Ғылым, инженерия және қыздар. STEM-жобалар Атырау жастарына қандай мүмкіндік берді?

Ғылым, технология, инженерия және математика - осы академиялық бағыттарды біріктіретін бағдарламаны STEM деп атайды. Білім беру бағытына қарамастан, бүгінде STEM экономиканың барлық саласында қолданылады, өйткені бұл әдістеме автоматтандыруға және инновацияларды қолдануға негізделген.

Baribar “Атыраудың қанаттары” cериялық жобасының аясында AYDI арқылы Атырауда STEM бағытын дамытуға атсалысып, әйелдердің инженериядағы ролін арттыруға күш салып жүрген жас – Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, Назарбаев универсиетінің студенті  Мадина Мулюковамен сұхбаттасты. 

Мадина Мулюкова
Фото: Мирас Тыныштықов

Мадина 1-курста оқып жүргенде NU Women in Engineering Club (NU WEC) атты клубтың президенті болып сайланған. NU WEC – әйелдердің инженериядағы ролін арттыруға бағытталған Назарбаев университетінің қабырғасында қалыптасқан студенттік клуб. Клуб жетекшісінің басшылығымен қазіргі кезде бірнеше сәтті жоба жүзеге асып жатыр.

STEM саласындағы табысты қазақстандық әйелдерден ай сайын онлайн дәрістер аламыз. Клуб арқылы осы уақытқа дейін 20-дан астам спикер 300-ден астам тыңдаушыға дәріс оқыды. Олар ғылыми жобалар өткізу, бакалавриаттан кейін шетелде білім алу, жеке өмір мен мансап арасындағы тепе-теңдікті сақтау, қиын кезеңдер және мәселелерді шешу жолдары, олардың техникалық саладағы тұлға болу тәжірибесін бөлісті, – дейді клуб президенті.

Мадинаның басшылығымен қазір жоғары сыныптың оқушы қыздарына арналған “Инженерияға кіріспе” атты әлеуметтік жоба жүріп жатыр. Бұған, STEM-де кәсіптік бағдарлау жобасына кейіпкеріміз құрбысымен бірге грант жеңіп алған. Жоба мектеп оқушыларымен (қыздармен) сабақтар мен түрлі іс-шара өткізе отырып, олардың STEM бағытын “өзінікі” екенін, инженерлікпен айналысқысы келетінін түсінуіне көмектеседі.

Бұл жоба инженерияның теориялық және практикалық бөлімдеріне негізделген 6 апталық курсты қамтиды. Жобаның теориялық бөлімінде Назарбаев университетінде оқытылатын алты инженерлік бағытты бөле отырып, оқушыларға алты дәріс беріледі. Ал практикалық бөлімінде оқушылар шынайы мәселелерді шешетін, инженерлік шеберлікті қажет ететін технологиялық жобаларды құруды үйренеді, – дейді Мадина Мулюкова.

Бұған қоса, студенттік клуб университет студенттеріне арналған тәлімгерлік бағдарламаны жүргізіп жатыр. Бұл бағдарламада олар STEM-дегі табысты қазақстандық сарапшылармен жеке байланысып, өзіне қажет сұрақтарға жауап таба алады, нетворкиң қабілеттерін дамытады.

Мадина Мулюкова
Фото: Мирас Тыныштықов

Мадинаның байқауынша, жастардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы жанына жақын мамандықты таңдай алмай жүреді. Өзі де дәл сондай қиындықты өткерген. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол кішкентай кезінде техникалық ғылымды таңдайтынын тіпті елестете алмаған. Себебі айналасында осы салада жүрген ешкім болмаған.

Отбасым, жақындарым – гуманитар бағыттың мамандары. Маған, әсіресе, география, тарих, экономика пәндері жақынырақ. Бірақ жаныңа жақын нәрселердің барлығы бірдей мамандық бола бермейді. Бастауыш сыныптарда маған математикадан тапсырмалар бергенде тынысым тарылатын. Бұл бағытта керемет студент болған емеспін және көбіне “өте жақсыдан” гөрі “жақсы” немесе “қанағаттанарлық” бағаның деңгейінде есептер шығаратынмын. Қаламмен жазудың алғашқы сәтінде таза параққа қараудың өзі әлі күнге дейін мені қатты қорқынышқа бөлейді. Алайда қорқыныш пен сәтсіздікке қарамастан, математиканы жоғары өнермен байланыстырамын. Шарт құрудағы еркіндік, мәселені шешу әдістерін таңдау, есептеулер – осының барлығы маған креативті арттыруға, жаңа жолдарды табуға шабыттандырады. Математиканы және онымен байланысты барлық бағытты қызық деп санаймын. Сондықтан болар, мен өмірімді STEM-мен байланыстыруды жөн көрдім, – дейді ол.

