«Күйдірген» мәселелер подкастқа себеп болды

Дастан: Осыған дейін Instagram-да көп адам жеке шекарамды бұзатын. Әсіресе, карантин кезінде «Семіріп кетіпсің», «Қабақтай болыпсың» дегенді жиі естідім. Жазғандарға мұның дұрыс емес екенін бірнеше мәрте ескерттім. Бірақ сөзімді түсінетін де, түсінбейтін де бар.

Бір күні банк картамды ұрлатып алдым. Дәл сол уақытта Алматыға Президент келіп, интернет бұғатталған соң қауіпсіздік шараларын жасайтын мүмкіндігім болмады. Қарасам, біреу картамнан 5 000 теңгені букмекер ойынына аударыпты. Банкке хабарлассам, қоңырауға жауап бермейді.

Instagram-да белсендімін. Оқиғаның мән-жайын айтып, видеоға түсіріп, оқырмандарыма хабарлап отырдым. Сол кезде жұрттың бәрі «Ақымақсың, интернеттен сатып алу функциясын бұғаттау керек еді», «Картаңды бірден бұғаттау қажет» деп ақыл айта бастады. Осы нәрсе шамыма тиді, «Неге бәрі бұл оқиғаға осылай реакция білдіріп отыр?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Сонда бізді кішкентайымыздан солай тәрбиелейтінін түсіндім. Бала кезде құлап қалсақ, үлкендер «Әне, өлдің, құладың» деп ұрса жөнелетіні есіңізде ме?

Осы және басымнан өткен басқа оқиғаларды еске түсіргенімде қоғамның дұрыс қолдау көрсете алмайтынын түсіндім. Сол кезде қолдау және манипулятив қоғам, токсик қарым-қатынас секілді түрлі тақырыпта әңгіме өрбітетін аудиоподкаст бастағым келді. Бірден Заңғарға хабарластым.

Заңғар: Осыған дейін түрлі жобамен айналыстым, бірақ барлығы бір сарынды еді. Дастаннан ұсыныс түскенде, қуана келістім. Себебі подкаст форматы да, қозғалатын тақырып та қызық. Оның үстіне Дастанды «күйдірген» мәселе менің де басымнан өткен. Осылайша, жобаны бастап кеттік.

Дастан мен Заңғар
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дастан мен Заңғар: Бүгінге дейін алты эпизод дайындап үлгердік. Бірінші эпизодта жеке шекара туралы айтамыз. Оны қалай анықтауға болады, шекараны бұзбау үшін не істеу керек, қалай қорғаймыз, салдары қандай болуы мүмкін екенін талқылаймыз.

Екінші эпизод — құнсыздандыру мәселесі. «Жасағаның осы-ақ па?» немесе «Кішкентай нәрсені неге проблема етіп отырсың, мен бұдан жаманын көргенмін» деген сөздер арқылы басқа адамның жетістігі мен қайғысын қалай құнсыздандыратынымыз туралы сөз қозғаймыз.

Үшінші эпизод — эмоционалды күю. Адам көп нәрсе естіп, сезіп болған соң ештеңеге елең етпейтін жағдайға түсуі мүмкін. «Осындай кезде не істеу қажет?», «Оған жеткізбеу үшін не істеген жөн?» деген секілді сұрақтардың жауабын іздейміз.

Төртінші эпизодта қолдау, демеу туралы айтамыз. Басқаларға қарағанда осы эпизод аз қаралым жинағанын байқадық. Адамға өзгеге сын айту, мін тағу оңай, ал өз-өзімен жұмыс істеу қиын. Қаралым көрсеткіші осы сөзімізге дәлел шығар. Бұл эпизодта біз қолдаудың не екенін және дұрыс қолдау көрсетудің маңызын түсіндіруге тырысамыз. Тақырыпты екінші мауысымда кәсіби маманмен тағы талқылауды жоспарлап отырмыз. Мысалы, «Күйзелісте жүрген немесе жақын адамынан айырылған жанға қалай қолдау көрсету керек» дегенді тарқатып айтамыз.

