«Арнайы компанияға хабарласқан абзал»

Жадыра Аққайыр көпқабатты үйде тұрады. Айына бір рет үйге клинер шақырып, тазалатады екен. Осы уақытқа дейін ол жеке клинерлердің де, арнайы компания қызметкерлерінің де қызметін пайдаланып көрген.

Жеке клинерді шақырудың бір кемшілігі бар: жұмыс сапасы ұнамаған жағдайда шағымдану жағы қиындау. Әрі кетсе, тазалықшының өзіне ескерту айтасың. Бірақ клинер бәрібір сөзіңді дұрыс қабылдамауы мүмкін. Мысалы, маған кезіккендердің ішінде жеке өміріме араласқысы келетіні көп болды. «Жас кезімізде үйімізді өзіміз тазалайтынбыз», «Қанша бала тапсақ та, біреуге жинату ойымызға келмепті», «ар санайтынбыз» деген сияқты сөздерді айтып қалады. Болмаса, ақыры үйде жүргеніңе қарап, өзіңді жұмсап қалуға тырысады. Меніңше, бұл — артық әрі ұнамсыз қылық. Өйткені өзім оны мұғалім не дәрігер сынды маман деп қабылдаймын, жеке өміріне қызықпаймын. Көңілімнен шығатындай қызмет көрсеткені ғана маңызды, — дейді ол.

Жадыра осындай оқиғалардан кейін кәсіби компанияларды шақыртатын болған. Менеджермен байланысқан кезде клинер істейтін жұмысты нақтылап, бағасын бекітіп алады екен. Ал қызмет сапасына көңіл толмаса, ескерту айтып, шағымдануға болады.

«Үй жинауға кеткен уақытты отбасылық серуенге алмастырасың»

Бірде шақырған клинерлерім кілемнің астын тазаламай, жуынатын бөлмені жөнді қарамай, жүрдім-бардым істеп шығыпты. Фотоға түсіріп, айғақ түрінде көрсетіп, шағымымды білдірдім. Компания келесі тазалық жұмысына жеңілдік сыйлады әрі тиянақты мамандарын жіберді. Клинер шақыруды жалқаулық не салақтық деп емес, қажеттілік деп есептеймін. Себебі үйді толық тазалауға кемінде 4-5 сағат кетеді. Әсіресе, дәстүрлі қазақ қоғамында бұл шаруа демалыс күніне жоспарланады. Біз болсақ, бір күнді отбасылық серуенге немесе көптен жоспарлаған істерге арнаймыз. Сондықтан ара-тұра клининг шақырып, өзіме демалыс жариялап тұрамын. Қалыптасқан стереотип бойынша әйелді кір жуатын, тамақ істеп, үй жинайтын адам деп көргенді құп көрмеймін, — дейді Жадыра Аққайыр.

үй жинау
Көрнекі сурет. Иллюстрация: Dribbble.com/©Vita Vrebac

Екі баласы бар Қаламқас Зал клининг компаниялардың қызметін қымбат деп есептейді. Үйінің көлемі 60 шаршы метр болғандықтан клининг қызметіне 20 000 теңге жұмсау керек екен.

Бір рет мен де әлеуметтік желіден клинерлердің жұмысын көріп, қызықтым. Бірақ компания қызметінің бағасы маған жоғары болды. Оның үстіне тұрғындардың шағымы жазылатын топтарда да клинерлер туралы жағымсыз пікір айтылып жатады. Мәселен, «Үйдің қуыс-қуысын жақсылап тазаламайды, кірін дұрыс кетірмейді» деген пікірлер бар, — дейді ол.

«Үйімді клинерге жинатуға қорқамын»

Сонымен бірге Қаламқас үйде отырған қыз-келіншектердің тазалықпен өзі айналысқанын құптайды. Жеке үлкен үйдің жәйі бір бөлек, ал пәтерді тезірек тазалап жіберуге болады деп есептейді. Бұдан бөлек «Бөтен адам үйімді дәл мендей жинамайды», «Заттарымды ұрлап кетсе ше?» деген қорқынышы барын да жасырмады.

Кейде мен де үйді жинағаннан рахаттанамын. Сосын алтын сырға, жүзіктерімді кез келген жерге шешіп кететін әдетім бар. Бәрін бір орында ұстамаймын, қайда қойғанымды да ұмытып қаламын. Сондықтан клинерді шақырғым келмейді. Тіпті шкафтарын ашқызып, тазалататын адамдар бар екен. Мен үйдегі заттарға, отбасымның киімдеріне біреудің қол тигізгенін қаламас едім, — дейді Нұр-Cұлтан тұрғыны.

«Еңбекпен тапқан ақшасына клинер шақырған адам үйді өзі жинағандай болады»

Дария Бердірахман жеке жер үйде тұрады. Клинингті жылына бір рет, яғни наурызда шақырады екен. Мұндай тазалық 4-5 күнге созылатын көрінеді.

