Сүйікті ісіңді табу

Айдос Қастей өзін сүйікті ісін тапқан адам деп есептейді. Себебі ол ағаш кесіп, оны құрастырып жиһазға айналдырғанды жақсы көреді.

«Бизнес бастау» мектебінде «Қолыңнан келетін нәрсемен айналыс» деп үйретті. Жиһаз жасау қолымнан келген соң осының соңынан қудым. Кәсіпте профессионал деңгейге жетпесең де, бір шаруаны істей алғаның жөн болады. Сонда кәсіп те алға жүреді. «Бизнес ашып, оған біреуді жалдап, істете саламын, ақша болса, болды» деу — бос әңгіме. Қол астыңдағылар жұмыстан кетіп қалғанда сол істі сен орындай алуың керек. Орындау ғана емес, материалды сатып алу, шығынды есептеу — бәрі кәсіпкердің өзіне қажет нәрсе, — дейді ол.

Қазір Айдостың цехында өзін қосқанда 5 адам жұмыс істейді. Шағын ғана команда үлкен жиһазды құрастырып, соны сатып, қаражат тауып отыр.

Цехымыз әлі нақты жүйеге келмегендіктен барлық жұмысқа өзім жүгіремін. Жиһазды бастан аяқ жасай аламын. Қасымда Дәурен деген серіктесім бар, екеуіміз де үй жабдықтарын дайындап, кәсіпті жүргізіп келеміз. Ол кісінің тәжірибесі көп, өзінен біраз нәрсені үйреніп келемін, — дейді Айдос.жиһаз

Кәсіпкер жиһаз жасамас бұрын ескі үй жабдықтарын жаңалаумен айналысыпты. Клиенттің үйіне барып, ескі жиһазды алып кетіп, іші-cыртын өзгертеді екен. Алғашында осындай қызмет ұсынып, оны жарнамаға да беріпті, бірақ мұндай жұмыспен көп қаражат таппағанын айтады.

Бұл іспен ақша таппаған соң кәдімгідей жиһаз дайындайтын болдық. Көбіне кереует пен диван жасадық. Себебі біздікі жұмсақ жиһаз еді. Корпусты жиһаз дайындайтындар жұмсағын бізден алып, комплект етіп сатады. Орындықтың сүйеніп отыратын арқасын да дайындаймыз. Корпусты жиһаз дайындайтын адамдар арқылы кәсібіміз де жүріп кетті. Ең бірінші рет қаладағы дүкендердің біріне өзіміз жасаған жиһаздарды қойдық. Кейіннен клиенттерімізді таба бастадық, — дейді кәсіпкер.

жиһаз

Саған рух беретін өз ортаңды табу

Айдос 2019 жылы «Бизнес бастау» мектебінде курстан өткен. Бұл жерде 2-3 ай бизнесті қалай бастауға болатынын оқып, сол жерде жұмыс істеп, тәжірибе жинаған. Сол кезде Айдостың ағасы үй жабдықтарын жасайтын еді. Курсты бітірген соң болашақ кәсіпкер шеберлікке қызығып, ағасының қасында жүріп, үй жабдығын жасауды үйренеді.

Курста маркетинг жағын үйрендік, ағамнан жиһаз жасаумен таныстым. Материалды қайдан алады, қалай жасайды – осының бәрін үйреніп алған соң осы істі дамытуға күш салдық. Кез келген адамды өзгертетін орта ғой. Мені жақсы жаққа өзгерткен — «Бизнес бастау» курсы. Оларға алғысымды айтамын. Көп адам курсқа қатысып жүргенімді естіп, «Неге барып жүрсің, сен өзгердің» деп, түсінбеді. 600 кәсіпкердің ортасында жүргенде өзгермей қоймайсың. Олар күшті рух береді, — дейді Айдос.

Кәсіпкер істі алға жылжыту үшін курстан үйренгені бойынша жарнама береді. Алайда клиент бірден келе қоймапты. Көбіне қасындағы шеберді адамдар танып, соның жасаған дүниесін алғысы келгеннен келіп жүріпті. Ал қазір Айдос негізгі тауарды Instagram арқылы сатып жүр. Өзінің айтуынша, бұл әлеуметтік желінің пайдасы бірнеше жылдан кейін білінеді.