Бесінші эпизод — тұтынушылық қарым-қатынас тақырыбы. Біздің ойымызша, бұл — қазіргі қоғамда өте көп кездесетін мәселе. Тұтынушылық қарым-қатынастың қай кезде жақсы, қай уақытта жаман екенін ажыратып, талдап көреміз.

Алтыншы эпизодта манипуляция жасау туралы сөйлесеміз.

Бірінші маусымның төрт эпизодын енді дайындаймыз. Бұйырса, екінші мауысым ретінде де жалғастырамыз деп шештік.

Есікті қағу, «сіз» деп айту, рұқсатсыз ақыл айтпау, беймаза уақытта хабарласпау сияқты «күйдірген» мәселелер подкастқа себеп болды. Бұлар бір қарағанда ұсақ дүние, бірақ қарым-қатынасқа, адамның қабылдауына ерекше ықпал етеді.

«Жан түймелерін ағытамыз»

Заңғар: Подкаст атауын, яғни «түйме» сөзі түрлі мағынада қолдануға ыңғайлы. Біріншісі — түймедейді түйедей ету. Яғни күнделікті өмірдегі, қарым-қатынастағы түймедей мәселелерді талқылап, оның түйедей салдарын көрсету. Екіншіден, адамдар өзіне маңызды әрі керек тұсын ойына түйіп, түймелеп алсын дейміз. Үшіншіден, адам жанының түймелерін ағытамыз.

Дастан мен Заңғар
Заңғар Омар. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Tuime ерекшелігі — интим вайб сыйлауы

Дастан: Қазақ подкастерлерін көп тыңдаймыз. Көбі сұхбат форматында екен. Содан болар адамдар подкастты тек сұхбатпен байланысты деп ойлайды. Біз олардан ерекшеленгіміз келді. Сол үшін бірінші мауысымда ешкімді қонаққа шақырмай, ешкімнен сұхбат алмай, тек екеу болып тілдесеміз.

Алғашында «Екеуіміз ғана әңгімелесіп отыра берсек, қызық бола ма?», «Адамдар тыңдай ма?» деп уайымдадық. Кейін тренингке қатысып, жалпы подкастинг туралы білімімізді арттырған соң бұл қорқыныш аздап сейілді. Біз сарапшы емеспіз. Бұл — екі адамның өзара сырласқан, ақылдасқан әңгімесі, ой-тұжырымы. Ол дұрыс та, бұрыс та болуы мүмкін. Ең бастысы — тыңдап отырған адамды итермелеу, олардың ойына тамызық болу.

Подкаст басында «біздің мақсат оңай» деп үнемі айтамыз. Мен өзіме ыңғайлы әрі қауіпсіз қоғам құрғым келеді. Ал Заңғар сол қоғамда өмір сүргісі келеді.

Біз де мінсіз емеспіз. Осыған дейін өзім де манипулятор, токсик адам болдым. Бірақ адам әрдайым даму процесінде жүретіндіктен, бұл — қалыпты нәрсе. Ең бастысы, қатеңді дер кезінде байқап, онымен жұмыс істеу.

Заңғар: Біздің ерекшелік интим вайб сыйлауымызда шығар. Дастан екеуіміз бір толқындамыз. Күнделікті өмірдегі кикілжіңдер мен шиеленістерді емін-еркін талқылаймыз. Ал қолданушы бізбен бірге отырғандай сезімде болады.

Тыңдарман пікірі бізге таңсық болды

Дастан: Жобаны бастағанда кері байланыс қалай болатынына аздап уайымдадым. Дегенмен көпшіліктің ықыласына, дұрыс қабылдап жатқанына ризамыз. Түрлі пікір, хат келіп жатыр. Бір қыз «Суицид амалдарынан кейін күйзеліске түсіп, қалай әлеуметтенерімді білмей жүр едім. Осындай кезде қолдау туралы айтқандарыңызға көп рахмет» деп жазды. Шыны керек, тыңдарманның бұл пікірі бізге таңсық болды. Қалай жауап берерімізді білмедік. Дегенмен бір жағынан қуаныштымыз. Адам сырын бөлісіп, айтып жатса, онда біздің құрып жатқан қауымдастықты қауіпсіз санағаны.