Мадина Мулюкова
Фото: Мирас Тыныштықов

Кейіпкеріміздің STEM бағытында тұлға ретінде қалыптасуына мектептегі ұстаздары, университеттегі тәлімгерлері әсер еткен. Олардың қызметіне адалдығы мен сүйіспеншілігі, мамандықтарына шынайы қызығушылығының арқасында Мадинада пәндерді оқуда ешқандай мәселе болмаған.

Мадина – қазіргі уақытта кезінде өзі білім алған Jaspace STEM Lab-та тренері. Мұнда жастар білім беру ресурстары мен жабдықтарына қол жеткізе алады, ал кәсіби жаттықтырушылар оқушыларға көмектеседі, бағыт береді. Білім беру бағдарламасы жастардың қажеттіліктерін ескере отырып құрылған және бейресми оқыту қағидаттарына негізделген.

Мадина Мулюкова
Фото: Мирас Тыныштықов

Jaspace-те жұмыс істеуді жақында бастасам да, берілген мүмкіндіктерге өте ризамын. Кәсіби қолдаудың арқасында білімімді тиімді және шектеусіз бөлісе аламын. Jaspace бізге STEM курстарын өткізу үшін арнайы орын мен ресурстар арқылы қолдау көрсетеді. “Инженерия кіріспесі” әлеуметтік жобамызды жүзеге асыруда бұл өте маңызды аспект болды. Команда мүшесі болу арқылы STEM курстарын оқыту туралы сұрақтар туындаса, кез келген уақытта Jaspace сарапшыларынан (менеджерлер мен жаттықтырушылардан) сұрай аламын. Jaspace-тің моральдық қолдауы да өте маңызды. Менеджерлердің маған мейірімділігі, шынайы қызығушылығы мен сенімі арқасында қабілеттеріме күмәнданбаймын және STEM курстарына өзімнің мазмұнымды жоғары сапада дамытамын, – дейді Мадина Мулюкова.

Кейіпкеріміз Jaspace-тің жастарға беретін мүмкіндіктері туралы білгенде қатты таң қалғанын айтты. Құрбысы Толқын екеуінің жобасының қолдау көруі мәселені басқа қырынан қарауға көмектескен.

STEM-дегі гендер теңсіздігі оның дамуына көп зиян тигізеді. Алайда қазір жасап жатқанымның негізгі мәні – өзіңе ұнайтын іспен айналысуды ұғындыру. Сондықтан STEM-ге қызығушылық танытқан қыздарға осы салаға не себепті батыл қадам жасауы керек деген сұраққа жауап бергім келеді. Менің жауабым: сәтсіздіктерден, қалыптасып қалған әлеуметтік таңбалардан және эксперименттерден қорықпаңыз. Сайып келгенде, сізде “Мен өзім қалағандай өмір сүріп жүрмін бе?” деген сұрақ туады. Бұған жауап беретін – тек қана сіз. Біздің қоғамда қыздарға өз қалауымен жүру, шешім қабылдау қиын. Дегенмен қазір оларды қолдайтын жаңа бағдарламалар, жобалар көп. Егер өзіңіз таңдаған жолмен жүрсеңіз, бүкіл ғалам сізге мақсатыңызға жетуге көмектеседі, – дейді Мадина.

Мадина Мулюкова
Фото: Мирас Тыныштықов

Оның пікірінше, Қазақстан STEM-нің жедел және қарқынды даму жолына түсті. Еліміздің көптеген ірі қаласында ғылым, технология, инженерия және математика салалары бойынша жас дарындарды қызықтыратын және қолдайтын ұйымдар жұмыс істеп жатыр.

Қазақстанның STEM бағытында дамуының үлкен әлеуеті бар екенін көрсететін жастар бастамасының жарқын мысалы – beyondcurriculum қоғамдық ұйымы. Жас болуына қарамастан, STEM бойынша Қазақстанның жас ұрпағына үлкен оң әсер тигізеді деп ойлаймын. Мен де идеяларымды әрі қарай жүзеге асырып, мектеп оқушыларына технология әлеміне біртіндеп ғашық болуға көмектескім келеді. Технология саласындағы жаңалықты бөлісу, ғылым әлеміндегі соңғы тұжырымдамаларды, нақты және шындыққа жатпайтын жағдайларды талқылау, мүлдем жаңа нәрселерді үйрену және өнертабыстармен танысқаннан кейінгі әсерді бөлісу – бәрі керемет қызық. Мұндай тәсіл тіпті бастауыш сынып оқушыларының назарын аударып, оларға STEM сұлулығын  көрсете алатынына сенімдімін, – дейді Мадина Мулюкова.

Материал Chevron, British Council, AYDI қолдауымен жасалған

British Council Сhevron aydi