Президент: Дүниежүзілік банк Қазақстандағы бірқатар экология мәселесін шешуге үлес қосты

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анна Бьерде Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын және алдағы уақыттағы кооперацияның басымдықтарын талқылады.

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтанға келген Анна Бьердеге ілтипат білдіріп, бұл оның Қазақстан мен Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Біз Дүниежүзілік банкпен арадағы көпжылдық серіктестікті жоғары бағалаймыз. Осы уақыт аралығында банк елімізге 6 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Қазіргі таңда сіздермен бірлесіп, әртүрлі 12 жобаны, атап айтқанда, көлік, білім беру, экология және қаржы салаларындағы бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы бірқатар экологиялық мәселені шешуге үлес қосқанын, соның ішінде, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңіне 1,5 миллион доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсеткенін айтты.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев экология проблемаларының шешілуіне баса мән беретінін, «жасыл экономика» мәселелеріне және аталған саладағы ықпалдастықты жеке бақылауына алуға дайын екенін жеткізді.

Анна Бьерде, Дүниежүзілік банк
Фото: Akorda.kz

Анна Бьерде Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік жасағаны және Дүниежүзілік банкпен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалағаны үшін ризашылығын білдірді. Сонымен бірге ол елімізде Қазақстан президентінің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдайтынын айтты.