Үйдің іші-сыртын, төбесін жылына бір рет толықтай тазалатамыз. Ай сайын немесе аптасына бір шақырмаймыз. Үй үлкен болған соң қайта-қайта шақыру қымбатқа шығады. Бір жағынан алып бара жатқан қажеттілік жоқ. Ал жалпы кез келген отбасыда үйді арнайы клинер шақырып, жинатуға мүмкіндік болса екен деймін. Бұл сол үйдегі қыз-келіншектерге өте тиімді. Отбасы мүшелері сүйікті ісімен айналысып, қаражат тауып жүрсе, сол ақшаға клинер жалдаса, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Адам клинерді еңбектеніп тапқан ақшасына шақырса, онда үйді өзі жинағандай болады. Есесіне энергиясын үнемдеп, оны басқа да маңызды жағдайларға жұмсайды, — дейді Дария.

«Уақытты үнемдейді»

Алматыдағы Clean office тазалық компаниясының өкілі Жанель Жұбанованың айтуынша, тұрғындар арасында клинерді көбіне жөндеуден кейін, көшетін кезде немесе қыстан шыққанда, қонақ келерде шақырады екен.

Әркім өзінің сұранысына қарай хабарласады. Ең маңыздысы, жұмысбасты немесе үйде көп бола бермейтін адамдар үшін мұндай қызмет уақыт үнемдеу жағынан тиімді. Сонымен бірге клинерді қолжетімді бағаға жалдауға болады. Ал үйді жинауға керек құрал-жабдықты өзімізмен бірге апарамыз. Тазалаушы мамандар арнайы сабақтардан өтіп, бәрін үйреніп барып жұмысқа кіріседі, — дейді Жанель Жұбанова.

үй жинау
Иллюстрация: Dribbble.com/©Andrew Davies

Компания өкілінің айтуынша, мұндай қызметке жүгінген адам үйдегі жиһаз бен басқа заттардың бүлінбей тұруына, амортизациясына көмектеседі екен. Сонымен бірге тазалаушылардың бірнәрсені ұрлап кетпеуі үшін де шаралар қолданылатын көрінеді.

Әдетте оңай олжа тапқысы келетін адамдар ұрлық жасайды. Ал клинерлер бірінші кезеңде жөндеуден кейін шашылған үйді жинап көреді. Оның жақсы жұмыс істейтін-істемейтіні сол кезде байқалады, — дейді Жанель Жұбанова.

«Үй жинауды ғана емес, кілем жууды да мамандарға тапсырған жөн»

Клининг қызметімен бірге кілемді де жуып беретін компаниялар танымал. Әдетте жергілікті автожуу қызметкерлері бұл қызметті ұсынып жатады. Алайда Kilemtime компаниясы өкілі Шынар Бектұрсынованың айтуынша, төсенішті арнайы маманға тапсыру керек екен.

Автожууда кілемді көлікке арналған құралдармен, ұнтақпен тазалайды. Соның кесірінен материалы құриды, жұмсақтығын жоғалтады. Бұған қоса кепсін деп далаға жаяды. Ал көлік жуу орындарының жолдың бойында тұратынын білеміз. Мұндайда кілемді кеппей жатып шаң басады. Сондықтан үнемі арнайы кілем жуу орталығына барған жөн. Бізді көбіне әлеуметтік желі, интернет арқылы тауып жатады, — дейді Шынар Бектұрсынова.

Әдетте кілем жуу қызметін көпқабатты үй тұрғындары пайдаланады. Бірақ компания өкілінің айтуынша, жер үйде тұратындар да кілемді арнайы компанияға жуғызатынын айтып отыр. Қазір бәрі бұрынғыдай кілемді өзі жумайды. Себебі оны жуған соң суын сығып, көтеріп, кепсін деп ілетінің бар. Бұл күш қажет етеді. Сондықтан халық арнайы мамандардың көмегін алады. Шынар Бектұрсынованың сөзінше, жасы үлкен кісілер кілемі үшін алаңдайды, сеніп тапсыра бермейді екен.

Клинерлерге пандемия қалай әсер етті?

Kapital.kz сайты пандемия елдегі клининг компанияларға қалай әсер еткенін мамандардан сұраған. Қазақстандағы «Моем окна» клининг компаниясының басшысы Артур Гусейновтың айтуынша, пандемияға дейін Алматыда 14 ірі клининг компания болған. Карантин салдарынан оның төртеуі жабылып, 8-і қызмет көрсетуін уақытша тоқтатқан.

Пандемия кезінде біраз компания жабылды, кеңседе отырмады. Сәйкесінше клинерлерге де жұмыс болмады. Жеке клиенттер болсын, заңды тұлға болсын, бәрі ақша төлеуден қиналды. Сонымен бірге клинерлер үшін тиімді кез көктем мезгілі еді. Карантин болғандықтан оны да өткізіп алдық. Ал қазір клинердің көмегі керек болса, көбіне тек жөндеуден кейін ғана шақырады. Онда да арзан бағаға жүгіреді, — деген еді Артур Гусейнов.