Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов Instagram-парақшасында жазды.
Бүгін біздің өңір үшін өте ауыр күн болды. Өрт кезінде қаза тапқан кент тұрғыны Галина Спивакованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сонымен бірге табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға зор денсаулық пен тезірек сауығуларын тілеймін, — деп жазды Даниял Ахметов.
Даниял Ахметов Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау мен көмек көрсетілетінін, өрттен зардап шеккендердің барлығы баспана алатынын айтты.
Бұл жұмыс ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта, расталған ақпаратқа сәйкес, 35 үй мен 9 ғимарат өртенді. Алдын ала есеп бойынша, тұрғын үй мәселесін толық шешу үшін бізге екі жарым ай қажет, — деді әкім.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддерде салынып бітпеген бірнеше көпқабатты үйді сатып алып, құрылысын аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты.
Бұл баспаналар кірпіштен жасалған, бүгін кездесуден кейін біреуінің жағдайын жеке өзім барып көрдім. Таңертең құрылыс компанияларымен бірге қалған үйлерді бағалап шығамыз. Егер кімде-кім көпқабатты тұрғын үйден бас тартса және ескісін жөндеуді талап етсе, біз оны жөндейміз, — деді Даниял Ахметов.
Даниял Ахметовтың айтуына қарағанда, полиция департаменті мен ХҚКО бүгіннен бастап барлық құжатты бірқалыпты тәртіпте қалпына келтіреді.
Мүліктік шығындарға келетін болсақ, төлемдер заңға сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы комиссия жұмыс істеп, шығындардың құнын анықтайды және заңнама ережелеріне сәйкес өтемақымен айналысады, — деді ол.
Өңір әкімі Агротехникалық колледж жатақханасы мен профилакторий базасында зардап шеккендердің барлығын қоныстандыру үшін орындар ұйымдастырылғанын, алдағы екі-үш күнде өрттің себебі анықталатынын айтты.
Еске салайық, кеше Шығыс Қазақстан облысындағы орманның бірінен өрт шығып, Риддер маңындағы Лесхоз ауылында бірнеше үй өртенді. Полиция қызметкерлері оқиғадан екі адам жарақаттанғанын және бір әйел адамның мәйіті табылғанын хабарлады.

