Ресми ақпарат бойынша Жамбыл облысындағы 7524 мемлекеттік қызметкердің 0,7%-ы, яғни 51 қызметкер мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Олардың басым көпшілігі негізінен Жамбыл облысы ішкі істер департаменті мен Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жұмыс атқарады.
Осыған орай облыстағы мемлекеттік қызметкерлер арасында алғаш рет тіл сауаттылығын арттыру мақсатында «Тіл сауаттылығы — басты міндет!» атты онлайн режімінде ашық жаппай диктант жазу акциясы өтті. Шараға барлық аудан мен Тараз қаласынан 700-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысып, нәтижесінде үш-ақ қызметші барлық мәтінді қатесіз орындап, «5» деген баға алыпты. Сондай-ақ, 57 қызметшіге «4» деген баға, 161-іне «3» деген баға қойылған. Ал 447 қызметші, яғни қатысушылардың 67 пайызы «екілік» арқалап қайтқан.
Айта кетейік, Жамбыл облысындағы 87 этностан құралған 304 951 өзге ұлт өкілдерінің 61 пайызға жуығы — қазақ тілін еркін меңгергендер.