Бүгін біреу Instagram-нан бірдеңе көрсе, оны бірден сатып ала қоймайды. Тауар бірінші көзге түсіп, есте сақталуы керек. «Айдос деген жігіт мынандай жиһаз дайындайды» деген түсінік қалыптасуы қажет. Шамамен айтсам, қазір желі қолданушылары менімен құрдас. Біразының жеке үйі болмауы мүмкін. Болашақта үйлі болғанда ғана олар жиhаз алуды ойлайды. Міне, олар — менің болашақ клиенттерім, — дейді кәсіпкер.

жиһаз

Жас кәсіпкер әуеліде табыс пен шығынды есептей алмай, біраз қызыққа тап болғанын айтады. Алғашында бәрін қағазға жазып отырыпты. Түскен табыс қайтадан материал сатып алуға, цех жалдауға және тағы басқа шығындарды өтеуге кеткен. Осының бәрін белгілеп отырғанмен түбінде ақшаның есебі дұрыс шықпаған.

Келген ақша өз жөнімен кетіп жатты. Бірақ соны есептей алмай, талай ұрсысып та алдық. Бір-бірімізді алдағандай болып қалдық. Негізінде олай емес еді. Күнделікті шығындардың қағазға жазылмай қалатын кездері болады. Сондай түсініспеушіліктер болды. Бәрі тәжірибемен келеді екен, — дейді Айдос.

Кәсіпкер мемлекеттің қодауына да қол жеткіземіз деп отыр. Оның ойынша, мемлекет жас кәсіпкерлерді үнемі қолдауы керек.

Бір қызықты айтып берейін. Өзім ақшаны дұрыс жинай алмаймын. Тапқаныма көлік сатып аламын. Сөйтіп бір жылда көлікті 5 рет ауыстырғаным бар. Себебі автомобильді үнемі жаңартып, класы жоғарысын алып, мініп жүрдім. Кейін мұны тоқтаттам. Көліктің ақшасына кәсіпке, цехқа қажет құралдарды, материалдарды сатып алдым. Бір көлік бәрібір керек болып, бұл жолы орташа, қарапайым авто алдым, — дейді шебер.

Айдос Қастей
Айдос Қастей. Фото жеке архивінен

Неге Қазақстанда жасалатын жиһаздарды алу керек?

Кәсіпкер жиһаз жасауға керек жабдықтарды өзге елден алдырады екен.

Қазақстанда жиһаз жасауға керек материал жеткілікті. Бірақ біразы сырттан келеді. Өзіміз керек-жарақты 4-5 фирмадан аламыз. Олар ағаштарды Новосібірден алып келеді. Сонымен қатар Алматыдағы Барахолкада да материалдар сатады. Ал шеге мен темірлерді осы базардан аламыз. Жақсы ағаш пен шегеден жасалған жиһаз орнықты болады, — дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінге, елімізде жиһаз жасайтын, өндіретін компаниялар, шағын ұйымдар жетеді. Әсіресе, жұмсақ жиһаз саласында. Оның біразы өнімін Алматының Барахолкасында сатады екен.

Осы тұста бірнәрсені айтқым келеді. Клиенттің көбі «Ресейдікі екен, Индонезиядан келіпті, түріктер жасапты» деп шетелдік фирмаларға қызығып жатады. Негізінен Қазақстанның үй жабдықтары олардан артық болмаса, кем емес. Басында ескі жиһаздарды жаңалап жүрдік дедім ғой. Сол кезде үй жабдығының іші-сыртын ашып, әйтеуір бір материалдардан жасай салғанын көріп жүрдік. Шетелдікі деп сыртына қызығып, талай клиент сан соғады. Қазір қазақстандық өнім сапалы болып шығып жатыр. Біз бар, бізден басқа қанша компания бар. Клиенттің қалауына қарай жабдықтарды берік, мықты етіп жасап береміз. Тек кейде адам қаражатын есептеп, аз ақшаға орнықты етіп жасауымызды сұрайды, бірақ мұндай жиһаз өте мықты болады дей алмаймын. Жалпы шетелдікі екен деп өзге жиһазға алданудың қажеті жоқ. Одан да қаражатты жинап, аямай төлеп, мықтысын жасатқан тиімді, — дейді Айдос Қастей.

