан зат әкелмей тұрып жан-жағымызға хабарлай бердік. Қандай заттар ұнайтынын сұрастырдық. Өзім білетін жолдарды қарастырып, барлық затты ойдағыдай өткізе алдық. Бұл саудагер үшін жеңіс деп ойлаймын. Алғашында табыс түспейтін, саудада бұл — қалыпты жағдай. Уақыт өте жұмсалған қаражатымыз ақталды. Тауардың бағасын бірге бір есептедік. Қытайдан келетін тауарды екі есе жоғары бағаға сатуға болады.

Бір рет қыста тауарды күтіп алуға тура келді. Ал шетелден тауар 5-6 келі болып келе салмайды. Тіпті 100 келіден асуы мүмкін. Қыз бала болғандықтан тауарды күтіп алу ыңғайсыз. Бірақ мұның да күрмеуі шешілді.

«Қытай тауарынан күдіктенудің қажеті жоқ»

Елімізде шетелден тауар алдырып, оны сататын адам көп. Пандемия кезінде біразы онлайн сауда жасағысы келді де, статистика одан сайын артты. Тіпті карантин салдарынан тауар алдыра алмай қалған саудагерлер курс ашып, осы кәсіпті бастан-аяқ үйретіп жүр. Осылай да ақша табуға тырысты.

Түркиядан да зат алып көрдік. Сонда екі елдің сауда-саттық ережелерін шамамен білдік. Түркияда тауарды жеткізу қызметі қымбатырақ шығады.

Қытай десе, тез тозатын, бұзылып қалатын дүние көз алдымызға елестейді. Қоғамда осындай таптаурындар бар. Қазақстаннан баратын саудагерлер заттарды халықтың табысына сай, арзанырақ етіп алатын шығар. Ал негізі Қытайдан сапалы, өте әдемі заттарды алдыруға болады. Бір жағынан күдіктене берудің қажеті жоқ, ол жақтан сапалы дүниелер шығып жатыр.

Алғашында бәрі қиын болып көрінеді ғой. Адам сырттан тауар алып, саудамен айналысқысы келсе, міндетті түрде жасап көрсін. Ал әр дүниеден қорқып жүре берсе, адам өзін таппай кететін сияқты.

Айта кетейін, саудада адамдармен сөйлесе алу қабілеті маңызды. Сосын маркетинг, сату жағынан хабардар болу керек, үнемі ізденіп, трендтен қалмау қажет.

Осы кәсіпті жасағанда біраз клиент таптық, тұрақты сатып алатындар да болды. Бірақ шетелге кетуімізге байланысты мұндай сауданы тоқтаттық. Менен «Тағы да шетелден тауар алып, сатасың ба?» деп сұраса, «Әлбетте» деп жауап берер едім.