Әрине, «майда мәселелерді қозғайсыңдар»  деушілер де бар. Олардың сынына құлақ түреміз. Біздің подкасты тыңдау-тыңдамау, ойымызды қабылдау-қабылдамау өз еркі.

Заңғар: Кей адамның өмір салтына манипулятор болу, біреудің жеке өміріне араласу сияқты дүниелер еніп кеткен, қалыпты әрекетке айналған. Біз оларды өзгертуге тырыспаймыз. Тек соны өзгерткісі келетін жандарға орта жасап бергіміз келеді. Ал ол адамдар кейін өз айналасын өзгерте бастайды.

Заңғар мен Дастан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Бөлмемнің есігін тоқылдатып кіретін болды»

Дастан: Бірінші эпизодта «Үйімде бөлмемнің есігін қағып, рұқсат сұрап кіретін бір-ақ адам бар. Ол — келінім. Оның өзі жарты жыл бұрын ғана отбасымызға қосылды» деп айтқаным бар. Онымен қоса анамның қалай жеке шекарамды бұзатынын ашық айттым. Кейін отбасыма эпизодты тыңдатпас бұрын анама «Кей әрекетіңіз туралы айттым. Ренжісеңіз, сізбен ашық сөйлеуге дайынмын» деп ескерттім. Қуанышыма орай, анам сынды дұрыс қабылдады. Тіпті осыдан кейін бөлмемнің есігін тоқылдатып, рұқсат сұрап кіретін болды.

Заңғар: Дастанның отбасы біздің подкаст үшін жақсы мысал. Менің ата-анам Аралда. Сондықтан біздің жоба оларға қалай әсер етіп жатқанын нақты білмеймін. Дегенмен олар тыңдайды, бірақ менімен талқыламайды. Бұл да жетістік деп ойлаймын. Себебі «Ана жақта не айтып жүрсің?» деп баса-көктеп кіріп, әңгімеге тартпауының өзі менің жеке шекарамды құрметтеуі деп білемін.

Заңғар мен Дастан
Дастан Аққожа. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұрынғы қазақ қоғамындағы этика

Заңғар: Кей адам сөзімізді тыңдап отырып, қазақ мәдениетіне, менталитетіне қарсы екен деп ойлап қалуы мүмкін. Олай емес. Біз қазақ қоғамында өскен, консерватив және дәстүрлі отбасыдан шыққан екі жігітпіз. Мақсатымыз — қанға сіңген құндылықтарды жою емес, адамды алалайтын, қорлайтын немесе ескірген мәселелерді айту.

Қазақ қоғамында жеке шекара бұрыннан бар. Бұрынғы шығармаларды оқысаңыз, бір ауылдан бір ауылға қонаққа барар кезде жарты күн бұрын шабарман жіберіп, ескертеді. Ол кезде бір ауыл жеке индивид сияқты еді. Жаугершілік заман, бір киізүйде тұрады. Әрине, «Бөлмемнің есігін қақ» деп ешкімге мін айта алмайсың. Бірақ қазір ол дүние жекеленді. Сол үшін шекараны, сыйластықты қазіргі заманға ыңғайлау қажет.

Дастан: Негізі шын қазақ қоғамындағы тәрбие этикамен ұштасады. Мәселен, рұқсатсыз сөйлеу-сөйлемеу, қонақ мәдениеті, көңіл айту, астарлап жеткізу, айтқанды екі етпеу — жеке шекараның жарқын мысалдары. Біз соның барлығын құрметтейміз. Тек осы тәрбиені бүгінгі жастардың дұрыс тәпсірлегенін қалаймыз.