жиһаз

Коронавирус кәсіпке айтарлықтай әсер етті. Бәрі жабылған кезде Айдостың командасы да 42 500 теңге алып, үйде болды. Жұмыс 2-3 айдай тоқтап тұрды. Кейін бәрі ашыла бастағанда олар да жұмысқа кірісіпті.

Цехта аз ғана адам жұмыс істейтінбіз, сондықтан карантин талаптарына сай болды. Ақырындап жұмысқа кірістік. Материал алатын фирмалар жабық болды. Ал біз карантиннің алдында ғана сатып алған жабдықпен тапсырыстарды дайындай бердік, — дейді бизнесмен.

Бизнестегі қызықтар

Айдостың ендігі мақсаты — қала сыртынан жиһаз орталығын ашу.

Осы айда цехты үлкейту жоспарымда болған. Орындалды. Біраз компаниялар цехын жауып, дүкен ашып жатыр екен. Біз оған асықпадық. Әзірше интернет арқылы сатамыз, Instagram-ды дамытамыз. Қаланың сыртынан жиһаз орталығын салу ойымызда бар. Себебі қалада ғимаратты жалға алу қымбатырақ. Ал қаланың сыртындағы жұмыс онсыз да сол жақтан келіп істейтін адамдар үшін жақсы болады. Жолға ақша жұмсамайды, — дейді Айдос Қастей.

Кәсіпкер сұхбатымызда бизнесте жүріп кезіккен қызықтарды айтып берді.

Ғимаратты жалға алғанымыз үшін ақысын төлей алмаған кездер болды. Бір кездері мүлдем клиент болмай, таксистке айналдық. Кейде тапсырыс түсіп, ақшасы төленіп қоятын, бірақ клиент жиһаздан бас тартқан кезде тауардың ақшасын қайтаруың керек. Ал біз сол қаражатты жаратып жіберіп, орнын қалай толтыратынымызды білмей дал болған едік. Біраз қате болды, — дейді ол.

Айдос Қастей
Фото жеке архивінен

Болашақ бизнесменге не қажет?

Дегенмен Айдос қатеден сабақ алып, оны қайталамауды үйренген. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» сөзін кәсіпте жүріп жақсы түсінгенін айтады.

Жиһаз дайындау үшін клиенттің үйіне барып, тұратын орнын өлшейміз ғой. Сосын сол өлшем бойынша жабдықты жасаймыз, бірақ тауарды үйге, бөлмеге кіргізе алмай қиналған кездеріміз болды. Лифтіге, одан қалса есікке сыймай, қайтадан жасаған кездер де өтті. Мұның бәрі тәжірибе болды. Қазір әбден зерттеп, өлшеп, тексеріп қана жасайтын болдық, — дейді Айдос.

Әңгімеміздің соңында кәсіпкер болашақ бизнесмендерге кеңесін айтты. Айдос үшін ең маңыздысы — сүйікті ісіңді табу.

Кәсіппен айналысамын деген адам осы салаға жақындауы керек. Арнайы курстар болса, қалмай қатысып, ортасын да сондай кәсіпкерлермен толықтырып отыруы керек. Достарымен араласпай кету керек деп айтпаймын. Жалпы кәсіптің не екенін түсінетін, көмек қажет болғанда «Бұл былай ғой» деп айтып жіберетін адамдардың ортасында жүрген дұрыс. Сосын ең бастысы – әркім сүйікті ісін табуы керек. Мұғалім болса, курс ашып та, кәсіп жасауға болады. Өзіне ұнайтын іс бірнешеу болса, ішінен бірін таңдап, сол салада тәжірибесі мол адамнан үйренсін. Кез келген істі бизнеске айналдыруға болады, — дейді Айдос Қастей.