Бауыржан Байбектің заңды өкілі Айжан Тәшенованың айтуынша, Жанболат Мамай мен Инга Иманбай өз әрекетінің ауыртпалығын енді ғана түсінгендей. Өйткені, сот боларын біле тұра олар алдын ала қорғаушы жалдамаған және іс құжаттарымен таныспаған болып шықты.
Бүгін отырыс барысында белгілі болғандай, жауапкерлер өздері тудырған жағдайдың ауыртпалығын алғаш рет түсініп, бірнеше күн бұрын ғана адвокаттар жалдаған.
Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваның адвокаттары талап арызды талқылауға дайын болмауына байланысты талап қоюмен және оған қоса берілетін материалдармен танысуға уақыт беру туралы сотқа өтінішпен жүгінді. Бұл ретте Инга Иманбаеваның адвокаты осыған дейін жария етілген айыптаулар бойынша дәлелдемелер жинау енді ғана басталғанын хабарлады, — деп жазды заңгер Айжан Ташенова өзінің Facebook-парақшасында.
Кеше соталды дайындықта жауап беруші тараптың адвокаты өздерін небәрі үш күн бұрын ғана жалдағанын, іс құжаттарымен танысып үлгермегенін айтқан болатын.
Осылайша, Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева әуелі Бауыржан Байбекке қатысты жалған айыптаулардан тұратын мәлімдемелерді жария етіп, оларды түрлі бейнематериалдарда қайталап және бірнеше рет тарата отырып, қажетті дәлелдер мен фактілерді іздеуге енді ғана кіріскені аңғарылады. Біз құқығымызды пайдалана отырып, Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева айыптауларына тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптама жүргіздік, оның нәтижелерін әлеуметтік желілерде 30 сәуірде жарияладық. Ал жауапкерлер отырыс барысында «оның мазмұнымен таныс болмаса да» сараптаманың қорытындыларымен келіспейтінін мәлімдеді, — деп жазды Айжан Ташенова.
Еске салайық, бұған дейін белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай интернетте Бауыржан Байбекті айыптаған бірнеше видеоматериал жариялаған еді. Байбек бұл айыптаулардың бәрін жабылған жала деп, өз ар-намысын заң шеңберінде қорғайтынын мәлімдеген.
Енді кезекті соталды дайындық 19 мамырда өтеді. 17 мамырда жауап беруші тарап іс құжаттарымен танысуы керек.