Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Осы ретте 9, 11 (12) сынып түлектерінің мектеппен қоштасу салтанаттары (соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру) тек ашық алаңда (таза ауада) өткізіледі. Бұдан басқа ешқандай шаралардың өткізілуіне рұқсат берілмейді.
Салтанатты шара басталмас бұрын мектеп алаңын тазалап, қоқыстың уақытылы шығарылуын қамтамасыз ету қажет.
Шараға мектеп түлектерінен басқа олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының (әр түлектің) бір өкілі, сонымен бірге мектеп оқытушылары құрамынан көп дегенде 6 адам қатыса алады.
Карантиндегі азаматтардың (коронавирусқа шалдыққан науқаспен жақын байланыстағы адам, коронавирусқа шалдыққан науқас) аталған шараға қатысуына тыйым салынады.
Сонымен бірге мектеп аумағында адамдардың, қонақтардың (ата-аналар, жақын туыстар, қамқоршылар және тағы басқа) жиналуына жол берілмейді.
Салтанатты шараның кезең-кезеңімен өткізілетіндігін атап өту керек. Дәлірек айтқанда, мектеп аумағындағы шара тек бір сынып түлектері үшін өткізіледі. Шараның ұзақтығы 45 минуттан аспауға тиіс. Әр сынып үшін өткізілетін салтанатты шаралардың аралығы 30 минуттан кем болмауы керек.
Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру кезінде қол алысуға тыйым салынады. Шараға қатысушылар бетпердені киіп, 2 метрлік әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті.
Салтанатты шараларға қатысатын педагогикалық ұжым, оқушылар жеке антисептикалық құралдарын қолданғаны жөн.
Соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң көшеде, қоғамдық тамақтану орындарында (мейрамхана, дәмхана және т.б.) бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, соңғы қоңырау, аттестаттарды тапсыру салтанаты аяқталған соң дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып, мектеп ғимараттарында ылғалды тазалау шараларын жүргізу қажет.
Білім беру нысандарында Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығымен бекітілген «Білім беру нысандарына қатысты санитарлы-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережелердің 10 бөлімі талаптарының және Бас мемлекеттік-санитарлық дәрігері қаулыларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Соның ішінде:
- білім беру нысанының ғимараттарына ата-аналардың (заңды өкілдерінің) және басқа да келушілердің кіруін шектеу;
- мектептің 1-ші қабатында қолды зарарсыздандыруға арналған санитайзерлерді орнату;
- су ішу режимін сақтау (бір реттік стақандар, жеке құтылар);
- санитария тораптарында дезинфекция режимін күшейтілген түрде қамтамасыз ету;
- сантьария тораптарында сұйық сабынмен, қолды зарарсыздандыруға арналған дезинфекция құралдармен, электр орамалдармен үздіксіз қамтамасыз ету.
Оқушылардың, қызметкерлердің денсаулығы, коронавирус инфекциясының таралуына білім беру нысанының басшысы жауап береді.